Жасанды жол кедергілері талапқа сай ма?
«Жүру керек тіршілікте тірлік қып, су ішкен соң өмір атты қайнардан»….деген ақын толғауындағы «жүру керек» деген сөзді қаншалықты бағамдарын оқырман қауым өздері саралап жатар.
Жүру деген сөздің қосымша баламасы ретінде жол деген сөз өз-өзінен тілге оралады. «Жолың болсын!» дегенді кез келген адам үйден шығарда бір-біріне айтатыны рас. Қош… Айтылар мәселе – көлік жолына қатысты болмақ. «Шу–Төле би» бағытындағы күре жолдың бойында орналасқан «Бауыржан» дәмханасының тұсына екі жерден қойылған жасанды жол кедергілерінің не себепті көлік жүргізушілерінің наразылығын тудырып жатқанын анықтау мақсатында Шу аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны Мурзакулов Ескелді Шорабекұлына жолыққан едік. Төмендегідей жауап алып қайттық:
-Бұл жол белгісі туралы аудан жұртшылығынан ауызша, жазбаша хаттар түскен. Жол ережесіне сай техникалық зерттеу жүргізудің нәтижесі бойынша көлік жүргізушілердің шағым-уәждері орынды. Төле би ескерткішінен аудан орталығы бағытына қозғалуға арналған жол еркін жылдамдыққа арналған. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары біздің техникалық зерттеу нұсқамамызға назар аудармай, жұмысты өз беттерінше жүзеге асырған. Негізі бұл жерге бағдаршам орнатылуы тиіс.
Жол қауіпсіздігі тікелей адам өмірімен байланысты екені бәрімізге қатысты. Ал, көлік жүргізушілердің жол көлік оқиғаларына түспейтін қауіпсіздік шараларын жасау арнайы техникалық зерттеудің қорытындысы бойынша жасалған нұсқамамен орындалуы керек.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.