Ақпараттық портал

Үш отбасы қоныс тойын тойлады

Өңір басшылығының бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы ауданымызда да сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінгі күнге дейін оннан аса отбасының үйлі болып, қоныс тойын тойлауы да соның айқын дәлелі болып отыр. Күні кеше ғана аудан орталығынан шалғай орналасқан Балуан Шолақ ауылдық округі аталған жоба арқылы тағы бір түтінге көбейіп, бір отбасы баспаналы болды.
Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев пен ауыл ақсақалдары ағымдағы жылы үйі өртенген Айдар Тұрысовқа баспананың кілтін табыс етті. Сонымен бірге баянды бастаманың басы-қасында жүріп, демеушілік көрсеткен қайырымды азаматтар да салтанатты шараның куәсі болды. Шара барысында ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, игі шараға ұйытқы болған азаматтарға алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, аудан іргесіндегі Бірлік ауылдық округінің екі бірдей тұрғыны баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Аталған игі шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов арнайы қатысып, қоныс иелерінің қуанышын бөлісті. Аталған екі тұрғын үй де «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен алынғанын айта кеткен жөн. Бұл ретте аудан басшысы кәсіпорын өкілдеріне аудан әкімдігінің ұсынысына бірден қолдау білдіріп, баспанаға мұқтаж екі отбасының үйлі болуына сеп болғаны үшін алғысын жеткізді. Салтанатты шараға кәсіпорын өкілі Бауыржан Макин арнайы келіп, жалғызбасты ана Алия Ибрагимова мен мүмкіндігі шектеулі азамат Рашид Аксановқа тұрғын үйдің символикалық кілттерін ресми түрде табыс етті. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары да қазақы дәстүрге сай демеушілердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Тағы бір айта кетерлігі, «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан дәл осындай демеушілік жұмыстар өз жалғасын табуда. Ендігі кезекте Көкқайнар ауылындағы екі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, 4 ауылдық округте спорт алаңшалары салынуда. Сондай-ақ, Көкқайнар ауылында күрес залы бой көтеретін болады. Бұдан өзге де бірқатар жұмыстардың дәл осы кәсіпорын қаржысына жасалып жатқанын айта кету керек. Аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы алдағы жылы да демеушілік жұмыстар жалғасып, аудан игілігі үшін ауқымды тірліктер атқарылатынын атап өтті.
Айта кету керек, «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша бүгінгі күнге дейін ауданда оннан аса үй салынып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі қарқын алып, ауылдық округте тұрмысы төмен, аз қамтылған және жалғызбасты аналар, асыраушысынан айырылған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқынды жүргізілмек. Тұтастай алғанда, дәл осындай жұмыстардың одан әрі жалғасатынын ескерсек, алдағы уақытта өңірдегі әлеуметтік ахуалдың да жақсара түсетіні сөзсіз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.