Ақпараттық портал

Бірлігі бекем, тірлігі келісті.

Халқымыз үшін ауылдың жөні бөлек. Дәл сол секілді ел экономикасы үшін де ауылдың маңызы мысқал да кем емес. Себебі жейтін етіміз, ішетін сүтіміз, киетін киім мен дастархандағы нанымыз шаруалардың ақадал еңбегімен келеді. Сондықтан болар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әр жиында, әрбір Жолдауда қара орман халықтың халін жақсартуға бағытталған нақты тапсырмаларды жүктеп, ауылдың әл-ауқатын арттыруға баса назар аударып келеді.

Шу ауданындағы Балуан Шолақ ауылдық округі берекесі шалқыған бейнеткерлердің мекені екені белгілі. Аталмыш ауылдық округті бір жылдан бері жас әкімдердің бірі – Данияр Сандыбаев басқарады. Жас та болса, ел тізгінін қолға алған азаматтың жыл ішіндегі жұмыстарына көз жүгіртіп, түйінін тарқатқан тіршіліктерін басылым бетіне жариялауды жөн санап отырмыз.
Құрамына Балуан Шолақ, Жиделі және Прудхоз сынды 3 елді мекен кіретін округтің орталығы қазақтың халық композиторы әрі күрес өнерінің көрнекті өкілінің есімімен аталады. Әкімшілік орталықтағы 9 көше мен 354 аулада барлығы 1948 адам тұрады. Оның басым көпшілігі қазақ болса, қалғандары 13 этностың ұрпақтары. Бүгінде ауыл тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақта өмір сүріп жатқан жайы бар.
Ауыл тұрғындарына қажетті әлеуметтік нысандардың барлығы округте орналасқан. Оның ішінде оқушылар үшін М.Ғабдуллин атындағы орта мектебі, басы ауырып, балтыры сыздағандарға дәрігерлік амбулатория, бүлдіршіндерге «Амира» балалар бақшасы, төрт түлігінің саулығын ойлағандар үшін ветеринариялық пункт, ауылдықтарға Мәдениет үйі мен пошта бөлімшесінің есігі айқара ашық.
Ауыл дегенде мыңғырған малдың шуы құлаққа келіп, егін даласында атой салған диқандардың тынымсыз тіршілігі көз алдымызға елестейді. Оның үстіне тұрғындардың негізгі күн көрісі қара жерге тікелей байланысты. Округ әкімі Д.Сандыбаевтың ұсынған мәліметінше, ауылда мал шаруашылығы жолға қойылған.
-Ауылдық округ бойынша жалпы жер көлемі 100 815.1 га, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 55938,8 га, елді мекен жері 4701 га, су қоры жері 356 га. Сонымен қатар, округ бойынша 89 жеке шаруа қожалық тіркелген, оның ішінде тұрақты түрде мал шаруашылығымен айналысатын 40 қожалық және 11 егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары өз жұмысын атқаруда,-дейді Данияр Көкталұлы.
Одан бөлек, балуаншолақтық-тардың жеке меншігіндегі мал басы түгелдей есепке алынған. Бүгінгі таңда округте 44 861 бас уақ мал, 3 628 бас МІҚ, 2019 бас жылқы мен 2130 үй құстары бар. Сонымен бірге, округ әкімі аймақ бойынша эпизоотикалық жағдай тұрақты екенін, қазіргі уақытқа дейін аса қауіпті аурулар тіркелмегенін айтып отыр. Ветеринариялық іс-шаралар да жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әкімдерге пайдаланылмай жатқан жерлерді халық қажетіне қайтару міндеті жүктелген болатын. Сол секілді тұрғындарға жайылымдық жерлердің тар болмағаны қажет. Осы үдеден шыққан округ әкімі бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарған.
-Мәселенің өзектілігін ескере отырып, ең бірінші ауылдың жайлымдық жерге деген проблемасын шешу мақсатында аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен бірлесе отырып, округке қарасты «Ерназар – Теңлік» ЖШС-нің пайдаланылмай жатқан 9 800 га жайылымдық жері анықталып, ол ауыл теңгеріміне қайтарылып, жайылым жердің мәселесі түбегейлі шешілді.
Бұған қоса, округке қарасты Жиделі ауылының жайылым жер мәселесін шешу мақсатында, ауыл маңында бос жатқан 500 га жер анықталып, шекарасы белгіленіп, ауыл тұрғындарына пайдалану үшін берілді.
Сонымен қатар, жер қатынастары бөлімімен бірлесе отырып жұмыс жасап, бау-бақша шаруашылығын жүргіземін деп ниет білдірген ауыл тұрғындарына округе қарасты бос жатқан суармалы жерлерді анықтап, суармалы жері жоқ 54 азаматқа бау-бақша егу мақсатында 1 гектардан жер үлестірілді,-дейді Д.Сандыбаев.
Суды тіршілік көзі санайтын шаруалар биыл су тапшылығы туралы дабыл қаққан болатын. Бірнеше жиындар өткізіп, басшылықтан осы мәселені шешіп беруді сұраған еді. Аталған түйткілдің тарқатылу жолын да округ әкімі бізге жеткізді.
-Шаруа қожалықтарының егістік жерлеріне ағын су Ақтөбе каналы арқылы жеткізіледі. Осы Ақтөбе каналына 2019 жылдан ИДЖЖ-2 (ПУИД-2) бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 90 пайыз жұмыс аяқталды. Келесі жылы вегетациялық кезеңге толықтай дайын болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ су пайдаланушылармен жиындар өткізіліп, суды пайдалану кезінде туындайтын мәселелер жөнінде сын-ескертпелер айтылды,-дейді ауыл әкімі Данияр Көкталұлы.
Тағы бір байқағанымыз, аталмыш ауылдық округте тазалық мәселесі реттелген. Ауыл басшылығы екі жаққа да тиімді жолды таңдап, күн тәртібінен бұл мәселені сызып тастаған. Себебі ірі қалалардың қоқыс тазалау жүйесі осы ауылдың бар көшесінде қызмет жасап тұр. Аптасына 2 рет ауылішілік көшелерді қоқыс жинау үшін арнайы жүк көлігі аралап, көше бойынан қапқа салынған қоқысты жинап алады.
Сондай-ақ, қоғамдық жұмысшылар және ауыл тұрғындарының күшімен көше бойы, мекемелер айналасы, арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылып тұратын көрінеді.
-Бұл әкімдік тарапынан ауыл үшін бір игі іс болды, себебі кейбір тұрғындардың қоқысты полигонға апаруға көлігі жоқ немесе ауыл сыртына тастап кетеді. Ал қазір, ауылымыз әлдеқайда тазарып, белгіленген уақытта қоқыс шығаратын көлігімізді күтіп отырады,- дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Ауыл әкімінің жұмысы атқарылған шаруалармен бағаланатыны белгілі. Оның үстіне ауыл халқын қолдауға бағытталған мүмкіндіктерді мейлінше пайдаланған дұрыс. Сондай берекелі бастамалардың бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы. Әр ауылдың қуанышын еселеп отырған жобаның шарапаты Балуан Шолақ ауылдық округіне де тиіп отыр. Өйткені былтыр «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 1,65 шақырым болатын Бармақ көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, орталық көше бойына балаларға арналған шағын ойын алаңы салынып, ата-аналар үшін көлеңкелі орындықтар қойылған. Бұған қоса, негізгі көшеге заманауи үлгідегі түнгі жарық шамдары орнатылған.
Жиделі ауылы тұрғындарының өтінішін орындау мақсатында елді мекенге кіші футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңшасы салынды. Сондай-ақ Прудхоз бөлімшесінің тұрғындарының өтінішіне байланысты Пантай, Нұрай көшелеріне шағал тас төселді.
Тағы бір айта кетерлігі, ауылдағы 9 көшенің төртеуіне асфальт төселген. Сондай-ақ Жиделі бекетінің тұрғындары да келер жылы 5 келушіге арналған фельдшерлік амбулаториялық пункттің ашылуын асыға күтіп отыр. Себебі бұл тұрғындардың көптен бері көтеріп жүрген мәселесі болатын.
Округ әкімінің айтуынша, Су тарату станциясының ғимараты 2006 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде ауыл тұрғындарымен 177 келісімшарт жасалынып, рұқсаты бар 177 үй және 6 мекеме таза ауыз суды тұтынып отыр.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту да әкімдерге жүктелген жауапкершіліктің бірі. Өйткені қазір екі қолға бір күрек табуды ойлайтын жандар жетерлік. Ерекшелікке қарай ауыл жастарының басым көпшілігі ата кәсіппен айналысып, аға буынның жолын жалғап жүргенін айта кету керек.
-Жыл басынан бері 53 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. (тұрақты жұмыс орнына 2 адам, «Алғашқы жұмыс орны» бойынша 1 адам, «Ұрпақтар сабақтастығы келісімшарты» бойынша 1 адам, Жастар практикасымен 4 адам, ақылы қоғамдық жұмыс орнына 39 адам).
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуы бойынша 5 өтініш түсіп, бірінші тоқсанда 3 отбасына, екінші тоқсанда 1 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды,-дейді округ әкімі Д.Сандыбаев.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласында 6 дүкен, 1 дәріхана, 1 ветеринариялық дәріхана халықтың қажеттілігін қамту мақсатында жұмыс істеуде.
Балуан Шолақ ауылдық округінің тағы бір үлгілі ісі сауапты амалдың айналасына топтасуында дер едік. Себебі, ауылда ауызбіршіліктің нәтижесінде көптеген сұрақтар шешілген.
Мәселен, ауыл әкімшілігінің ұйытқы болуымен және ауыл азаматтарының демеушілігімен орталық көше бойында орналасқан шағын футбол алаңының жасанды төсенішін ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, шағын саябақ та қоршалып, ішіне сәндік ағаштар отырғызылған.
Ұшқан ұясын ұмытуды ар көретін түлектер өз ауылдарына жыл сайын сыйлық жасауды әдетке айналдырған. Мысалы, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің демеушілігімен «Туған жер» саябағы салынған. Бұл орын бүгінде ауыл тұрғындарының демалатын орнына айналып, аумағы көркейіп келеді.
Сондай-ақ демеушілер «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 40 оқушыны мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ жуырда ғана ауылдық округтегі тұрмысы төмен, көпбалалы 14 отбасыға өрттің алдын алу бойынша көміртегіге қарсы сенсорлы датчик орнатылған.
Жетістіктер болған жерде бір кем дүние болатыны анық. Сол себепті көптің көкейінде жүрген мәселелерді де жіпке тізуді жөн санап отырмыз. Оның алғашқысы ауыл тұрғындарының көгілдір отынға қосылу арманы болып отыр. Ауданның бірқатар ауылдарына жеткен игілікті округ тұрғындары да көксейді. Одан кейін үш ауылға қызмет көрсететін дәрігерлік амбулаторияға берілген жедел жәрдем көлігінің әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан науқастарды аудан орталығына жеткізуге бет алғанда көліктің жолда қалатын кездері жиі орын алатын көрінеді.
Балуан Шолақ ауылындағы тағы бір түйткіл басқа ауылдарға ортақ мәселе – электр желісі мен бағаналардың тозығы жеткендігі. Әкімшілік орталықтағы 8 көшеде ұзындығы 30 шақырым желінің бүгінде 85 пайызы көнетоз. Сондықтан бұл күрмеуі қиын мәселені шешуге қазірден бастап жұмылу қажет.
Аталған мәселенің барлығы округ әкімі Данияр Сандыбаевтың қаперінде әрі жұмыс жоспарына енгізілген. Сондықтан аудан басшылығының көмегімен бұл мәселе болашақта шешіледі деген үміттеміз.
Бірлікті ту етіп, берекені көздеген Балуан Шолақ ауылдық округінің болашағы баянды боларына бек сенеміз. Алыптар тербелген ақ бесіктен Алашқа қызмет етер азаматтар өсе берсін!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.