Ақпараттық портал

Баба құрметіне арналған бәйге

Түркі дүниесінің қара шаңырағы саналған қазақ топырағында небір тарпаңдар туғаны белгілі. Олар алақандай ауылдан түлеп, Алашқа қызмет еткен. Тіпті, әлемдік деңгейде есімі мәшһүр бірқатар тұлғалардың туып-өскен жері де қазақия болған. Сондай жанның бірі – Сұлтан Бейбарыс.
Биыл мәмлүктер мемлекетінің негізін қалап, күллі Мысырға әмірін жүргізген Дешті Қыпшақ даласының перзентінің туғанына тура 800 жыл толып отыр. Осыған байланысты Мысыр елі мен Қазақстан әйдік есімді тұлғаның мерейтойын атап өту туралы мәмілеге келіп, түрлі іс-шаралар өткізген болатын.

Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың өнегелі өмірі мен жүрек жұтқан батырлығын жас ұрпақтың санасына сіңіруге ауқымды амалдар қарастырылған. Солардың тізіміне Шу ауданында ұйымдастырылған аламан бәйгені қосуға әбден болады.
Ел арасында «Наурыз төбе» аталып кеткен жердегі ат шабарда баһадүр бабамыздың есімін жұрт жадында жаңғырту мақсатында ұлттық ат спорты түрлері бойынша облыстық фестивалі өткізілген болатын. Фестиваль аясында құнан және аламан бәйге ұйымдастырылып, шашасына шаң жұқтырмаған шабандоздарға қомақты қаржының сертификаты табыс етілді.
Ат спортына аңсары бөлек ағайын ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың құттықтауына құлақ түріп, жылы лебізін тыңдады.
-Бүгін Шу ауданында ұлттық құндылықты ұлықтаған ауқымды шара өткелі тұр. Бұл дода Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толуына орай өткізілуде. Ауқымды шара өтеді деп ақпарат алған Жамбыл облысының жүйрік баптаған атбегілері осында жиналды. Шараның өтуіне ұйытқы болған облыс әкімдігінің спорт және дене шынықтыру басқармасына ерекше алғыс білдіреміз. Сондай-ақ осы аламанның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ағайынға да ризашылығымыз шексіз. Аттарыңыз аламанның алдынан көрінсін,-деді Н.Сұлтанбаев.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп ұлттық ат спортының дамуына үлес қосқан бір топ аға буын өкілдері «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Олардың қатарында Жаматан Сауранбаев, Дәнебек Бегімбаев пен Ілебай Күздеубаев бар.
Салтанатты сәттен соң көптен күткен құнан бәйге басталды. Сөре сызығына қазылар алқасының қарауынан өткен 25 тұлпар тізілді. Жалпы ойын барысы 7 төрешінің бақылауында болғанын атап өткен жөн. Осылайша үкілі үміт арқалаған құнандар мен шабандоздар Жаматан қарияның ақ батасынан кейін ат шабар алаңынан 6 мәрте айналып, 15 шақырымды шауып өтті. Жиналған қауым жарыстың жазымсыз өткеніне қуанып жатты.
Әр айналым сайын көрермендердің қиқуы естіліп, атбегілер демін ішке тартып отырды. Құнандар жарысында 4 айналым бойы сарысулық тұлпар бастағанмен, мәре сызығын мойынқұмдық Бәкен Бейсебаев баптаған «Сұңқар» есімді сәйгүлік алғашқы болып кесті. Одан кейін қос қордайлық құнан екінші және үшінші болып келді. Екінші орынды Бақыт Қуандықовтың аты еншілесе, Дәулет Тайтеновтың тұлпары үздік үштікті түйіндеді. Сол секілді Т.Рысқұлов ауданының атбегісі Асқар Мұратбековтың құнаны төртінші, меркілік Нұрмат Жұмағұловтың жүйрігі бесінші болып жүлдеге ілінді.
Құнан жарыстың қызығын тамашалаған қауым бағы мен бабы келіскен тұлпарларды таныған соң, аламанның алдынан кім келеді деген сауалға жауап іздеді. Әрі ат бәйгесі атаулының төресі болған – аламанды асыға тосты.
Сүт пісірім уақыттан соң 48 ат аламан бәйгеге шабуға бел буып, шабандоз бозбалалар тақымын қысты. Олар 11 айналым жасап, 30 шақырымды артқа тастауға бел буды. Әр айналым біткен сайын көрермендердің қиқуы үдей түсіп, «шап», «басын жіберме» деп дем беріп жатты.
Аттың аты шыдайтын аламанда соңғы айналымдарда тұлпарлар жарыс жолынан шыға бастады. Бірі шабандозына бағынбаса, бірі жарақат алып жатқанын байқадық. Ақтық айналымда 48 аттың 10-нан астамы ғана қалғанын аңғардық.
Кіл жүйрікте кім жүйрік анықталған аламанда қордайлық Анатолий Семеновтың тұлпары мәреге бірінші болып келсе, Т.Рысқұлов ауданының азаматы Арқас Айдарбектің аты екінші, аталған ауданның тағы бір жүйрігі үшінші орынды еншіледі. Оның иесі Ержан Айдархан болды. Одан бөлек, таластық Диас Мырзаханның аты төртінші, меркілік Арнат Төленовтың тұлпары бесінші, қордайлық Алмаз Қожабаев пен Әлімтай Молдасейітовтың аттары алтыншы және жетінші болып мәреге жетті. Одан бөлек, соңғы сәтте тұлпары жарақат алған №40 деген жейде киген бозбала жүгенін қолына алып, алғашқылардың бірі болуға ұмтылды. Жас шабандоздың бұл ісіне жұртшылық тәнті болып, оған куә болған ұйымдастыру алқасы арнайы жүлде тағайындауға уәде берді.
Шара соңында қос жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтың сертификаттары табыс етілді. Сондай-ақ сәйгүліктерге жабу жабылып, шабандоздар алып кубокты төбесіне көтерді. Марапаттау рәсіміне Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов пен Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.
Дүйім халықтың делебесін қоздырған додаға еліміздегі «Бәйге» федерациясының вице – президенті Мұрат Өсербаев, басқа да есімі ат баптаған ағайынға белгілі ұлттық ат спортының жанашырлары қатысты.

Байжан Емберді.
Суреттер автордікі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.