Түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 9 қараша күні Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы басшысы Б.Күзембековтің төралығымен Шу ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында жиналыс өткізді.
Аталған жиналысқа Шу ауданы әкімінің орынбасары Б.Бетбаев, Шу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Б.Төлендиев, Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Жазықбаева, Шу аудандық статистика басқармасының басшысы Г.Аязова, Шу қаласы және ауылдық округ әкімдері, Шу ауданындағы «Қонақ үй» жеке кәсіпкерлері қатысты.
Облыс әкімдігінің туризм басқармасы басшысы Б.Күзембеков мекеме басшыларына ұсыныстар беріп, жеке кәсіпорын басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасында туризм саласы бойынша қарастырылған 4 нысаналы индикаторлардың белгіленген жоспарлы мәндерінің жыл қорытындысымен сапалы орындалуын қамтамасыз ету керек екендігі жеткізілді.
Аудан аумағында орналасқан қонақ үйлермен өңірге келетін туристерді тіркеу бойынша нақты статистикалық есептілікті қалыптастырып, орналастыру орындарының статистика мекемелеріне дұрыс есеп беруі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Оның ішінде шетел туристері үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілетіні туралы аудан әкімдігіне хабардар ету, туризм саласында қызмет көрсетіп отырған туристік бизнес субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу де кіреді.
Аудан аумағында орналасқан инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысындағы проблемалық мәселелерді анықтап, шешу жолдарын қарастыру туралы аудандық мекеме басшыларына және жеке кәсіпорын басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі.