Жеке мектеп шетте қалмаса…
Мемлекеттік саясат аясындағы түрлі бағдарламалардың жемісті жұмысы нәтижесінде әр жыл сайын ел аумағында түрлі бағытта қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар бой көтеріп, олардың арасында жеке меншікті мекемелер саны да артып келеді. Мысалы, «Тарлан» спорт кешені, «АQ Үркер» мектебі, бірнеше атауларды иемденген медициналық мекемелер сынды, денсаулық, білім, спорт саласындағы мұндай нысандардың саны біздің ауданымызда да біртіндеп көбеюде. Солардың бірі – Шу қаласындағы «Нұрдәулет» балабақшасы аумағынан ашылған Жылғабек Қожабеков атындағы жаңа бастауыш мектеп.
Осы тұста әуелі Ж.Қожабеков туралы бірер сөз айтуды жөн көрдік. Бұл азамат 1910-1986 жылдар аралығында қазіргі Ақтөбе ауылында туып-өскен. Еңбек жолын Коммунизм совхозында жұмысшы болып бастайды. Өңірде мал шаруашылығын дамытуға қомақты үлес қосып, оның еселі еңбегі жоғары бағаланып, «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, есімі Қазақ КСР-нің Алтын кітабына енгізілген.
Осындай азаматтың есімімен аталып, үстіміздегі жылдың күз айында қолданысқа берілген білім ошағының салынуына ұйытқы болған жеке кәсіпкерлік иесі Қожабекова Сәуле Сансызбайқызы алғашында жоспардың басқаша болғандығын айтады. Нақты айтқанда, балабақшаға қосымша құрылыс жүргізіп, алаңға түрлі ағаштар отырғызып, өзге де абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырып, балалар үшін бос уақытта олардың табиғат аясында демалуына жағдай жасау көзделген. Алайда, белгілі себептермен, бұл жоспар дер кезінде іске аса қоймағандықтан, жұмыс бағыты өзгеріп, бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп ашу қолға алынды. Бұған осы аумақта тұрып жатқан ата-аналардың сұранысы да себепкер болған көрінеді. Өйткені, Шу қаласы мен Төле би ауылының орта тұсында тұрып жатқан көптеген тұрғындар үшін мектеп қашық. Бұл әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына жаздың ыстық, қыстың бүгінгідей суық күндерінде қиындық туғызатыны айтпаса да белгілі. Сондай-ақ, бір үйден бірнеше бала оқитын көп балалы отбасылар үшін балалардың жол ақысының қалтаны әжептәуір қағатыны тағы бар. Бұл сол төңіректегі жатақханада тұрып жатқан аз қамтылған, көп балалы отбасылар үшін қаржылық салмақ екені түсінікті. Сол себептен, кәсіп иесі осы жәйларды негізге алған тұрғындардың өтінішін ескере келе, бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп ашуды ұйғарады. Алғашында жергілікті билік өкілдері қарсылық білдіргенімен, кәсіпкерлік иесі облыс орталығындағы тиісті сала басшыларына жолығып, мектеп ашуға рұқсат алып қайтады. Дегенмен, бастауыш сынып оқушыларына білім беретін бұл мектептің ғимараты «Жайлы мектеп» жобасының стандартына сай жабдықталмаса да, аталмыш жобаға енгізіліп отыр. Өйткені, елімізде мұндай жағдайдағы мектептерге арнайы бағдарлама жоқ. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптары, жабдықталуы жалпы білім беретін орта мектептің талаптарынан мүлдем басқаша. Соған қарамастан, кәсіп иесі білім ошағын оқу-әдістемелік құрал-жабдықтары бойынша ауданымыздың ешбір мектебінде тіпті, гимназия, лицей мектептерде болмаған бірнеше қажеттіліктермен қамтыған. Яғни, жоқтан бар жасалды деуге болады. Десе де, білім саласы тарапынан келген комиссия мүшелері тексеріс барысында бірқатар сын-ескертпелер жасаған. Мысалы, бастауыш сынып оқушыларына білім беруге арналған мектеп болса да, саз мектебі секілді дауылпаз, сырнай, тұяқтас сынды аспаптар болуы қажет екен. Мектеп басшылығы дауылпаз бен сырнайды тапқанымен, тұяқтасқа келгенде біраз сабылған көрінеді. Сұрастыра келе, өңірдегі мәдениет үйлерінде де мұндай дүниенің болмағандығына көз жеткізген. Амалдың жоқтығынан аттың алдыңғы екі аяғындағы тұяқты алып, қолдан жасауға тура келеді және аса қажеттілік тудыра қоймаса да, бұл қазіргі уақытта осы мектепте тұр. Сондай-ақ, мектеп негізінен 100 балаға шақталғандықтан, 100 құмсағат, 100 луппа, 100 глобус, үлкен көлемді әріптер тағы сол секілді көрнекі құралдары бала санымен тең болуы міндет. Мұның ішінде мысалы, сағатты бірінші сыныптардың сабағында қолдануға болады. Ал, әрі қарай балалар сағат танып, оның тілін де меңгеріп алатындықтан, оның әр сыныпқа қажеттілігі шамалы. Алайда, тәртіп пен талапқа бағынғандықтан, бұл да қыруар қаражатқа сатып алынып отыр. Сондай-ақ, әр сыныптың да өзіндік қажеттіліктері бар. Мысалы, мектептің бес кабинетіне бес панельдік тақта, микроскоп орнатылса, талап үдесінен шығу үшін адам модулі де сатып алынды.
Қазіргі таңда мұнда Шу қаласының «Қант зауыты» мөлтек ауданының ата-аналары да балаларын әкелуде. Алайда, Сәуле Сансызбайқызының айтуынша, аталған мөлтек ауданнан екі-үш баланы ғана тасымалдау тиімсіз болғандықтан, олардың ата-аналары өз балаларын теміржол бекетіне дейін жеткізіп, әрі қарай мектеп көлігі алып кететіндей өзара келісімге келген.
-Өзім жетекшілік етіп отырған «Нұрдәулет» балабақшасында да, қазіргі бастауыш мектепте де балаларды тасымалдау жолға қойылған. Жалпы, бұл істі аудан аумағында бірінші болып мен қолға алған едім. Қазір сол үшін өкінемін. Өйткені, кейбір жас ата-аналар өз балаларын уақытылы оятып, киіндіріп, уақытпен ауланың алдына шығарып, көлік іліп кететіндей етіп, дайындап тұрмайды. Мен бұл туралы үнемі ескертіп отырамын. Тіпті, кейбіреулері «бес минут күтсе несі кетеді?» деп ренішін білдіріп жатады. Ал, әр баланы бес минут күтіп тұратын болсақ, мекемеге жетудің қанша уақытқа созылатынын өзіңіз есептей беріңіз. Сондықтан, әр ата-ана аз да болса өздеріне жауапкершілік алса жөн болар еді,-дейді С.Қожабекова.
Білім ошағында информатика, дене шынықтыру, еңбек, ағылшын тілі, орыс тілі және бастауыш сынып мұғалімдері балалардың сапалы білімі мен саналы тәрбиесі жолында еңбек етуде. Сондай-ақ, өз міндеттеріне ұқыптылықпен қарайтын кіші қызметкерлер тағы бар. Мекеме жалпы саны 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл тұста айта кететін жәйт, қызметкерлер саны бала санына шақталған. Оған қоса соңғы жылдары жалақы көтерілгендіктен, әзірге жұмысшы санын ұлғайтуға мүмкіндік болмай тұрған көрінеді.
-Жалпы, бізде балалар тегін оқиды. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат та бала санына байланысты беріледі. Бүгінгі күнге дейін балалардың тамағына мемлекет тарапынан арнайы қаражат бөлінбесе де, біз мекемеде түске дейін болып, тек сабақ оқу үшін ғана келетін балаларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтып келдік. Бұл тұста мына жағдайды көпшілік түсініп алуы қажет. Бізде барлық бала өзге мектептердегідей түске дейін сабаққа қатысады. Егер, жұмысбасты ата-ана болып, түстен кейін де баласын қарауға мүмкіндігі болмайтын болса, ол ата-ана баланы күні бойы мектепте қалдыра алады. Біздің қызметкерлер ол балаға түстен кейін үй тапсырмасын орындатып, сабағын оқуына көмектеседі және бесін аспен қамтылады. Алайда, мұндай жағдайда әр балаға ата-ана айына 25 мың теңге төлемақы жасауы қажет. Қазіргі уақытта мұндай санаттағы балалардың саны 30-ды құрайды.
Үстіміздегі жылдың 30 тамызында аудан әкімінің орынбасары келіп, мектепті ашып берді. 1-қыркүйек күні 10-жуық баламен Алғашқы қоңырау шарасын өткіздік. Кейін біртіндеп бала саны көбейе бастады.13-қыркүйекке дейін қырықтан аса бала жиналса, қазіргі таңда мұнда 55 бала білім алуда және бұл шекті көрсеткіш емес. Өйткені, бір-бірінен естіген көрші-көлем, туған-туыс әлі күнге дейін балаларын әкеліп, сандық көрсеткіштің ұлғаюына негіз болуда. Ал, білім жағына келер болсақ, орта мектептен айтарлықтай айырмашылық жоқ. Дегенмен, бойына сапалы білім мен саналы тәрбие ұялаған шәкірт шығару біздің мақсатымыз болып қала береді,-дейді бастауыш мектептің директоры Қожабекова Қарлығаш Серғалиқызы.
Оқу мекемесіндегі оқытушылардың айтуынша, жаңа мектепке келген төртінші сынып оқушыларының арасында әлі күнге дейін әріптерді қосып оқи алмайтын балалар кезігеді екен. Бұлар оны пандемия кезіндегі онлайн оқытудың салдары деп топшылайды.
Мектеп басшылығы мемлекеттік стандартқа сай талаптарды орындап қана қоймай, жалпы облыс аумағындағы жеке меншік мектептердің басшыларымен кеңесе отырып, жоғарғы билік өкілдеріне қаржылық сұраныс жасауда. Өйткені, мұндағы қызметкерлер де өзге білім ошақтарындағы мамандар сынды қаржылы еңбек демалысын, емдеу-сауықтыру жәрдемақысын алғысы келеді. Ал, бұл мәселеге қатысты қаражат үкіметтен бөлінетін қаражатқа кіріктірілмеген.
-Жуырда Астана қаласында жеке меншікті балабақшалар мен мектептердің басшылары қатысқан алғашқы форумға аудан бойынша бір өзім қатысып қайттым. Форум барысында түрлі түйткілді мәселелер көтерілді. Ұйымдастырушылар «Мектеп пен балабақшаларды мемелекеттік және жеке меншік деп бөлудің қажеті жоқ. Қайта үш ауысымды оқыту үрдісін қысқартып, мектеп жетіспеген елді мекендерге мектеп салып, балалардың өз үйлеріне жақын маңнан білім алуына жағдай жасап, біздің жұмысымызды ілгерілетіп отырған бұл кісілерге алғыс айтуымыз қажет. Сондықтан, оларға бөлінетін қаражат та мемлекеттік мекемелерге бөлінетін қаражатпен тең болуы керек. Ал, оқулық жөнінде бала қай мектептен келсе, оқу жылы барысында сол мектеп арқылы оқулықпен қамтамасыз етіліп, оқу жылы аяғында оқулықты алған мектебіне қайтадан өткізіп отырсын» деген ойлар айтып жатты. Мысалы, бізге кітап берілмейді. Ал, ата-аналарға кітап «сатып ал» деп қолқа сала алмаймыз. Өйткені, әр отбасының жағдайы әр түрлі. Оқу жылы басталған тұста бес миллион теңгеге кітап сатып алдым. Оның өзі толық емес. Сондықтан, форумда айтылған мәселе оң шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді,-деген пікірін де бүгіп қалмады кәсіпкерлік иесі С.Қожабекова.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы үкіметтен несие алып, осындай тың бастамаларға негіз болған кейіпкеріміздің алдағы жоспарларына біз тек сәттілік тілейміз. Сондай-ақ, жергілікті халықтың ұл-қызын оқытып, өз жерлестерімізге қызмет көрсетіп отырған мектепке жергілікті билік тарапынан да қолдау көрсетіледі деп сенеміз.
Динара Батырхаирова.