Ақпараттық портал

Кітапханашы болу – бір бақыт

Оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір – кітапхана болса, оны жалғастырушы – кітапханашылар. Кітапханашы мамандығын таңдаған, өзі қалаған мамандығына құрметпен, сүйіспеншілікпен қарап, білімдерін жетілдіріп, заманауи технологияны да меңгеріп, жас ұрпақ тәрбиесі мен кітап оқуға деген қабілетті дамытуда кітапханашылардың еңбегі зор.
Кітап. Кітапхана. Кітапханашы! Үш-ақ ауыз сөз болғанымен мағынасы тым тереңде. Бірі-бірінсіз толыспайтын рухани ошақ. Бір-бірін жалғастырып тұрған, оларсыз қоғамды елестету мүмкін емес киелі ұғымдар. Әр таңын білімнің қайнар көзі кітаппен ашатын, сол кітаптағы асыл мұраларды оқырмандарға жеткізетін алтын көпірді байланыстырушы – кітапханашылар екені белгілі.
Осы орайда, аудандық кітапхананың ұйымдастырумен, кітапхананың құрылғанына 90 жыл толуына орай кітапхана қызметкерлері арасында «Кітапханашы болу – бір бақыт» атты байқау өткізілді. Байқауға кітапхана қызметкерлерінен құралған 7 үміткер қатысты. Байқаудың басты мақсаты – кітапханашылардың имиджін көтеру, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, кәсіби білімінің толығуына жол ашу болып табылады.
Байқаудың шарты бойынша «Мамандығым – мақтанышым», «Сегіз қырлы, бір сырлы» өнердегі өрісі, Интелектуалдық ой-өріс, «Қазақы дастархан – ұлт мақтанышы» сынды 4 кезеңге бөлінді. Бұл байқауда үміткерлер өздерімен қатар кітапханаларын таныстырып, арнайы бейнебаян көрсетті. Түрлі сұрақтарға жауап беріп, өнерлерін ортаға салды.
Байқауды бағалаған әділқазылар алқасының шешімімен І дәрежелі дипломмен аудандық кітапхананың кітапханашысы Перизат Анбияқызы марапатталса, ІІ дәрежелі дипломды Мойынқұм ауылдық кітапханашысы Мадина Аман, ал ІІІ дәрежелі дипломды Шу қалалық №2 кітапхананың кітапханашысы Эльмира Шингисова иеленді.
Іс-шараны ОКЖ директоры Бағдагүл Алжанбаева қорытындылады. Ол өз сөзінде кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар деген бағасын беріп, додада дараланған жеңімпаздарға тиісті марапаттарды табыс етті.
Эльмира РАКАНОВА,
Шу аудандық ОКЖ әдіскерлік бөлімінің меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.