Ақпараттық портал

Жерлестерімізге жолдама берілді

Өнер мен мәдениет кез келген қоғамның өрісі мен тынысы. Сол секілді мәдениет ұлттың мәйегі саналады. Халыққа рухани демалыс сыйлайтын мәдениет қызметкерлері әрбір жетістіктен шабыт алары сөзсіз. Себебі көрермендердің қошеметіне бөленіп, дүбірлі додалардан дара келу мамандардың тынысын аша түседі.
Сондай санаттағы жандар Шу өңірінде де жетерлік. Кешегі майталмандардың ізін жалғастырып келе жатқан олардың жеткен жетістіктері жетерлік, жеңістері де аз емес. Бұл сөзімізді жуырда өткен фестиваль салмақтап бермек.
Қараша айының алғашқы күндері Тараз қаласындағы “Достық үйінде” мәдениет және өнер қызметкерлерінің “Рухани қазына -2023” фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өткен болатын. Аталмыш сайыста 17 номинация бойынша 39 қатысушы бақтарын сынаған. Қазылар алқасы үздік деп тапқан сала мамандары республикалық кезеңге жолдама алды. Олардың арасында жерлестеріміз де бар.
Мәселен, “Мәдени-демалыс ұйымдары арасында үздік режиссер -2023” номинациясымен аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мақсұт Мақсат марапатталып, мерейі үстем болды. Сонымен қатар өнерлілер өлкесі саналған Көктөбе ауылдық мәдениет үйі “Ең үздік ауылдық мәдениет үйі -2023” номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Ауданымыздың әлеуетін танытқан жандар 27 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңіне жолдама алды. Сайыс соңында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Жүнісбай үздіктерді жеңістерімен құттықтап, алдағы айтулы додада топ жаруларына тілек білдірді.
Біз де басылым атынан қуанышқа бөленген мәдениет қызметкерлерін жеңістерімен құттықтап, алдағы аламанға сәттілік тілеуді жөн санадық.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.