Ақпараттық портал

Тәуелсіздік құрдасы болу – үлкен бақыт

Еліміздегі көптеген мемлекеттік мерекелердің ішіндегі ең маңыздысы – Тәуелсіздік күні десек, бұл пікірге ешкімнің таласы бола қоймас. Өйткені, Отанымыздағы үкімет тарапынан атқарылып жатқан барлық игілікті істер мен әр саналы азаматтың көкейіндегі асқақ арманның лайықты жүзеге асырылуы – ең әуелі еркіндік пен теңдік орнаған елдіктің жемісі деп білеміз. Еліміз егемендігін алған тұстағы жалпы халықтың басынан өткен кейбір қиындықтарды аға буын өкілдері жақсы біледі және олар сол қиындықтарды еңсеріп, өз ұрпағына бүгінгідей жарқын болашақ сыйлады. Ол үшін бүгінгі жас ұрпақтың аға буынға алғысы зор. Ал, тәуелсіздікпен бірге дүниеге келіп, елдікпен бірге есейген буын бүгінде саналы білім алып, басым бөлігі үйлі-жайлы болып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп-өсіру жолында тынбай тірлік кешіп келеді.

Солардың бірі – Даниярова Айнұр Ерғалиқызы. Ол 1991 жылы Шу қаласында дүниеге келген. 2008 жылы А.Макаренко атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінен жоғары білім алып, «Әлеуметтік жұмыс» мамандығын меңгереді. 2012 жылы аталмыш оқу орнын аяқтағаннан кейін, алғашқы еңбек жолын да осы жылы бастап, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне әлеуметтік маман болып жұмысқа орналасады. 2013 жылы Шу ауданы әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің инспекторы болса, 2014 жылы алғаш рет мемлекеттік қызметке орналасып, Шу қаласы әкімі аппаратында 2017 жылға дейін бас маман болып жұмыс істейді. Ал, осы жылдың аяғында Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде бас маман қызметін атқарса, 2018-2022 жылдар аралығында қайтадан Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бас маман болып еңбек жолын жалғастырады. Ал, 2022 жылдан бүгінгі күнге дейін осы бөлімде бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді.
Қандай қызмет атқарса да, осы өңірдің қазанында қайнап, аудан халқына сапалы қызмет ұсынуға күш салған кейіпкеріміз екі бірдей жоғарғы мамандықты меңгерген. Бірі мақала желісінде айтылған «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы болса, екіншісі – «Жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы. Бұл мамандықты Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университеттен меңгеріп, ойдағыдай аяқтайды. Алайда, жалпы еңбек өтілі 11 жылды құраса, соның 7 жылын осы әлеуметтік салаға арнаған.
Бүгінгі таңда өмірлік жарымен бірге бір ұл тәрбиелеп отырған Айнұр отбасылық өмірдің мән-маңызына да ден қойып, өнегелі отбасы болуға талпынуда. Өйткені, ата-енесімен бірге тұратын кейіпкеріміз үлкендердің үлгілі қасиеттерін қабылдап, оны бойға серік ету жамандыққа апармайтынына сенеді.
Ал, өскен ортасы, яғни өзінің ата-анасы да қарапайым болса да, еңбекқор, өмірлерінің көп бөлігін өңірдің өркендеуіне арнаған жандар екен. Атап айтқанда, әкесі Ерғали Данияров жылдар бойы темір жол саласында еңбек етіп, зейнетке шықса, анасы Гүлсара Джанкутаева медицина саласында бірнеше жыл қажырлы қызмет атқарды және уақыт ағымында екі қызды дүниеге әкеліп, саналы, тәрбиелі жандардың қатарынан өсірді. Өкінішке қарай, Айнұрдың анасы бұл өмірмен ерте қоштасқанымен, оның берген асыл тәрбиесін бойына сіңіріп өскен қыздары ананың атына кір келтірмей, ата-ананың үлгілі өмір жолын жалғауда.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жалпы ел өмірінде бірқатар тұрмыстық қиындықтар болғаны баршаға мәлім. Соған қарамастан, Айнұрдың ата-анасы қыздарының да жоғары білім алуына ұйытқы болып, бүкіл отбасымен өмірлерін халыққа қызмет етуге бағыттады.
Бір қарағанда тым салмақты көрінетін Айнұр Ерғалиқызы қызметте де дәл осы қалпынан тайынбайды. Бұл қызметтік міндеттер бойынша артылған сенімге зор жауапкершілікпен қарап, қашан да сенім биігінен көрінуге талпынатындығын аңғартып тұратындай. Осы қасиет оны сын сағатта сүріндірмей, биік белестерге жетелеп келеді. Өйткені, оның бірнеше жауапты міндеттерді атқара келіп, басшысының орынбасарлығына дейін көтерілуі – кездейсоқтық емес. Бұл – еңбекқорлық пен жауапкершіліктің жемісі болса керек.
Айнұрдың жемісті жұмысын билік өкілдері де назардан тыс қалдырған жоқ. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еселі еңбегі үшін облыс әкімінің бірнеше Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың, аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – міндетті мінсіз атқарғандығының жарқын дәлелі.
-Тәуелсіздік таңында дүниеге келіп, елдікпен бірге есею – мен үшін үлкен бақыт. Содан бері еліміздегі ашық аспан астында бақытты балалық шағымды алаңсыз өткізіп, құрдастарыммен бірге өмірдің алғашқы сатыларынан өтіп, алдағы асқақ армандарыма құлаш сермеп келемін.
Бүгінде ел өмірінің әр саласында ауқымды істер жүзеге асырылуда. Егемен елдің болашағы – жарқын, қадамы – нық. Жастардың жан-жақты қалыптасуына жағдай жасалып, өз талабын әрі қарай ұштай түсуге мүмкіндік берілген. Қалаған мамандығын алып, еркін еңбек етуге де құқылы. Егемен елмен бірге бойжеткенге не жетсін?! Жастарға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Мемлекет басшысына алғысым зор. Маған барша қазақстандық жастарға еліміздің тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау аманаты жүктелгендей сезіледі. Өйткені, елдің сарқылмас қазынасы – үлкендер, ал, халықтың тыныштығын, егемендігін, еркіндігін сақтау, оны әрі қарай жалғастыру – жастар ісі деп білемін.
Тәуелсіздік тұғыры берік болсын! Егемен еліміздің ертеңі – нұрлы, келешегі – кемел бола берсін,-деген Айнұр Ерғалиқызы тәуелсіздікті жоғары бағалап, сөзінің соңында жерлестеріне деген ізгі тілегін де жеткізді.
Ел егемендігін алғанға дейін және одан кейінгі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тіршілік түйткілдерінде кезіккен кейбір қиындықтарды сәби жүрек сезінбей өссе де, қол жеткен жетістікті жоғары бағалаған Айнұрдың алдағы уақыттарда да тәуелсіздіктің нығая түсуі жолында талмай еңбек ете беретіндігіне сенімдіміз.
Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.