Ақпараттық портал

Ыбырайдың ертегісін ұмытқан ұрпақ ертеңін ұмытады

«Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» деген жалынды үн қазақ даласында алғаш мектептің қоңырауын қаққан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үні еді. Арада бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол үн әлі күнге дейін қазақ баласының құлағында жаңғырып тұр. Бірақ біз сол үнді естіп жүрміз бе? Әлде ұлы ұстаздың атын мерейтой сайын ғана еске алып, шығармаларын күнделікті өмірімізден алыстатып бара жатқан жоқпыз ба?

Ыбырай Алтынсарин – жай ғана жазушы емес. Ол – қазақ баласының санасына білімнің шырағын жаққан тұлға. Оның әрбір әңгімесі мен ертегісі тұнып тұрған тәрбие мектебі. «Бір уыс мақта», «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Сәтемір хан» секілді шығармалар қанша буынның азамат болып қалыптасуына ықпал етті.
Бүгінгі қоғамға көз салсақ, Ыбырай көтерген мәселелердің әлі де өзектілігін жоғалтпағанына көз жеткіземіз. Мәселен, «Бай баласы мен жарлы баласындағы» Үсенді оқыған әр бала оның еңбекқорлығына, тапқырлығына, төзімділігіне сүйсінеді. Жоқшылықтан жасымайтын, қиындықтан жол табатын, еңбекті серік еткен Үсен кімнің болса да досы болуға лайық кейіпкер. Алайда қазіргі қоғамда балалардың таңдауы көбіне Үсенге емес, Асанға ауып бара жатқандай. Бүгінгі достықтың өлшемі адамгершілікпен емес, қалтадағы ақшамен бағаланатын кездер жиілеп кетті. Қалтасында ақшасы бар баланың маңайына топтасу қалыпты құбылысқа айналып барады. Бірақ өмірдің шынайы сынағы келгенде кімнің Үсен, кімнің Асан екені анықталады. Өмірдің дауылына байлық емес, білім мен еңбек қана төтеп береді. Ыбырай шығармаларының құндылығы да осында. Ол баланы байлыққа емес, еңбекке табынуға үйретеді. Даңққа емес, білімге ұмтылуға шақырады. Әр шығармасының астарында терең философия жатыр. «Әке мен бала» әңгімесін алайық. Бір тағаны көтеруге ерінген баланың кейін бір уыс шие үшін қайта-қайта еңкеюі — бүгінгі қоғамның дәл бейнесі секілді. Біз балаларымызға аз еңбектің қадірін үйретпей жатып, үлкен жетістік күтетін болдық. Баланың барлық қалауын орындауды махаббат деп түсінеміз. Телефон сұраса – телефон, планшет сұраса – планшет алып береміз. Бірақ кітап сұратуды, кітап оқытуды ұмытып барамыз. Бүгінгі ата-аналардың көбі баласының қолына кітап емес, смартфон ұстатып қойғанын байқамайды. Ал смартфон уақытты өлтірсе, кітап адамды тәрбиелейді. Смартфон көңілді ауласа, кітап сананы оятады. Смартфон ақпарат береді, ал кітап тұлға қалыптастырады.
Жақында «Сәтемір хан» әңгімесін қайта оқығанда ерекше әсер алдым. Ақсақ құмырсқаның қайта-қайта құлап, қайта-қайта өрмелеуін көрген жетім баланың намысы оянып, білім іздеп жолға шығуы – адамзат баласына арналған мәңгілік өнеге. Бұл ертегіде құмырсқа ғана емес, адамның өз тағдыры бейнеленген. Құлаған сайын қайта тұру – ұлы адамдардың ортақ қасиеті. Өкінішке қарай, қазіргі таңда балаларды тәрбиелеу міндеті көбіне телефонға жүктеліп кеткендей әсер қалдырады. Кешкісін үйде ертегі айтатын ата-ананың орнына мультфильм сөйлейді. Баланың қиялын кітап емес, экран билейді. Ал ұлттық тәрбиенің қайнар көзі болған ертегілер шетке ысырыла бастады.
Егер біз шынымен рухани жаңғыруды қалайтын болсақ, оны мерекелік жиындардан емес, отбасылық кітап оқудан бастауымыз керек. Балаларға шетелдік кейіпкерлерді жаттатпас бұрын, Ыбырайдың Үсенін, Абайдың талапты жастарын, Бауыржанның қайсар ұлдарын танытуымыз қажет. Ұлттың болашағы смартфондағы ойындармен емес, кітаптағы ойлармен қалыптасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың және көптеген мәдени-рухани жиындардың мінберінде: «Кітап оқитын ұлт қана зияткер ұлтқа айналады» деп ерекше атап келеді. Бұл жай ғана ұран емес, ел болашағына қатысты маңызды стратегиялық бағыт. Себебі кітап оқыған адам ойлайды, саралайды, ізденеді. Ал ойлайтын қоғам ғана өркениеттің көшіне ілесе алады.
Өкінішке қарай, бүгінде біз өнер мен тұлғаның өлшемін жаңылыстырып алғандаймыз. Бір әнді фонограммамен орындап шыққан адамды «өнер жұлдызы» деп аспандатып, ал ұлттың санасын өсірген ағартушылар мен ғалымдарды екінші қатарға ысырып қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Шын мәнінде, өнер адамы деген ұғым сахнамен ғана шектелмеуі тиіс. Нағыз өнер — адамзат өмірін жақсартатын жаңалық ашу, ғылымды дамыту, техника ойлап табу, ұлттың ой-санасын биіктету. Ыбырай Алтынсариннің өзі де осындай ұлы өнердің иесі болды. Ол домбырамен емес, біліммен; әнмен емес, ағартушылықпен халыққа қызмет етті.
«Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде Ыбырай атамыз дамыған елдердің қуаты ғылым мен технологияда екенін осыдан бір жарым ғасыр бұрын-ақ көрегендікпен айтып кеткен еді. Бүгінде сол елдер жасанды интеллект жасап, ғарышты игеріп, әлемдік технологияларды өндіруде. Ал біз кейде уақытша танымалдыққа қызығып, білім мен ғылымды дәріптеуді кейінге ысырып қоямыз. Мұның өзі ұлы ағартушыларымыз қалдырған мұраның қадіріне толық жете алмай отырғанымызды аңғартады.
Сондықтан Ыбырайды тану – бір мерейтой аясындағы шара емес, ұлттық сананы жаңғырту ісі. Ыбырайды оқу – кітап оқуға бет бұру. Кітап оқу – ойлы ұрпақ тәрбиелеу. Ал ойлы ұрпақ – қуатты мемлекеттің кепілі. Егер біз расында дамыған елдердің қатарына қосылғымыз келсе, баламыздың қолына телефоннан бұрын кітап ұстатып, уақытша жұлдыздардан бұрын Ыбырайдай шамшырақ тұлғаларды танытуымыз керек. Сонда ғана Президент айтқандай, кітап оқитын ұлттан зияткер ұлт қалыптасып, Қазақстанның келешегі кемел болмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.