Келешегі кемел Көктөбе
Ауылға бөлінген көңіл, қауымға бөлінген қамқорлық екені белгілі. Бел жазбай бейнет еткен шаруалардың маңдай тері ақталса, қаладағы жандардың қарны тоқ болады. Мұны жете түсінген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев асыраушы салаға ерекше қолдау білдіріп, еңбеккерлер алдынан кездесетін кедергілерді алып тастау туралы жиі тапсырма беріп келеді.
Біз оқырман қауымға әр апта сайын бір-бір ауылдың тынысын таныстырып, бүгіні мен болашағын баяндап отыруды үрдіске айналдырдық. Жыл соңына дейін де бірнеше ауылдың ахуалын жұртшылыққа жеткізбекпіз. Басылымның бүгінгі санында Жаңақоғам ауылдық округі туралы, ондағы оңды тіршілік жайын жазуға бекініп отырмыз.
Бүгінде жаңадан сайланған Марат Майшекеев басқаратын аталмыш округте толайым табыс әкелген жұмыстар жетерлік. Округ әкімінің айтуынша 513 ауланың 450-і көмір жағу машақатынан ажыраған. Ал жалпы округте 2903 тұрғын мекен етеді.
2023 жылы Жаңақоғам ауылдық округінде барлық деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы сомасы 57млн 50 мың теңге қаржы бөлініп, оның ішінде абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасы бойынша 5 млн. 233 мың теңгеге 4 жоба іске асырылған. Оның ішінде, Көктөбе ауылында 1 млн 289 мың теңгеге футбол алаңын салу және көгалдарға күтім жасау жұмыстары жүргізілуде, 1млн. 845мың 800 теңгеге заманауи тартан жабыны бар волейбол алаңы жасалды, 197 мың теңгеге көше белгілерін орнату, 1 млн 289 мың теңгеге үлкен футбол стадионына, 498 600 теңгеге Рахымберді атындағы атшабарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Т.Саңырақбаев, Б.Тасыбайұлы, Абай, А.Ғалиакпаров көшелеріне орнатылған түнгі жарықтандыру жуырда ғана іске қосылды. Осы күнге дейін ауылдық округтегі басты проблема болып келген ауыз су жүйесінің құрылысы таяу арада тәмамдалады деп жоспарлануда.
Бұған дейін белгілі болғандай Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғындары Шу ауданында алғашқылардың бірі болып 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Соның нәтижесінде бүгінде ауыл айтарлықтай жақсарып, кәсіпкерліктің түрлі саласы дамудың даңғыл жолына түскен. Одан бөлек, әлеуметтің жағдайы да анағұрлым оңалып, табыстары артқанын аңғаруға болады.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы аясында Жаңақоғам ауылдық округінде 778,188 млн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 610,1 млн. теңгеге 2,5 пайызбен 192 өтінім қаржыландырылса, жергілікті бюджеттен «Омар Шу» ауыл шаруашылығы кооперативінің айналым қаражаты мен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 150,041 млн. теңге 5 пайызбен несиелендірілген.
Ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаның 5 бағыты бойынша округте жүйелі жұмыстар көрініс тапқан. Мәселен, жобаның бірінші бағыты аясында үй іргесіндегі жерді игеру көрсеткіші жобаға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 269 аула, 66,8 гектарға немесе 152,0 пайызға артты.
«Омар Шу» ауыл шаруашылығы кооперативі 11 млн. теңге айналым қаражатына үй іргесіндегі жерлерге тұқым, минералды тыңайтқыштар және жанар-жағармаймен қызмет көрсетіп, тұқыммен тыңайтқыштардың қаражатын және көрсеткен қызметтері үшін төлем ақыларын өнімді жинау маусымында бір бөлігін өндірілген өнімнің есебінен, ал қалған бөлігін өнімді сатып тапқан пайдасының есебінен төледі.
-Пилоттық жобаның бірінші кезеңінде қол жеткізілген нәтижелер де жоқ емес. Мәселен ауылдағы жеке кәсіпкерлер саны 191-ге артып, 341 адамға жетті. Сонымен қатар 189 жаңа жұмыс орындары ашылған.
2019 жылы аталған округте барлығы 84 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған, оның ішінен атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 отбасы пилоттық жоба аясында 2,5 пайыз несие алды. 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар 54 отбасына қысқарды.
Жоба аясында үй іргесіндегі жерлерден жеміс-көкөніс және несиеге алынған мал өнімдерін өткеру есебінен биылғы жылы 1 отбасына шаққанда орташа кіріс мөлшері, 2019 жылы 60 мың теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 111,7 мың теңгеге көбейді. Бір отбасының айлық табысы – 51,7 мың теңге, демек табысы артқан,-дейді округ әкімі.
Ежелден кең жайлауды мекен етіп, төрт түлігін төлдеткен халқымыз үшін мал шаруашылығының орны бөлек. Бүгінде ата кәсіпті жалғастырған ауыл тұрғындары мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандырып келеді.
Округ әкімі Марат Елубайұлының мәліметінше мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша – 189 несие алушылармен 610,182 млн. теңгеге 4701 бас мал (соның ішінде: МІҚ – 358, бұқа 164, жылқы — 557, ұсақ мал – 3622), 76 882 млн. теңгеге мал азығы сатып алынған.
Округте 2021 жылы МІҚ саны -1345 бас, ұсақ мал – 7445 бас, жылқы – 961 бас, жобаға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда МІҚ саны – 450 басқа, ұсақ мал 2030 басқа, жылқы – 720 басқа өссе, 2020 жылдың көрсеткішінен МІҚ – 410 басқа, ұсақ мал -1950 басқа, жылқы – 70 басқа өскені байқалады. Қазірдің өзінде ауылда 2553 мүйізді ірі қара, 28745 қой-ешкі, 1357 жылқы, 2153 үй құстары бар.
Ал, ауылдағы жалпы жер көлемі 122323,8 га болса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері 101368,9 га. 9274,7 гектар егістіктің 2617,7 гектары суармалы, 92018,2 гектары жайылымдық. Жалпы елді мекен жайылымдығы 3862 гектарға жетеді.
Мал басының көбеюіне байланысты аудан әкіміне жайылым көлемін көбейту туралы жолданған өтініш оң шешімін тауып, жер қатынастары бөлімі тарапынан қосымша 5 000 гектар жер беріліп, жайылымдық жер ұлғайтылды.
-Ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, Жаңақоғам ауылдық округінде 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 2 өндірістік кооперативі, 322 шаруа қожалығы тіркелген. Тұрақты жұмыс істеп келе жатқан, егін шаруашылығымен айналысатын 298 шаруа қожалық және мал шаруашылығымен айналысатын 24 шаруа қожалықтары ауылдың әл-ауқатын арттыруға өз үлестерін тигізуде. Өткен жылы 410 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып, егу жұмыстары толығымен аяқталды, оның ішінде 1250 га бидай, арпа-80 га, жүгері – 10 га және 70га көпжылдық шөптер, – дейді округ әкімі Марат Елубайұлы.
Көктөбе ауылында кәсібін өрге дөңгелетіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына септесіп жүрген азаматтар жетерлік. Олар жерлестерін жұмыспен қамтып, күнделікті шаруаға керекті ұсақ-түйек тауарлар мен қызметтерді ұсынып отыр. Ауылдағы 8 азық-түлік дүкені және 2 шаруашылық заттары дүкені, 1 жанар-жағармай құю бекеті, 2 шаштараз және тігін шеберханасы, 1 мал сою алаңы, 1 наубайхана, 1 тұшпара цехы, 2 құм блок цехы, 1 құм карьері халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы екенін білдіріп тұр.
Жыл басынан бері округ бойынша ауыл шаруашылығы техникалары жалпы сомасы 25 млн ға 1 дана LOVOL маркалы тракторын 15 млн және 1дана МТЗ-82 маркалы тракторын 10 млн лизингке алынғанын атап өткен жөн.
Жоғарыда айтқандай жыл ішінде атқарылған жұмыстар көңілге қонымды. Дегенмен жыл ортасында сайланған округ әкімінің алдағы уақытқа жасаған жоспарымен танысуды жөн деп санаймыз. Себебі жерлестерінің сенімін арқалаған Марат Майшекеев өзінің сайлауалды бағдарламасында бірқатар жұмыстарды жүргізуге уәде берген. Балапанды күзде санайды дегендей, әкімнің іскерлігін келер жылы бағалауға болады.
-Көктөбе ауылында 124 орындық бастауыш мектеп құрылысы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Көктөбе ауылының 21 көшесіне, жалпы ұзындығы 23270 метр орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, демеушілер есебінен жүргізіліп жатқан саябақ құрылысы 2024 жылдың соңына дейін аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен Жамбыл атындағы орта мектебінің, Көктөбе ауылдық мәдениет үйінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жаңа тұрғын үй массивінің электр жүйелерін толықтай қайта жабдықтау үшін жалпы құны 76295,120 мың теңгеге ЖСҚ әзірленіп, техникалық шарты дайындалып, ТКШ мекемесіне өткізілді.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында біраз жоспарлар бар. Оның ішінде суармалы жер әлеуетін тиімді пайдалану күн тәртібінде тұр. Әсіресе жылыжай шаруашылығын дамытуға күш салынады. 2026 жылға дейін ауылдық округте 4 жылыжай салу мақсатында кәсіпкерлер тарту жұмыстары ұйымдастырылуда, – дейді Марат Елубайұлы.
Кез келген ауыл секілді Жаңақоғам ауылдық округінде де шешімін күткен мәселелер баршылық. Мұны жасырмай жеткізген округ әкімі түйткілді тарқатуды өзінің басты міндетіне санайды. Сондықтан оларды бізге санамалап беріп, шешу жолдарын түсіндіріп берді.
-Ауыл тұрғындарының интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз етіп, интернет желісінің жылдамдығын жақсарту мақсатында қосымша «Теле2», «Beeline» байланыс операторының құрылғысын орнату қажет. Ол үшін тиісті хат жолданып, мәселенің өзекті екенін жеткізілетін болады.
Содан кейін ауылдық округке қарасты жалпы ұзындығы 23720 метр болатын 21 көшенің тек С.Төлешев көшесіне ғана асфальт жабындысы төселген. 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 21 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сәті түссе бұл жұмыстар да өз шешімін табады деген сенімдеміз.
Тұрғындардың тағы бір өтініші көшелердегі электр желілер мен бағаналарын ауыстыру болып отыр. Себебі соның салдарынан жарық жиі өшіп, үйдегі тұрмыстық техникаға зияны тиюде. Біз бұл мәселені де назарда ұстап, құзырлы орындарға хатпен қайырылдық,-дейді М.Майшекеев.
Осыған дейін ауылдан аудан орталығына дейін жету тұрғындарға мұң болған. Себебі ойдым жолдың зардабын көліктер көріп, иелерінің қалтасын қағатын. Одан бөлек, лезде жететін жер ұзарып, жүргізушілердің жүйкесін жұқартатын. Қазіргі таңда сең қозғалып аталмыш жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы алғанда Жаңақоғам ауылдық округінде бәрекелді дейтін шаруа көп. Бұл ең алдымен ауылдың ауызбіршілігін және еңбекке деген құштарлығын аңғартады. Ал мұндай елде дәйім даму бар.
Ықылымнан ырысты, бейнетке батыл жандардың алтын ұясы Көктөбе ауылының келешегі зор. Өйткені ауыл тұрғындары жарасымда ғұмыр кешіп, елдің өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосып келеді.
Байжан Емберді.