Ақпараттық портал

Жайдарман маусымы басталды

Жуырда Шу қалалық Мәдениет үйінде жастар асыға тосатын «Жайдарман» ойындарының жаңа маусымы басталған болатын. Аталған шараның өтуіне Шу қаласы әкімі аппараты мен қалалық Жастар ресурстық орталығының мұрындық болғанын атап өткен жөн.
Қағытпа қалжың сайысын белгілі жайдарманшы әрі шаһардың ЖРО директоры Мақсат Шәймерден жүргізіп, қатысушы командалар мен әділ қазылар алқасын көрерменге таныстырып өтті. Әр жыл сайын даму сатысынан өтіп, барынша бояу қосқан Жайдарман ойындарына бұл жолы 12 команда бақ сынауға келген. Олардың ішінде Тараз қаласынан 4, Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарынан 3 және жергілікті 5 команда финалға дейін жетуге бел буып отыр.
Қалалық лиганың маусымашары өзіндік ерекшелікпен басталды. Себебі үздік әзілкештер ақтық ойында анықталғандықтан, жүлделер де маусым мәресінде табысталатын. Сапқа жаңадан қосылған командаларға медет сыйлау мақсатында алғашқы ойында-ақ ұйымдастырушылар бәйге беруді жөн санаған.
Осылайша, сенбінің кешінде кіл жастарды жинаған «Жайдарман-2024» ойындарының маусымашарында Байзақ ауданының «Аказаки» командасы бірінші орын иеленсе, М.Әуезов атындағы орта мектебінің «ХХI ғасыр» командасы екінші орын тұғырынан көрінді. Үздік үштікті сарысулық «Жаңа Париж» жастары түйіндеді.
Осы күні қазылар алқасының құрамынан табылған Шу ауданының Балалар мен жасөспірімдер орталығының басшысы М.Асайынов көрерменді күлкіге қарық еткен Үздік ойыншыға өз мекемесі атынан ұялы телефон сыйлады. Ал оның иегері байзақтық жас Нұрлыбек Рахманқұлов болды.
Сөз басында баяндап кеткендей теміржолшылар шаһарындағы әзіл кеші ұтымды ұйымдастырылған. Оның ішінде қазылар алқасының мінбері мен сахнаның әрленуі де көзге ерекше көрініп тұрды.
-Соңғы жылдары шулық жастар әзіл әлеміне бет бұра бастады. Олар шығармашылық тұрғыда ой түйіп, тың идеялар жолында ізденіп жатқанын байқаймыз. Сондықтан игі дәстүрді жалғастырып, Жайдарман ойындарының маусымашарын өткізіп отырмыз. Қараша айында басталған бұл жоба келер көктемге дейін жалғасып, финалдық ойында үздіктерді анықтайтын боламыз. Осы орайда бізді қолдап, ойынды тамашалауға келген қала әкімі Е.Нұралиев, аудандық ЖРО директоры және мәслихат депутаты Ғ.Қойбағаров, аудандық Мәдениет үйінің жаңа басшысы Е.Қасымбекке, қазылар алқасына ерекше алғыс білдіремін,-дейді кеш жүргізушісі М.Шәймерден.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.