14 отбасы баспаналы болды
Кейінгі кезде өңірімізде әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарымен бірге халықтың әлеуетін жақсартуға негіз болатын тұрғын үй кешендерінің құрылысын жандандыруға да барынша басымдық беріліп келеді. Аталған игі үрдіс өз қарқынын еш бәсеңдетпей, керісінше, жылдан-жылға лайықты жалғасын табуда. Оны облыс орталығы мен аудандарда орналасқан құрылыс нысандарындағы толассыз қимылдан-ақ анық байқауға болады. Осы орайда, әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы өңірге қарасты аудандардың да ажары арта түскенін айта кеткен жөн. Әсіресе, ауыл-аймақтағы тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр.
Мәселен, күні кеше ғана аудан орталығындағы ескі ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, 14 отбасыға су жаңа баспананың кілттері табыс етілді. Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қоныс иелерін құттықтап, қуаныштарын бөлісті.
– Қай кезде де баспана мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстар да еш толастамайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында тұрғындарға, әсіресе, әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға баспананың қолжетімділігін арттыру керектігін айтқан болатын. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында биыл аудан орталығындағы нысанды жөндеу жұмыстары басталған еді. Сәтін салып, жылдың соңына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталып, ғимарат толықтай жаңартылды. Енді міне, бірқатар отбасылар пәтер кілтіне ие болуда. Қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев те өзінің жылы лебізін білдіріп, қоныс иелерін құттықтады. Сонымен бірге, су жаңа пәтердің иесі атанған Аяулым Үсенәліқызы осындай игі бастаманы көтеріп, 14 отбасыны баспанамен қамтып отырған аудан басшылығына алғысын жеткізді. Ал, алғашқы пәтердің иесі атанған көпбалалы ана Назира Адилова ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап келгенін айтуда. «Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Өзімнің де, балаларымның да мүгедектігі бар. Енді міне, ұзақ жыл күткен арманыма қол жеткізіп, жаңа пәтердің иесі атанып отырмын. Аудан әкімінің көпбалалы аналарға көрсеткен қамқорлығына ризашылығымды білдіремін» – дейді ол.
Міне, тұрғындарды баспанамен қамтуда осындай игі бастамаларды қолға алған жергілікті билік өкілдері, осылайша, тұрғындардың тілегін қанағаттандырып отыр. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін ескерер болсақ, шырайлы өлкедегі баспана мәселесі көп күттірмей өз шешімін табары сөзсіз.
Ерғали Қартайған.