Ақпараттық портал

Мақсат – айқын, меже – белгілі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы екпін алса керек, халық қалаулылары ел игілігі жолында атқарушы билікпен бірге нәтижелі жұмыстар атқаруда. Қазіргі уақытта халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, депутаттардың жауапкершілік жүгі де соншалықты артты.
Соның дәлелі болса керек, ағымдағы аптаның бейсенбісінде «Amanat» партиясының Шу аудандық филиалында кеңейтілген отырыс өтті. Депутаттық фракция жетекшісі Болатхан Ниязбеков төрағалық еткен жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық филиалдың Саяси кеңес мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері және мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Фракция отырысының күн тәртібінде партияның өңірлік Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында 2023 жылға белгіленген көрсеткіштердің орындалуы туралы мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы партияның өңірлік сайлауды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында ағымдағы жылға белгіленген көрсеткіштердің ауданда орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Аудан әкімі өз сөзінде Жол картасына сәйкес, аудандағы экономиканың дамуы, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік сала, жастарды қолдау және экологиялық қауіпсіздік бағыттарында барлығы жергілікті әкімдікке қатысты 72 іс-шаралар мен көрсеткіштер тізбесі белгіленгенін атап өтті.
– Аталған Жол картасында белгіленген 72 көрсеткіштің бүгінде 40 көрсеткіші толығымен орындалған. Бұл жалпы меженің 55,5 пайызын құрап отыр. Тағы бір айта кетерлігі, орындалмау қаупі бар екі көрсеткіш бар. Дәлірек айтқанда, елді мекендерді талшықтық-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету межесінің орындалмау қаупі туындап тұр. Ондағы басты себеп – қаржы тапшылығы болып отыр. Сондықтан да бұл меже келесі жылдың еншісіне қалдырылуда. Одан бөлек, шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда заманауи стандарттар бойынша кемінде 52 мектепті жаңғырту көрсеткіші де биылғы жылы орындалмауы мүмкін. Өйткені, үстіміздегі жылы аудан мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Дегенмен, бес білім ошағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп қойды. Қаржы бөлінсе келесі жылы бұл меже толық орындалатын болады. Ал, әлі де орындалу үстіндегі 14 көрсеткіштің нәтижесі жыл соңына дейін жіті бақылауда болады.
Сонымен қатар, алға қойылған міндеттердің қатарында жұмыссыздықты жою, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, электр желілерін жөндеуден өткізу, спорт нысандарының санын арттыру мен жолға қатысты мәселелер де бар. Мәселен, біздің алдымызда 2025 жылға қарай аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 99,5 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 81,7 пайызды құрап отыр. Бұл меже 2025 жылға дейін толық орындалатын болады. Қазіргі таңда облыстық мәндегі «Төле би–Шоқпар» автожолының 15 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде оның 10 шақырымына жөндеу жұмыстары аяқталды, – дейді Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың депутаты, депутаттық фракция мүшесі Аида Бекмурзина және Ғани Қойбағаров баяндамасын көпшілікке оқып берді. Фракция мүшелерімен атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті шешімдер шығарылды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.