Халық жазушысының есімі ұлықталды
Жуырда Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Қамбарқызы мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Балхия Жетпісбайқызы бірлесіп, үш тілде ойшыл гуманист, данагөй, қазақ, қырғызға ортақ халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері және Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың туғанына 95 жыл толуына орай, «Шыңғыс Айтматов – халықтың рухани тірегі» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Әдеби кеш мектеп директоры Е.Алипбаев пен директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары А.Сламқұловтың алғысөздерімен ашылды.
Шара барысында сөз алған еңбек ардагері, ұстаз Рыскүл Алимбайқызы, Жәмилә Темірғалиқызы Ш.Айтматовтың шығармашылығы туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, Жәмилә Темірғалиқызы өзінің есімін әжесі осы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» шығармасына арнап қойғанын және жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде студенттер жазушымен кездесу кешінде сұхбат алғанын айтып, өткен күндердің естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара барысында оқушылар жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы жайында үш тілде баяндап, бейнематериалдар көрсетті. Қырғыз тілінде ән мен би, ағылшын тілінде «Плаха» повесінің үзіндісінен сахналық қойылым ұсынылып, «Материнское поле» атты монолог орыс тілінде оқылды. Сондай-ақ,«Ерке сылқым» күйі мен қазақ биі орындалды.
Әдеби сазды кеш жоғары деңгейде өтті. Айжан Қамбарқызы мен Б.Қожабергенова жазушының шығармашылығына терең тоқталып, қазақ пен қырғыз халқының әдеби мұрасын ортақтастырып, қаламының ұшына жан бітіре білген, сырға, мұңға толы шығармаларымен оқырманын бірден баурап алған заңғарлы жазушы туралы жан-жақты жеткізді.
Жанар ДИГАРБЕКОВА,
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі
орынбасары.