Ақпараттық портал

Түтіні түзу мекен

Ауыл – қызу еңбектің қайнаған ортасы. Оның табиғатынан, тіршілігінен, тіпті әрбір қариясының келбетінен берекенің бейнесін көресіз. Жылдың төрт мезгілінде ауылдағы ағайын қарбаласып жатады. Себебі олар жаздың бір күні қыстың мың күні екенін терең ұғынады.
Байтақ Отанымыз үшін ауылдың орны қашан да бөлек. Сондықтан осыны жете түсінген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауылға мейлінше көңіл бөліп, ондағы тұрғындардың табысын арттыруға арналған түрлі бағдарламаларды ұсынып отыр. Бағдарламалардың баяндылығы мен жобалардың жақсылығына шаруалар да куә болып, кәсіптерінен нәсіп теріп отырған жайы бар.
Кешегі кеңестік кезенде даңққа бөленген, сондай ел-жұрты бар ауылдардың бірі – Далақайнар ауылы. Оның бүгінгі бет-бейнесінен де тіршілігі жолға қойылғанын байқаймыз. 2020 жылдан бері Болат Ошанов сынды жас әкім басқаратын бұл ауылда атқарылған жұмыстар аз емес. Келешекке негізделген жоспарлары да жоқ деуге келмейді.

1353 тұрғын мекен ететін ауылдағы 16 көшеде 255 аула бар. 16 көше бойымен таза ауыз су тартылған. Тұрғындардың тең жартысы экономикалық белсенді. Олардың көпшілігі мал өсіріп, егін егумен айналысады. Кәсіпкерлері де табысты тірлік кешуде. Ауыл әкімі Болат Ошановтың айтуынша, елді мекенде 127 шаруа қожалығы тіркелген.
Ал, Далақайнар ауылының жалпы жер көлемі 56816 гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлері 46683 гектарды құрайды. Оның 11791 гектары егістік, 2211 гектары суармалы жер. Ауылдың төрт түлігі 34867 га жайылымдық жерді өріс етуде. 2023 жылы «Жиделі» шаруа қожалығы «Каз агро финанс» арқылы 2 – YTO трактор техникасын 42 млн теңгеге сатып алды.
Ауыл әкімінің ұсынған мәліметі бойынша, биылғы өнімге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемінің жоспары бойынша күздік бидай – 200 га, жаздық арпа – 1600 га, дәндік жүгері – 300 га, мақсары – 1250 га, күнбағыс – 40 га, қант қызылшасы себілгені – 10 га, картоп – 155 га, көкөніс – 1710 га, бақша – 1690 га, сүрлемдік жүгері –410 га.
-Ауылда мүйізді ірі қара саны – 2032 бас, жылқы – 1242 бас, уақ мал – 20460 бас, үй құстары – 3300 бас. Мал емдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Ақпан айында және соңғы рет қыркүйек айында ауыл ішіндегі иесіз иттер ауланды. Жалпы елді мекендегі жайылымдылық жердің көлемі 3455 гектар болса, 2022 жылы аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі арқылы ауылдың жайылымдық жері 2022,5 гектарға ұлғайтылды. Сол секілді 4 шаруа қожалықпен меморандум жасалып, жалпы халықпен бірлесе отырып, малдарын жаюда,-дейді Болат Жақсылықұлы.
Жүгенді рөлге ауыстырған ағайын жолдың тақтайдай тегіс болуын қалайды. Оның үстіне әрбір жиында жұртшылық жолдың жайын көтеретіні белгілі.
Жоғарыда айтқандай, Далақайнар ауылындағы 16 көшенің жалпы ұзындығы 12,78 шақырымды құрайды. Оның ұзындығы 8,72 шақырымды құрайтын 8 көшесіне асфальт төселген. Биыл ауылдағы М.Ғабдулин, Бөлтірік және Б.Момышұлы көшесіне құны 39 млн 675 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, 5 көше орташа өндеу жұмыстарын қажет етеді.
Жолдан кейінгі жұртшылық сұранысы жарық болған еді. Аталған ауыл бойынша 13 көшеге түнгі жарықтандыру жүргізілген. Қалған көшелер өз кезегін күтуде. Сонымен бірге биыл ауылға балалар ойнайтын алаң салынғанын атап өткен жөн.
Тұрғындарды жұмыспен қамту ауыл әкімдеріне жүктелген жауапты міндет. Сондықтан бұл мәселе ел тізгінін ұстаған жандардың жадынан шықпауы тиіс.
Ауыл әкімінің айтуынша, 2023 жылы жұмыссыз ретінде 33 азамат тіркелген. Биыл сол 33 далақайнарлық ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Одан бөлек, Мансап орталығы арқылы «Бастапқы жұмыс орны» жобасымен бір адам еңбек жолын бастаған. Осы жылы ауыл бойынша атаулы әлеуметтік көмек алуға 5 тұрғын жүгінген.
-Көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығы аясында жеміс ағаштары отырғызылып, ауылдағы мекеме қызметкерлерінің және қоғамдық жұмысшылардың көмегімен көшелердегі бағаналар әктеліп, сырланды, арық-каналдар, кездейсоқ күл–қоқыстар орыны тазаланып, арнайы қоқыс тастайтын орынға шығарылды. Аула ішіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау бойынша ауыл тұрғындарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен жиын өткізіліп, ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан ауыл азаматы аптасына екі күн әр ауланың тұсынан «Газел» автокөлігімен қоқысты жинастырып, ауылдың сыртында орналасқан арнайы қоқыс тастайтын орынға шығарылуда,-дейді Б.Ошанов.
Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Далақайнар ауылының азаматтары бұрыннан бері мәрттігімен дараланған. Сол тәрбиені алып, ата-ананың тәлімін бойға сіңірген кейінгі буын да сара жолды жалғап, түлеп ұшқан ауылдарына қарайласуды қаперінен шығармаған.
Мәселен, былтыр осы ауылдың 1985 жылы туған жомарт түлектері асарлатып, жас отбасыға 3 млн теңгеге баспана алып берген болатын. Дәл сол жылы ауыл мешітінің жанынан ауыл тұрғындарының және шаруа қожалық басшыларының демеушілігімен асхана құрылысы басталған. Сондай-ақ 1 шаруа қожалық иесі 4 электр тарату қондырғыларына қоршау жұмыстарын жүргізуге демеушілік еткен.
Жанды жылытып, мейірді тасытатын дәстүр биыл да жалғасын тапқан. Атап айтқанда, ауылдың 1976 жылы туған аптал азаматтары асарлату әдісімен мұқтаж жанға баспана тарту еткен.
Ал, ауылдың 1984 жылы туған түлектері кіреберіске арка орнатып берді. Бұдан бөлек, ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға қайырымды жандар қарайласып, әр мерекеге орай сый-сияпат жасап тұрады.
-Ауылымыздың шаруа қожалық басшыларының демеушілігімен 10 бас қой еті және азық-түлік себеті жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты жандарға таратылды. Әр ай сайын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті таратылуда,-дейді ауыл әкімі Б.Ошанов.
Далақайнар ауылында жастардың спортпен шұғылдануына да қажетті жағдайлар жасалған. Соған сәйкес ауыл спортшылары да түрлі сайыстарда жетістіктерге жетіп жүр. Оған биыл ашылған жаңа кіші футбол алаңы да серпін сыйлайтыны сөзсіз. Жалпы алғанда осы жылдың 8 айында ауылда 4 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 360 адам қамтылған.
Халқымызда өртті тілсіз жау дейді. Сондықтан бұл мәселеге сақтықпен қараған жөн. Ол үшін тиісті жұмыстарды жүргізіп, дала өртінің алдын алған мақұл. Болат Жақсылықұлының айтуынша, өрт қауіпсіздігі бойынша ауыл тұрғындарымен және шаруа қожалық басшыларымен жиын өткізілген. Сонымен қатар түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, билборд ілініп, ақпараттық парақшалар таратылған. Ауыл бойынша өртке қарсы 10 адамнан тұратын ерікті топ жасақталған. Өрт болған жағдайда тракторларды тарту үшін 4 шаруа қожалық басшысымен келісімшарт жасалынып, жанар-жағар майы бөлінген.
Далақайнар ауылында тұрғындар игілігі үшін бірқатар әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Оның ішінде 1–орта мектеп, 1–дәрігерлік амбулатория, 1-бөбекжай бақшасы, 1 – ветеринариялық пункт, 1–пошта байланысы,1–мұсылман мешіті, 1–учаскелік полиция бөлімшесі, 1–кітапхана халыққа қызмет етеді. Алайда, ауыл тұрғындарына мәдени ошақ қажет болып отыр. Себебі ескі ауылдық клубтың апатты жағдайда болғанына біраз жылдың жүзі болды. Ал, мәдениет қызметкерлері әзірге ауылдық әкімшілік ғимаратын паналауға мәжбүр.
Далақайнар ауылындағы мәселенің бірі – «Кәусар» бөбекжай бақшасы шатырының тозығы жеткендігі. Сондықтан 1960 жылы салынған нысанның шатырын ауыстыру керек. Алдымызда жауынды-шашынды мезгіл бар екенін ескерсек, ертерек қам жасаған дұрыс. Болат Жақсылықұлы сметалық құжаттамасы әзірленіп, білім бөліміне ұсынылғанын айтып отыр.
Сондай-ақ 1964 жылы соғылған Т.Әшімбаев атындағы орта мектебі күрделі жөндеуге сұранып тұр. Бұған дейін жапсарлас ғимараты сыр берген білім ошағын қоршау жұмыстарын да жүргізу керек. Оның қажеттілігі айтпаса да белгілі.
Мұнан соң ветеринарлық пункттің жанына мал емдейтін орын салу өзекті мәселе болып отыр. Себебі малмен күнелтіп отырған ауылда ауру-сырқаудың дер кезінде емделуі маңызды.
Әкім болып сайланғалы бері игі істердің басы-қасында жүрген жас әкім Болат Ошанов атқарылған шаруалардың шет жағасын таныстырып өткен соң, алдағы жылдың еншісіне белгілеген жоспарларымен де бөлісті.
-Келер жылы С.Естемесов көшесіне -0,666 шқ, Т.Әубәкіров көшесіне-0,585 шқ орташа жол жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Аталған екі көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауыл тұрғыны өз қаражаты есебінен азық-түлік дүкені мен дәріхана құрылысын салуда.
Сондай-ақ жерлестерімізге қуаныш сыйлаған «Асар» жобасын жалғастыру үшін мектеп түлектерімен келіссөздер жүргізілуде. Осылайша, ауылға түтін қосып, ағайынға қарайласуды мақсат етіп отырмыз,-дейді Болат Ошанов.
Кешегі кемеңгерлердің «Тірі болсам, халыққа қызмет етпей қоймаймын» деген серті болған. Бұл уағда әрбір әкім мен азаматтың көкейіне орнауы қажет. Сонда ғана туған ауылымыз түлеп, тынысымыз ашыла түспек.
Ауыл – ықылымнан ырыстың ордасы. Береке мен бірліктің ұясы. Онда ел тілеуін тілеп отырған ата-әжелер бар. Үкіметтен үміт күтіп отырған жамағат бар. Сондықтан жастық жігерді елге еңбек етуге арнаған абзал.
Болат Ошанов ел тілегін ескеретін азамат. Сондықтан әкім мен әлеуметіне әмәнда жақсылық тілейміз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.