Ақпараттық портал

Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі: «Ең бірінші мәселе – баспана»

Шу – тоғыз жолдың торабында орналасқан, әлеуеті жоғары аудан. Мұнда ауыл шаруашылығы, жаңа энергия көздерін игеру, теміржол қатынасы, жаңа технологияларды игеру жақсы жолға қойылған. 106 мыңнан астам тұрғыны бар. Ауданда бірқатар өзекті мәселелер де жоқ емес. Осы орайда біз аудан әкімі Бақытжан Жәнібековпен сұхбаттасқан едік.

– Бақытжан Оразалыұлы, сіздің бұл ауданға әкім болып келгеніңізге ұзақ уақыт бола қойған жоқ. Аумағы үлкен ауданды басқаруға келісім берген кезде жоспарыңыз болған шығар. Жұмысты неден бастадыңыз?
– Атқарып жатқан жақсы жұмыстарымыз айтыла жатар. Мен өзекті мәселелерден бастайыншы. Бұл ауданда бірінші мәселе – баспана. 2 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. 2017 жылы 75 пәтерлі бір үй қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Одан басқа соңғы 30 жылдан астам уақыттан бері бір тұрғын үй соғылмаған. Бұл орайда біз әрқайсысы 80 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй салу үшін жобалық –сметалық құжаттарын әзірлеп, облысқа ұсындық. Қаржыландыру көлемі – 1,5 миллиард теңге. Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты бағдарлама аясында 576 миллион теңгеге 60 отбасын баспанамен қамтығалы отырмыз. Осы кезге дейін 11 отбасы тұрғын үймен қамтылды.
Екінші мәселе – кәріз жүйелерін тазалау. Ол үйлерге жақын орналасып, тұрғындарға ыңғайсыз жағдай туғызуда. Біз осы ретте не істедік? Ауданның кәріз жүйелері Қазақстан теміржолы мекемесінің теңгерімінде болатын. Оны аудан теңгеріміне алып, зерделеп, сметалық құжаттарын жасадық. Жылу құбырларын жаңалауды да ойластырып отырмыз. Жоба құны – 12 миллиард теңге. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтың қолдауымен жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімдемін.
– Ауданға бағынысты ең үлкен әкімшілік аумақ – Шу қаласы. Шу қаласын дамытуға қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Шу қаласында да бірқатар өзекті мәселелер бар. Біз шетінен назарға алып, зерделеп жатырмыз. Аталған қала бойынша 313 көше болса, 55 пайызы асфальтталмаған. Қалған 45 пайыздың жағдайы да мәз емес. Бұл ретте біз шұғыл назар аударуды қажет ететін 50 көшенің жобалық-сметалық құжаттарын жасадық. Оның құны – 1 миллиард теңгені құрайды. Шу қаласында жарық мәселесі де өзекті. Биыл қаланың бюджетін 3 есеге өсірдік. Былтыр 320 миллион болса, биыл қаржы көлемі 960 миллион теңгеге көбейді.
Шулықтар үшін тағы бір мәселе – теміржолдың жерасты өткелі. Бізде теміржол қозғалысы өте қарқынды. Тәулігіне 70 жүк пойызы, шамамен дәл осы көлемде жолаушылар пойызы өтеді. Сондықтан, жерүсті өткелін салу – өте қиын. Жерасты өткелін салу бойынша ҚР Парламенті Сенаты депутаттарына да айттық. Бұл мәселе республикалық деңгейде көтеріліп отыр. Біздің мақсат – сеңді қозғау. Жобасын жасау. Арғы жағы қаржының бөлінуіне қарай жүзеге асады.
Тағы бір мәселе «Меркі – Шу – Бурылбайтал» жолына қатысты. Осы жолдың 31 шақырымы біздің ауылдардың ішімен өтеді. Оның ішінде Шу қаласы мен Төле би ауылының аралығы бар. Міне, осы мәселені де шешуге атсалысу ойымда үнемі тұрады. Сонымен қатар, қалаға қарай көліктер өтетін өткел жөнделіп жатыр. Одан бөлек, қала көшелерін жөндеу, «Жеңіс», «М.Жүнісәлиев» саябақтарын сәндеу, жаяу жүргіншілер жолын жақсарту назарымда. Басты мәселе – қаражат.
– Ауданда өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласының даму көрсеткіші қандай?
– Өнеркәсіп саласы бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 17 788,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1396,1 миллион теңгеге жоғары болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен 48 513,0 млн. теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда 15 553,3 млн. теңгеге жоғары орындалды.
Бөлшек сауда тауар айналымы 4713,9 млн теңгеге, көтерме сауда айналымы 1024,3 миллион теңгеге жоғары орындалып отыр.
Шу ауданында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері биыл 2237 –ге көбейіп отыр.
Ауданынымызда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жалпы 67,0 миллион теңгеге 2 жоба қаржыландырылды.
Ауданға инвестиция тарту бойынша 2 ірі жоба нақты іске асырылуда. Жалпы құны 123,0 млрд. теңгені құрайтын 600 жаңа жұмыс орындары және 3 перспективалық жобалардың базасы әзірленіп, әр жоба бойынша тиісті сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.
Келесі жылы «Казақмыс Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шатыркөл кенішінде жаңа байыту фабрикасының құрылысын жүргізбекші. Жобаның құны – 55 771 млн. теңге. Құрылыс кезеңінде 377 адам жұмыспен қамтылып тұрса, оның ішінде 36-сы жергілікті тұрғындар. Фабрика іске қосылғанда 300 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 30 пайызы жергілікті тұрғындардан тартылатын болады. Қуаттылығы жылына 1 200 000 тонна кен өндіру. Ауданға 1 жылда түсетін болжамды салық көлемі – 300-400 миллион теңгені құрайды.
Мұнан бөлек «ZHANASHYR PROJECT (Жанашыр Проджект)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен «Жайсан» кен орнын өнеркәсіптік игеру жобасы жүзеге асырылуда. Орналасқан жері Жайсан ауылы аумағында. Жалпы аумағы 500,6 гектар. Жоба құны 67 миллиард 300 миллион теңге. Осында ауданның 30 тұрғыны жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда, тәулігіне 822 тонна кен Балқаш түсті металл өңдеу комбинатына жіберілуде. Сонымен қатар, Шу ауданының 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспары аясында, 2023 жылы 23 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобаларға 1179,3 миллион теңге жұмсалып, 124 тұрақты жұмыс орыны ашылады деп көзделуде. Бұл жобалар аудан өнеркәсібінің өрге басып келе жатқанын көрсетеді.
– Ауданның ауыл шаруашылығында қандай ілгерілеу бар?
– Шу ауданы бойынша 139 451 гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы егістік жерлер бар. Оның ішінде 28 261 гектары суармалы, 111 190 гектар тәлімді егістік жерлер. 2022 жылы 131 258 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдар орналастырылған. 2023 жылы 134134,4 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғымен салыстырғанда 2876,4 гектар жерге артық орналастырылды. Барлығы аудан бойынша 90,5 гектар бақ отырғызылған. Оның ішінде 3 гектары жүзім, 1 гектары алмұрт, 86,5 гектары алма бақтары.
2023 жылы 14,370 тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, жоспар 100% орындалды.
2022 жылы 10090 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілген. Оның ішінде 8 329 гектары тамшылатып , 1761 гектары жаңбырлатып суару арқылы ылғалданды. 2023 жылы барлығы 11307 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның ішінде 9046 гектарына тамшылатып, 2261 гектарына жаңбырлатып суару тәсілін қолданып отырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда 1217 гектарға ұлғайды.
Шу ауданы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 138,363мың гектарды құраса, оның ішінде егістігі 134,195 мың гектар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жоспарына сәйкес, 2024 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын 134,195 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда.
Мал шаруашылығы бойынша бүгінгі күнге 33 772,5тонна сүт сауылып, өткен жылмен салыстырғанда 101,9 пайызға көбейді. өндірілген ет өткен жылмен салыстырғанда 102,3 пайызға өсті. Төрт түлік малдың барлық түрінен өсім бар.
– Құрылыс саласында да қарқынды жұмыстар бар шығар? Басты жұмыстарды атап бере аласыз ба?
– Әрине, құрылыс саласындағы жұмыстар да қарқынды жалғасып жатыр. Биыл 3 жаңа нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Абай ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы, Шу қаласындағы 258,7 гектар тұрғын аймақтың ауыз су жүйелерін салу жобасы, «Алға ауылындағы 25 га тұрғын аймақты газбен жабдықтау» нысаны өз уақытымен аяқталып, ел игілігіне беріліп отыр.
Сонымен қатар, Қонаев ауылындағы спорт кешеннің құрылысы 15 қарашада аяқталады деп күтілуде.
«Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында 2020 жылы 4 тұрғын үй, 2021 жылы 4 тұрғын үй және 2022 жылы 11 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға берілді.Аталған игі жоба биылғы жылы да жалғасады деп күтілуде, яки, ағымдағы жылы болжаммен 9 үйдің құрылысы аяқталып, жағдайы төмен отбасыларға беріледі деп күтілуде. Осыған орай, Шу қаласы және Төле би, Белбасар және Бәйдібек ауылдарында аяқталмаған тұрғын үйлер құрылысын жылдам аяқтауды жауаптыларға тапсырдым.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында жаңадан тұрғын үй құрылыстары Дулат ауылдық округінде екі тұрғын үй, Д.Қонаев және Ақсу ауылдарында басталатын болады.
– Тұрғындарды жер телімімен қамту мәселесі қалай шешілуде?
– Шу ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жер теліміне жалпы кезекте тұрған азаматтардың саны 9268 адам құрайды, оның ішінде Шу қаласы бойынша 7072 адам, Төле би ауылы бойынша 1621 адам және Алға ауылы бойынша 575 адам кезекке тіркелген. Бұл мәселені шешу мақсатында, Шу қаласы «Оңтүстік-батыс» тұрғын аумағынан 258,7 гектар, Төле би ауылы «Батыс» тұрғын аумағынан 147,9 гектар және Алға ауылы «Оңтүстік» тұрғын аумағынан 25 га егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы негізінде 2016 жылы су, газ, қиыршық тас жолдарына ЖСҚ әзірленіп, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасуда. Алға ауылы «Оңтүстік» тұрғын аумағынан 210 жер телімі толықтай таратылып бітті, Төле би ауылы «Батыс» тұрғын аумағынан 889 жер телімінің ішінен 556 жер телімі, ал Шу қаласы «Оңтүстік-батыс» тұрғын аумағынан 1449 жер телімінің ішінен 370 жер телімі кезекте тұрғын азаматтарға берілді.
Аудан тұрғындарына қызмет ету жолында барлық күш жігерімізді аямай жұмсап, жұмыла еңбек ете береміз.
– Осы ауданға әкім болып келгеніңізге өкінбейсіз бе?
– Еш өкінбеймін. Шу ауданына келіп елге сыйлы ақсақалдармен танысып жатырмыз. Олардың елге сыйлы кісілер екенін білдік. Жақында 7 азаматқа «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағын бердік. Олардың арасында әр салада ұзақ жыл еңбек еткен ақсақалдар бар. Мұнда іскер мамандар, жұмыстың жайын білетін кәсіпкерлер аз емес. Сол кісілерді жаңашыл іске жұмылдырып отырмыз. «Жас келсе іске» дегендей, осында қызмет етіп жатқаныма қуанамын. Тұрғындардың жақсы қолдауын сезініп отырмын. Шу ауданындағы жылдарым – менің үйрену мектебім. Сондықтан, қай кезде де жауапкершілікті сезінемін. Алдыма келген азаматтарды мұқият тыңдап, мәселелерін шешуге бар мүмкіндікті қарастырамын. Себебі, олар мәселем шешіледі деген үмітпен келеді. Шеше алмайтын жағдай болса, оны түсіндіріп айтамын. Әйтеуір алдыма келген кісіні ренжітпей қайтаруға күш саламын. Себебі, біздің міндет – елге қызмет ету.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.