Амангелді Иманов – халық батыры
Қазақтың біртуар батырлары-ның бірі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, Кенесарының жансерігі Иман Дулатұлының немересі Амангелді Имановтың туғанына биыл 150 жыл. Осы секілді халық батырлары ел жадынан өшпес үшін өмірі мен жасаған ерліктері жайлы жас буынға қысқаша ақпарат жазуды жөн көрдік.
Халық батыры Амангелді Иманов бастаған көтеріліс туралы әңгімелер бала кезімізден құлағымызға сіңісті болып өстік. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды еске алу – елдің тарихи дамуының кез келген кезеңіндегі маңызды үрдіс. Ел тарихындағы әйгілі тұлғалар сыртқы жауға қарсы тұрып, мемлекеттің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған. Осындай тұлғалар қатарында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі Амангелді Иманов бар. Амангелді Иманов 1873 жылы Торғай уезінде дүниеге келген. Ол ең алғаш ауыл молдасынан сауатын ашып, кейін Тасыбай Тәшмағамбет ишандардың медресесінде төрт жыл білімін шыңдап, түрік, парсы, араб тілдерін меңгереді.
Тарихқа үңілсек, 1916 жылы орын алған көтерілістердің, ең ірі оқиғалардың бірі – Торғай облысында болды. Мұнда қазақ шаруаларының күресі мейлінше табанды болып, ұзаққа созылды. Кенесары ханның атақты Иман батырының немересі Амангелдіні сардарбегі етіп тағайындады. Амангелді Имановтың өмір жолы Қостанай облысының тарихымен тығыз байланысты. Амангелді Иманов көтеріліске дейін қазақ даласында халықтың азаттығы үшін күрескер, отарлық тәртіпке қарсы адам ретінде танылған.
1916 жылғы көтеріліс кезінде Амангелді Имановқа ақыл -кеңесімен көп көмек берген – Әліби Жангелдин. 1919 жылы Торғайда Кеңес үкіметі құлап, Амангелді тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Батыр Алакөлде жерленді. Амангелді Имановтың батырлығы – мәңгі өшпес. Қорыта айтсақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихымызда халқымыздың басынан өткен ең ауыр тарихи оқиғалардың бірі болды, жүздеген ауылдар тоналып, өртелді, жазықсыз адамдар атылды.
Ақын-жазушыларымыз Н.Байғанин «Амангелді туралы жыр», Ы.Адамбеков «Амангелді», Е.Омарұлы «Ел батыры», Ғ.Қайырбеков «Большевик ауыл», Н.Ахметбеков «Амангелді» дастан-жырларын батыр рухына арнады. Көп айтылып жүрген ақындардың сөзінің ішінде халық батыры Амангелді Имановқа айтылған бір теңеу ол «алмас» деген сөз. Қай алмас дегенге: ел алмасы, тарихтың алмасы дер едік…
Амангелді Иманов – қазақтың ұзақ тарихи керуенінде сайраған даңғыл жолы бар, самсаған қыран қолы бар, сардар деген аты бар үлкен ерлік көшінің басшысы. Оны халық жады, зердесі осылай танып, сақтап келе жатыр.
Қ.Байсейтова,
№3 Шу қалалық кітапханасының меңгерушісі.