Ақпараттық портал

Ұлағатты ұстаздар – ұрпаққа үлгі

Ұстаз ұғымы ұлылықпен, ұлағатпен ұштасып, қашанда сый-құрметке бөленуімен ерекше. Тарихта аты дардай тұлғаларымыздың қай-қайсысын алсақ та ұстазының аты қатар аталып жүретіні текке емес. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” демекші, әрбір ұрпақты біліммен сусындататын, тәрбиемен нәрлендіретін ұстазға артылар жүк ауыр. Ал, сол артылған ауыр жүкті жанымен сезіне білген ұлағатты ұстаздарымызды ел болып қолдап, мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтату-мемлекет алдындағы парыз.

Соның дәлелі болса керек, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы Тамыз кеңесінде “Бәрі «70 жастан асқан ұстаздар тіпті министр мен білім басқармасынан бір жапырақ алғыс хат алмай-ақ зейнетке шықты» дейді. Әділдік орнауы керек. Мұғалімнің жұмысын бағалау қажет. 25-30 жыл – үлкен еңбек. Өйткені ұстаз саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнайды. Сондықтан министр ретінде мен зейнетке шыққан барлық мұғалімді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттауды өз міндетім деп санаймын” деп қадап айтқан болатын. Айтылған сөз жерде қалған жоқ. Министр сөз үдесінен шығып, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ардагер ұстаздарға өз атынан Алғыс хат жолдады. Соның бір парасы біздің ауданға да жетіп, ұзақ жыл ауданның білім саласында тер төгіп, шәкірттерді қияға қанат қақтырған ардагер ұстаздар абырой биігінен көрінді. Марапатты ұшырасқан адамға ұстата салып, мектепке еңбегі сіңген ұстаздардың елеулі еңбегін аяқасты етуді ар санайтын Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп ұжымы Алғыс хатты салтанатты түрде табыстауды жөн көрді. Осыған орай, “Үлкен жолы-ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып” атты кездесу кеші өтті.
Ерекшелігі мол, мән-маңызы зор кеште аталған мектептің архивінен алынған суреттерден құралған әсерлі видеоролик көрсетілді. Жүрегі толқып, өткенге саяхат жасаған ардагер ұстаздар мектеп қабырғасындағы әдемі естеліктерін ойға алып, тағылым болар өсиеттерімен бөлісті. Салтанатты жиынның шымылдығы ашылғаннан кейін мектеп директорының міндетін атқарушы Жанат Ұзақбаев кеш қонақтарына жылы лебізін арнап, ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының Алғыс хатын табыстады. Әрі “орамал тон болмайды, жол болады” деген халқымыздың кәдесін жалғап, аяулы ұстаздарға оюлы тақия, кестелі орамал сыйға тартты.
Мұнан кейін мектеп оқушылары мерекелік концерт қойып, ата-апаларының көңілін бір серпілтті. Бірі жыршашуын арнап, енді бірі әуелете ән шырқап, биші қыздар мың бұрала биледі. Мектеп ұжымы бұл кездесуді ұтымды пайдаланып, “Даналық жобасы” аясында құрылған “Аталар мектебі”, “Әжелер мектебінің” жұмысын жандандыру үшін негізгі бөлімді соған арнады. Үшінші бөлімнің басында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Құралбаева ардагер ұстаздарды ұлттық жобамен таныстырып, алдағы уақытта мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатып, ұрпақ тәрбиесі жолында қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырды. Шара барысында мектептің психологы Балнұр Елтаева тренинг ұйымдастырып, мектептің 9-11 сыныбындағы оқушы қыздар мен ардагер ұстаздарды әр топқа бөліп отырғызды. Топтың атын тарихтағы ұлы тұлғаларымыздың есімімен атап, ұлттық құндылықтардың сақталуы, ұрпақтар сабақтастығының орын алуы үшін тәрбие-танымдық бағыттағы тапсырмалар берді. Тапсырманы орындау барысында оқушылар мен ардагер ұстаздар берілген тақырып бойынша плакаттарды толтырып, жарасымдылықтың көрінісін көрсетті. Сабақ беруді, сөйлеуді әбден сағынған ардагер ұстаздар көсіле сөйлеп, бірінен-бірі асып түсті. Әр сөзінің астарынан ұлттың болашағын, ұрпақ қамын ойлайтындығын аңғартқан кеш қонақтары жүректерге түрлі ой сала білді.
Бұл күндері жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеуге бағытталған түрлі іс-шаралар жоспарға бекітіліп, жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Тәрбие-тал бесіктен деп халқымыз текке айтпаған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек деген әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидың даналық сөзі тағы бар. Тәрбиені қолға алсақ, әдіс-тәсілдер жетерлік, өскелең ұрпақтың өн бойына өнеге дарытар өсиет сөздеріміз де баршылық. Міне, осындай келелі кездесулер жиі өткізіліп, келешек үшін, кемел адам жасау үшін бәріміз бір кісідей атсалыссақ, еліміздің ертеңі баянды болмақ!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.