Ақпараттық портал

Педагогтің кәсіби дамуы: жаңа мүмкіндіктер мен жаңа белестер

Қазіргі жаңа технологиялық сабақтар баяндап беру, әңгімелеу үлгісінде емес, оқушыны сабаққа қызықтыра отырып, мақсатқа жету жолында оқуға құштарлығын арттырып, өздігінен ізденуге, ой қорытуға, шапшаң шешім шығаруға, алған білімін өмірде қолдануға үйретуге бағытталған. Альберт Эйнштейннің «Мен еш уақытта еш нәрсе үйретпеймін, тек қана олардың оқуы үшін жағдай жасаймын» дегені білім беруде жаңа технология үдерісінің талаптарымен үндесіп, бүгінгі білім беру саласының тынысын айшықтап тұрғандай.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалының ұйымдастыруымен математика пәні мұғалімдері үшін Шу ауданының А.С.Макаренко атындағы орта мектебінде «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын жүзеге асырудағы жаңа тәсілдер: мақсаттан күтілетін оқу нәтижесіне жету”, “Математика» тақырыбында курс жүргізілуде.
Курстың мақсаты – ҚР МЖМБС талаптарына сәйкес сабақтарды жобалаудың заманауи тәсілдерін меңгеру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, математикалық сауаттылықты қалыптастыру, сондай-ақ құндылыққа бағдарланған және инклюзивті тәсілдерді қолдану арқылы PISA, TIMSS және ББЖМ зерттеулерінде анықталған негізгі әдістемелік қиындықтарды жоюға бағытталған математика пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттерін дамыту.
Курс барысында тыңдаушылар қазіргі білім беру жүйесінде математика сабақтары тек теориялық білім берумен шектелмей, оқушылардың сыни ойлауын, зерттеушілік дағдыларын және өмірлік мәселелерді шешу қабілетін қалыптастыруға бағытталуына назар аударуда. Нәтижеге бағытталған оқыту – сабақ барысында қойылған оқу мақсаттарының нақты әрі өлшенетін нәтижелерге жеткізуге бағытталуда, яғни мұғалім алдымен сабақтың мақсатын айқындап, сол мақсатқа сәйкес тапсырмалар жүйесін құрастыруда. Бұл тәсіл оқушылардың оқу үдерісіне белсенді қатысуына, білімді саналы түрде меңгеруіне және оны практикада қолдануына мүмкіндік береді.
Математика пәнін оқытуда күтілетін оқу нәтижесіне жетудің тиімді жолдарының бірі – өмірлік жағдаяттарға негізделген есептерді қолдануға ерекше назар аударылуда.
Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар да білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналуда. Сонымен қатар, оқу нәтижесіне қол жеткізуде қалыптастырушы бағалаудың маңызы зор. Қалыптастырушы бағалау арқылы мұғалім оқушылардың оқу барысындағы жетістіктерін бақылап, кері байланыс береді. Бұл оқушыларға өз біліміндегі олқылықтарды анықтауға және оны түзетуге мүмкіндік беретіндігіне тоқталуда.
Қорытындылай келе, тыңдаушылар үшін курс дәрістері, тәжірибелері жаңалыққа толы, әсіресе жас мамандар үшін курстың тиімділігі зор. Жаңашылдығы мол мұғалімдерді оқыту дәрістері жоғары деңгейде өтілуде. Тыңдаушылар жаңашылдыққа деген қызығушылығын аңғартып, бірлесіп талдап, өз тұжырымдарымен бөлісіп, пікірлерін ортаға салуда. Осындай жаңашылдығы мол курстар жыл сайын ұйымдастырылса деген ұсыныстар да айтылып, ұстаздардың жаңашыл әдістемелерді мол жинақтауына қолайлы жағдай жасап отырған Кәсіби дамыту институтының директоры Қожамжарова Латипа Сейдахметқызына, ұжымға, дәріс өткізуде заманауи әдістемелердің сан түрін үйреткен тренерге шексіз ризашылықтарын жеткізуде.
Парида Каркабаева,
«Өрлеу» БАҰО АҚ «Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының тренері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.