Үйірме – өнер бастауы
2023 жылдың 3 қараша күні бекітілген жоспар бойынша Шу аудандық мәдениет үйіне қарасты Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінде «Үйірме –өнер бастауы» атты әуесқой балалар үйірмелерінің шығармашылық есеп беру концерті өткізілді.
Есеп беру концертіне Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Файзуллина Қарлығаш Құрманғазықызы, Шу аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, «Шырақ» балалар театрының режиссеры Мақсұт Мақсат Берікұлы және аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы, осы жолдардың авторы төрелік жасады.
Сценарий бойынша алдымен хабарлаусыз «Актерлық шеберлік» үйірмесінің жетекшісі Айтбай Жанардың дайындауымен «Бала мерген» қойылымы ұсынылды. Балалар өте керемет дайындықпен көріністі қойып, соңы сазды бағдарламаға ұласты.
Атап айтар болсақ, вокал үйірмесінің жетекшісі, ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Кендебай Сәбидің дайындауымен Сатыбалды Береке «Боз жорға» әнін, Есенгелді Арслан «Махаббат деген» әнін, Әутен Жанбота «Қобыз», «Дуэт»- Әлдибай Темірлан мен Қасым Іңкәр «Анажан» әнін, «Кербез» триосы «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін орындаса, Би үйірмесінің жетекшісі Мадина Серпердің дайындауымен облыстық, аудандық би жарыстарында жүлделі орын иегері «Шабыт» би тобы «Балқадиша» биі және өзбек биі, республикалық «FEST Алтын күз» байқауының бас жүлде иегері, «БалаART» әуесқой балалар үйірмесінің облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы Әлдибай Нұрсезім «Үнді» биін орындап, көрермендердің ризашылығына бөленді.
Сонымен қатар, «Домбыра» үйірмесінің «Ерке сылқым» тобы ауданымызға белгілі күйші, жерлесіміз Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап, көрерменнің қошеметіне ие болды.
Іс-шара соңында вокал үйірмесінің қатысушысы Дакай Карина «Мерекем» әнін орындап, барлық қатысушылар сахна төріне шығып, от шашу түтіні берілді.
Әділқазылар алқасының төрайымы Қ.Файзуллина балалар үйірмесіне қатысушыларға рахметін айтып, ұйымдастырушыларға Мәдениет үйінің меңгерушісі С.Кендебай, үйірме жетекшілері А.Жанар, М.Серпер, әдіскер М.Қалыбаеваға шығармашылық табыстар тіледі.
Маржан КӨПбосынова,
Шу аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.