Ақпараттық портал

Шудың шынарларымен кездесу өтті

Қазақтың кемеңгер ақыны Сәбит Дөнентаев өзінің өлең жолдарында «Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артыңда» деген екен. Бұл сірә халқын сүйіп, оған қызмет еткен жандар туралы айтылған лебіз болуы керек. Сондай жандардың қатарына қалам ұстаған қауымды жатқызуға әбден болады.
Осы ұстанымды қағида еткен орталық кітапхана қызметкерлері жуырда ғана Оразалы батыр ауылының Мәдениет үйінде шуақты шара өткізген болатын. Нақты айтқанда кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Кітапхана керуені» жобасы аясында Шу өңірінен шыққан, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген ақын-жазушылар шығармашылығын насихаттауға арналған «Шудан шыққан шынарлар» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
Аталмыш кешті осы жолдардың авторы жүргізіп отырды. Осы күні оқырмандар жергілікті зиялы қауым өкілдері, әрі қаламды қару еткен ақын-жазушылармен жүздесті. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ардагер журналист А.Қосақов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Т.Молдақұлов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Шу өңірінің Құрметті азаматы, айтыскер ақын Б.Асқаров, таяуда ғана Шу ауданының Құрметті азаматы атанған ақын, «Тамызда тамған тамшылар», Жусанды дала жырлайды», «Дала төсіндегі ән» атты кітаптарының авторы Мәлібектің Сәті, «Баласағұн нақыштары», «Түлектер» атты кітаптардың иесі, ақын Т.Әлханұлы кездесудің құрметті қонағы болды.
Сонымен қатар, шараға ауыл ақсақалдары мен тұрғындары арнайы шақырылды. Кеш барысында Оразалы батыр ауылдық клубының меңгерушісі Гулжанат Орашаева «Жастарға өсиет» термесін орындап берсе, Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебінің оқушылары ақындардың өлеңдерін оқып, ән мен биден шашу шашты. Сырлы сұқбат өрілген әсерлі кеште жастар шығармашыл тұлғалардың туындыларымен, адами болмысымен, рухани дүниесімен жақын таныса алды. Өлең десе өзгеше күй кешетін жастар ақындардың жүрегін жарып шыққан жырларымен сусындады.
Әрине, кездесуде ақындарға сұрақтар қойылып, қонақтар тарапынан тұшымды жауаптар берілді. Сондай-ақ, жергілікті қаламгерлерге арнайы кітап көрмесі ұсынылды.
«Шу ауданында ақын көп емес, олардың жырын жатқа оқу өскелең ұрпақтың міндеттерінің біріне айналса, жақсы болар еді» деген Жайлау Қалиев ақсақалдың пікірі көпшіліктің көкейіне көркем ой салды.
Қазақтың қара өлеңі жаңғырған кеште ауыл әкімі Айдар Айтбай осынау кештің жергілікті ақындардың беделін тереңдете түсетінін айтты.
Іс-шара соңында орталықтан-дырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Әлжанбаева мәртебелі меймандардың шығармашылығына шабыт тілеп, өзінің өзекжарды тілегін жеткізді. Сонымен бірге сый-сияпаттарын тапсырып, ерекше құрмет көрсетті.
Ұлжан Жаңабаева,
Шу аудандық ОКЖ әдіскері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.