Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол жоқ!
«Жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу» дегеніміз — бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты болып табылады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңында сыбайлас жемқорлыққа келесідей ұғым берілген. «Мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың, сондай-ақ, соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттілігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады».
Сыбайлас жемқорлық әсіресе мемлекеттік билік органдарында қауіпті. Мұндай жағдайда ол биліктің монополиясын, мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдау өкілеттігін күшейтеді және шенеуніктердің қатал құқықтық есеп беруін және бақылауда болуын жоюын білдіреді. Сыбайлас жемқорлық экономиканың дамуына кедергі жасайды және ұйымдастырылған қылмыстың, әсіресе экономика саласында, өсуіне ықпал жасайды. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын кесел саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Сол үшін қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін, оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа қарсы тұруға болады.
Алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапты тұлғаларымен Қазақстан Республикасының заңнамасын жетік білуіне және бұлжытпай орындалуына атсалысып, бағдарламада көзделген іс-шараларды өз деңгейінде орындайтын болсақ, біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылымыздың тиімділігі арта түсетіндігі сөзсіз. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Алайда мемлекеттік қызметшілерге жүктелген бұл міндет әлі де өз деңгейінде орындалмай келеді. Өз ісіне селқос қарап, жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметшілер осы әрекеттерімен ел сеніміне селкеу түсіруде. Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның қауіпсіздігіне, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына қауіпті. Халықаралық аренада Қазақстан Республикасының жағымсыз имиджін жасай отырып, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасайды. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі — парақорлық. Бірінші кезекте, пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп тамырымен жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік аурудың алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан-жылға өсе түсуде.
Мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткерлер мен мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен өзге де заңдарымен белгіленген шектеулер қабылдау, жақын туыстардың өздеріне тiкелей бағынысты лауазымдарды атқаруына жол бермеу, азаматтар мен заңды тұлғалардың арыз-өтініштерін заңдарда белгіленген мерзімде қарау, тексеру комиссиясында «сенім телефонының» қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу процедураларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларға сәйкес өткізу, ықтимал өнім берушілерге заңсыз артықшылықтар көрсетуге жол бермеу, төлемдер жүргізу кезінде нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мөлшерден артық төлемдерге, сондай-ақ негізсіз қаржы аударымдарына жол бермеу, тексеру комиссиясы қызметкерлерінің этикалық кодексі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, бақылау іс-шаралары барысында мүдделер қақтығысын болдырмау, бақылау объектісінің лауазымды адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, әкімшілік хаттамалар толтыру, бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға беру, бақылау іс-шараларын бюджет заңнамаларына, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу ережесіне сәйкес жүргізу, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізудің алдында бақылау жүргізуге жауапты тексеру комиссиясы мүшесінің жетекшілігімен бақылау объектілерінің қызметкерлерін жинап, таныстыру, жиналысын өткізу, бақылау объектілеріне олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, тексеру комиссиясында тұрақты жұмыс істейтін сенім телефонымен таныстыру, бақылау шаралары бойынша ашық есік күндерін жариялау сияқты бірқатар шараларды іске асыру қарастырылған. Бюджет қаржысын бағытталған мақсатқа дұрыс жұмсай білу – шағын ұйым мен мекеме, арғы жағы ірі мемлекеттік құрылымдар үшін өркендеп өрістеудің адастырмас жолы деуге болады. Жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік рухында тәрбиелеу мақсатында ғаламтор мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда. Ең көп пайдаланылатын facebook, twitter, vkontakte, instagram әлеуметтік желілерінде департаменттің арнайы парақшалары ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясат саласындағы жаңалықтармен ұдайы таныстырылуда. Сыбайлас жемқорлыққа жұртшылық немқұрайлы қарамай, оның алдын алу шараларында үлес қосса, осы «індеттен» бір жолата құтылуға бір табан жақын боламыз.
Бүгінгі таңда, Басқармада азаматтардан түскен арыз-шағымдар дер кезінде әрі уақытылы қаралып отырады. Ол үшін қазынашылық департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінде арнайы жәшіктер және сенім телефондары орнатылған.
Алина Абишева,
Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаментінің Шу аудандық қазынашылық басқармасының бас маман – бас қазынашысы.