«Айгөлекпен» топ жарды
Өз мамандығына жанымен беріліп, өз саласында “ақырын жүріп, анық басқан” жандардың еңбегі нәтижелі болып, әрқашанда жеңіс тұғырынан көрініп, жетістіктері молая бермек. Бала қыран жетіліп, қияға самғап кеткенінше бағып, баулып, жол көрсету керек. Сол секілді бойында таланты бар, сол талантын қоғамға пайдалы етуге талабы бар әрбір өренді өнер өлкесінде қанат қақтыру үшін ұстазы һәм жетекшісі талмай машықтандырып, өз алдына бір азамат болғанша тер төкпек. Үнемі ізденісте жүретін ұстаздың шәкірттері топ жарып, өзгелерден дараланып, оқ бойы оза шабатыны белгілі. Сондай жандар біздің Шу өңірінде де жетерлік. Біз осы уақытқа дейін “Арнал” атты өнер студиясының жетекшісі Айнұр Мәлік турасында бірнеше мақала жазып, оның шәкірттерінің жетістіктерін алқалаған әлеуметке сүйіншілеумен келеміз. Бұл жолы да жағымды жаңалықты жариялаудың сәті түскендей.
Өмірге әкелген перзенттері әр қырынан танылып, өнер әлемінде жұлдызы жанса, ата-ана үшін сол шексіз бақыт. Міне, осы жолда тер төгіп жүрген Айнұр Мәлік биші шәкірттерін түрлі би байқауларына қатыстырып қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпіріне алып баруда. Өнерде жұлдызы жанып жүрген жеткіншектеріміз ел көріп, жер көру арқылы ой-өрісі, танымы да кеңейе түседі. Осыған дейін Астана, Алматы, Шымкент, Тараз сияқты үлкен шаһарлардан олжалы оралып жүрген “Арнал” өнер студиясының бишілері тағы бір байқаудан жүлдемен оралды. Олар жуырда ғана республикалық “Жарық жұлдыз” би фестивалінен “Айгөлек” биімен бас жүлдені иеленіп қайтты. Бұл жолғы жүлдені иеленген “Жібек жолы мектеп лицейінің” оқушыларынан құралған “Ерке Сылқым” би тобы. Білім ордасындағы әр ұрпақтың біліммен қарулануына, спортпен шұғылдануына, өнер өлкесінде қанат қағуына барынша жағдай жасауға тырысатын аталған мектептің директоры Гүлбарам Тұрлыбек хореограф Айнұр Мәлік пен мектептің биші қыздарын ерекше ілтипатпен қарсы алып, жетістіктерімен алға бастап жүргені үшін оларға алғысын жаудырды. Біз де өз кезегімізде арыны мықты “Арналды” алға жетелеген Айнұр Мәліктің аруларының өнер әлемінде алар асулары мен бағындырар белестері таусылмасын дегіміз келеді.
Айғаным РЫМБЕКҚЫЗЫ.