Ақпараттық портал

Жер тағдыры – ел тағдыры

Жер – қашаннан бергі ел байлығы. Ұрпағына ұлтарақтай жерді дін аман қалдырсам деп қаншама бабаларымыз қандарын төккен. Бұрындары жер қандай қымбат болса, бүгін де бір мысқал кем емес. Тіпті, жер төңірегіндегі дау-дамайды жиі естіп жатамыз.
Соңғы жылдардың бедерінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Жолдауларында жер мәселесін қозғап, Үкімет пен әкімдіктерге тиісті тапсырмалар жүктеп келеді. Оның нәтижесін қарапайым халық аз уақытта көре бастады.
Мәселен, Президент «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуға тиіс. Тиісті органдар бұл мәселе бойынша бақылау жасауды қамтамасыз етеді» деп шегелеп өткен. Сонымен қатар, ол «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған» деп дабыл қағып, жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін атап өткен болатын.
Президент пәрменін орындауда жергілікті атқарушы органдар қандай жұмыс атқарғаны бұқараға қызық. Сондықтан біз Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне қайырылып, жыл ішінде атқарылған жұмыстардың жайын сұраған болатынбыз. Бөлім басшысы Асан Көшербаевтың айтуынша, биылғы жоспарға сәйкес жер қатынастары саласына жалпы 4 индикаторлық көрсеткіш бекітілген екен.
Тарқатып айтқанда, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары 23 000 гектар болса, егістік жерлерді қайта айналымға енгізу 200 гектар, бау-бақша арқылы 1 гектардан жер телімдерін беру 30 гектар, 5 шақырымдық радиуста орналасқан жайылымдарды (қора жайларды қоспағанда) қайтару 5 925 гектарды құраған.
Асан Алданұлы жыл басынан бері 19329,16 гектарды құрайтын жалпы кадастрлық құны 199003886 теңге болатын жер алқаптары мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтады. Оның ішінде 5 223,43 гектар жер егістік болса, 14103,07 гектары жайылымдық. Осылайша, межелік жоспар 84,03 пайызға жетіп, шаруалар шаттыққа кенелуде. Себебі, жерге қол жеткізе алмай, кетпені тұралап қалған жандар жетерлік. Сол секілді төрт түлігіне өріс таба алмай қиналған халық та баршылық.
-Биыл біздің бөліммен бірқатар жұмыстар атқарылды. Біз өзімізге жүктелген жоспарды толығымен жүзеге асырып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды міндет етіп отырмыз. Мәселен, осы жылы 5 шақырым радиустағы жайылымдық жерлер бойынша мемлекет меншігіне 6 917,05 га жер қайтарылып, меже 116,7 пайызға жетіп отыр. Оның 1563,89 га егістік, қалған 5353,016 га жайылымдық. Одан бөлек, қайта айналымға енгізу бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі бойынша 200 гектар егістік жерді тиісті мақсатта пайдалану үшін «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-не инвест жоба арқылы берілді. Сондай-ақ биыл 83 азаматқа 1 гектардан бау-бақша отырғызу үшін 83 гектар жер берілгенін атап өткен жөн, -деді бөлім басшысы А.Көшербаев.
«Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған заманда қыруар жерлерге ие болған азаматтар аз емес. Мемлекеттің бүгінгі бағыты сол жерлерді игеру, шынайы шаруаларға үлестеру болып табылады. Сондықтан жер қатынастары бөлімі игерілмеген жерлерді анықтау мақсатында да тиісті жұмыстарды атқарған. Бөлім ұсынған мәлімет бойынша жыл басынан бері игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 21 шаруа қожалығының 49 446,63 гектар жері анықталған. Яғни мал басы саны тіркелмегені белгілі болып отыр. Оның ішінде 5 ірі шаруа қожалықтарының жері 38 906,95 гектар болса, қалғаны 16 шағын шаруа қожалықтарына тиесілі 10539,68 гектар.
-Өздеріне тиесілі жер телімдерін игермеген шаруа қожалықтары бойынша ҚР заңнамаларына сәйкес шара қолдану үшін облыстық жер инспекциясына хат жолданды. Жер инспекциясы тарапынан 2 ірі шаруа қожалықтарына және 7 кіші шаруа қожалықтарына жалпы алаңы 14 538,77 гектар жерге ескерту түріндегі нұсқаулықтар ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Одан бөлек, бөлім тарапынан мемлекет меншігіндегі жерлерге өз еркімен (самозахват) пайдалану бойынша жалпы 691,41 гектар жерді заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Осы бағытта облыстық жер инспекциясына хат жолданды, бүгінгі таңда аталмыш инспекция тарапынан өз еркімен пайдаланып жатқан азаматтарға хабарлама беріліп, тексеру жұмыстары жүргізілуде,-дейді Асан Алданұлы.
Аудан басшылығы әр ауылға барған сайын тұрғындар тарапынан жайылымдық жердің тапшылығы туралы мәселе көтеретін. Себебі ауылдағы ағайынның мал басы көбейіп, өрісі тарылған. Тұрғындардың түйткілін шешу мақсатында да аталған бөліммен бірқатар шаралар қабылданған.
Атап айтқанда, жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 91,8 мың га жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған.
-Босалқы жерлер санатындағы жайылым жерлерді Шу ауданы әкімінің 2022 жылдың 10 қарашадағы №584 қаулысы негізінде елді мекендердің жайылым тапшылығын шешу мақсатында жалпы ауданы 49 119 гектар жер телімі бекітіліп берілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда жалпы 18 ауылдық округтің жайылымдары 34 197 гектарға ұлғайтылды. Бүгінгі күнге аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданып, жалпы ауылдық округтердің жайылымдық жерлері 83,3 мың гектарға ұлғайды,- дейді А.Көшербаев.
Сонымен қатар, Асан Алданұлы биыл Шоқпар ауылдық округіне 5000 гектар, Өндіріс ауылдық округіне маусымдық жайылымдыққа 4000 гектар жер берілгенін, Бірлік ауылдық округіне 1000 гектар, Жаңақоғам ауылдық округіне 5000 гектар қосымша жайылымдық жер беру бойынша аудандық жер комиссиясынан оң қорытынды алынып, құжаттары рәсімделіп жатқанын айтуда. Кәсіпкерлік мақсатындағы жер учаскелерін аукцион арқылы сату бойынша 11 жер учаскесі алаңы 2,0664 га, кадастрлық құны 6 401 626 теңге болатын 2 аукцион ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде 29 948170 теңгелік пайда келген.
-Шу ауданында 100 метр шекара сызығына енген 34 шаруа қожалығының 142,6477 гектар жері анықталған болатын. Тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде барлық 34 шаруа қожалығының 142,6477 гектер жер телімдері өз еркімен иеліктен шығаруға қол жеткізілді,-дейді аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Көшербаев.
Жалпы алғанда жер қатынастары саласындағы жұмыстар көңілге қонымды. Ең бастысы жұмысқа құлшынысы бар жерлестерімізге жер тисе болғаны. Өйткені ауыл шаруашылығын дамытуда мал да, жем-шөп те, бау-бақша да маңызды. Ол үшін жер болуы маңызды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.