Ақпараттық портал

Келіндер бақ сынасқан сайыс

Шу ауданында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттайтын ерекше спорттық шара – ауыл келіндері арасындағы дәстүрлі волейбол жарысы өз бастауын алды. Басқа өңірлерде сирек кездесетін бұл игі бастама жыл сайын жалғасып, ауданның өзіндік брендіне айналып келеді. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде өтті. Спорт мерекесіне ауданға қарасты 12 ауылдық округтен жиналған аяулы келіндер қатысып, өзара бақ сынауға мүмкіндік алды.

Шараның басты мақсаты – ауыл келіндерінің қоғамдық белсенділігін арттыру, спортты насихаттау, ауылдар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ ұлттық отбасылық құндылықтарды дәріптеу.
Салтанатты жиын барысында қатысушыларға аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Ержан Көрікбайұлы, аналар алқасының мүшесі Айжан Болатқызы және аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров ақжарма тілектерін білдірді. Өз сөздерінде олар қазақ қоғамындағы келіннің орны ерекше екенін атап өтіп, бүгінгі жарыстың тек спорттық бәсеке ғана емес, әйелдердің белсенді өмірлік ұстанымын көрсететін маңызды алаң екенін жеткізді.
Қонақтар барлық командаларға сәттілік, әділ ойын және жарқын жеңістер тіледі. Жарыстың ерекшелігі – командаларды жеребеге бөлу рәсімі ұлттық нақышта ұйымдастырылды. Қатысушылар асық арқылы жеребе тартып, жарыс кестесі анықталды. Бұл көрініс шараның мазмұнын байытып, ұлттық дәстүр мен спортты ұштастыра түсті. Ғани Бірлікұлы бұл жарыстың Шу ауданында бірнеше жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын айтып, оның маңыздылығына тоқталды.
– Бұл – басқа аудандарда көп кездесе бермейтін ерекше жоба. Біз келіндердің тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғам өміріне белсене араласатын, спортпен шұғылданатын, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар екенін көрсеткіміз келеді. Сондықтан бұл дәстүрлі жарыс алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді, – деді ол.
Шынында да, қазақ халқы келінді отбасының берекесі мен шаңырақтың ұйытқысы деп бағалаған. Ауыл-аймақтың берекесін кіргізіп жүрген келіндердің басын қосқан бұл жарыс – спорттық сайыс қана емес, өзара тәжірибе алмасудың, достық қарым-қатынасты нығайтудың және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын үлгісі. Жеңімпаздар жарыс қорытындысы бойынша анықталатын болады. Ал әзірге ауданның әр түкпірінен келген келіндер жеңіс үшін ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттау жолында да үлгі көрсетіп жатыр.
Аудандағы бұл игі бастама алдағы жылдары да жалғасын тауып, келіндер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтатын тағылымды дәстүр ретінде сақталары сөзсіз.
Мөлдір ЖЕКСЕНБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.