Ақпараттық портал

Сегіз қырлы бола білу – жігітке серт

Өңірімізде салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа жанымен берілген жандар аз емес. Солардың бірі –жергілікті жерде спортты дамытуға күш салып келе жатқан Төле би ауылдық округінің әкімі Азамат Серікұлы Ошанов.

Ол ауданымыздың Далақайнар ауылында туып-өсіп, осы мекеннен орта мектепті бітіріп, кейін жоғары экономикалық білімді меңгереді. Сондай-ақ, ол мемлекеттік органда қызмет етумен қатар ауданымызға спортшы ретінде де белгілі. Жастайынан волейбол, баскетбол, футбол сынды спорттық ойындарды жақсы ойнаған. Әсіресе, футбол ойынында көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, Шу ауданының және өзі білім алған мектептің намысын қорғады. Мектеп бітіргеннен кейін түрлі деңгейдегі жарыстарда өз ауылы мен ауданның намысын қорғады. Далақайнар ауылындағы футбол мектебінің өз командалары мен ойыншыларын әрдайым мақтан тұтып келгенін айта кеткен жөн. Кеңес үкіметі кезінде де «Далақайнар» совхозы футбол алаңында талай жеңісімен бүкіл КСРО-ны өзіне қаратты. Қазіргі уақытта А.Ошанов ардагер жасына жетсе де, қызметтегі бірқатар міндеттердің салмағына қарамастан, бос уақытын жаттығуға арнап, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы түрлі жарыстарда команда құрамынан табылып келеді.
Кейіпкеріміз спорттағы өзіндік жетістіктерімен шектелмей, жалпы ауданның спорт саласын дамытуға да үлес қосудан сырт қалған жоқ. Ауылдық округ әкімдері арасында алғашқы болып ауылда түнгі жарықпен қамтылған шағын футбол алаңының салынуына ұйытқы болды. Мұнан кейін араға бірнеше жыл салып, аудандағы басқа ауылдарда жасанды көгалмен көмкерілген шағын футбол алаңдары салына бастады.
Жылдар ағымында А.Ошанов аудан әкімдігінің түрлі салаларында қызмет атқарса да, қоғамдық жұмыстардан да қол үзбеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Төле бидің футбол командасына жетекшілік етумен қатар демеушілік жасауды да өз мойнына алып, команданы жабдықтап, ойын тәртібін өзгертті. Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесі де көп күттірген жоқ. Осы жылы-ақ Төле би ауылының командасы өз тарихында алғаш рет ауданның чемпионы атанды.
Бүгінгі таңда қызметтік міндеттер көлемінің артуына орай А.Ошанов бұл футбол командасымен жұмыс жасауды тоқтатқанымен, оның қалаған іргетасы қазіргі уақытта өз күшін жойған жоқ. Оған Төле би ауылы командасының футбол жарыстарында жүлдегерлер қатарынан көрініп, бірқатар ойыншыларының аудан құрамасының мүшелері болып жүргендігі айқын дәлел.
2023 жылғы футбол маусымы да А.Ошановтың қолдауымен өтті. Оның ықпалымен аудан біріншілігі ойынының қазылар алқасының төлемақысы толықтай қамтамасыз етіліп, кубоктар, медальдар мен бағалы сыйлықтар алынды. Сондай-ақ, футболдан аудан біріншілігіне көмек ретінде Төле би ауылында орналасқан С.Хасенов атындағы стадионға көгалшапқыш алып берді.
Осылайша, Азамат Серікұлы Ошанов ауданымыздың спорт саласының ілгерілеуіне, Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына үлкен үлес қосты. Мұны 2027 жылы ел халқының 50 пайызын бұқаралық спортпен қамту жоспарына қосылған үлес деп білген жөн. Егер, әр ауылдық округ әкімі өз елді мекендерінде спортты дамытуға А.Ошанов секілді қарайтын болса, онда қазақ ұлты әлемде ең белсенді, дені сау әрі салауатты халық болып қалыптасатыны сөзсіз.
Руслан ИСКАКОВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.