Ақпараттық портал

Жасыл желекке жан бітірген жастар

Ел Президенті бастамашылық еткен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен жастарды еңбекке баулу бағытындағы маңызды жобалардың бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағы. Бұл бастама жас ұрпақты еңбекқорлыққа, туған жердің табиғатын аялауға, қоршаған ортаны қорғауға және қоғам өміріне белсенді араласуға үндейді. Осы игі мақсаттарды жүзеге асыру бағытында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды.

Биылғы жылы «Жасыл ел» еңбек жасағы арқылы аудан жастарын маусымдық жұмыспен қамту ісі жүйелі түрде ұйымдастырылды. Сәуір-мамыр айлары аралығында жалпы саны 94 жас еңбекке тартылып, туған өлкені көркейту жолында белсенді қызмет атқарды. Оның ішінде сәуір айында 49 жас, мамыр айында 45 жас жұмыспен қамтылды. Еңбек жасағы құрамында пробация есебінде тұрған азаматтар мен «NEET» санатындағы жастар да болды. Яғни, аталған жоба арқылы олардың қоғамға бейімделуіне, еңбек арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына үлкен қолдау көрсетілді деуге негіз бар.
– Биылғы жылы ауданда «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жастарды жұмыспен қамтумен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, еңбек мәдениетін қалыптастыруға және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аудардық. Еңбек жасағы құрамына түрлі санаттағы жастардың, оның ішінде пробация есебінде тұрған және «NEET» санатындағы жастардың тартылуы – олардың қоғамға бейімделуіне және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жасалған нақты қолдау деп білеміз. Жастар ағаш отырғызу, саябақтар мен аллеяларды абаттандыру, тарихи-мәдени орындарды күтіп ұстау, жалғызілікті қарияларға көмек көрсету, экологиялық акцияларға қатысу сияқты қоғамдық маңызы зор жұмыстарға белсенді атсалысуда. Осындай игі істер арқылы жастардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік, ұйымшылдық, үлкенге құрмет, туған жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер қалыптасып келеді. Мемлекет басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен жастардың белсенділігін арттыру мәселесіне әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардан жастар да шет қалмай, туған өлкесінің тазалығы мен көркеюіне өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Бүгінде «Жасыл ел» еңбек жасағы көптеген жастар үшін алғашқы еңбек мектебіне айналды. Олар жауапкершілікті сезінуді, ұжыммен жұмыс істеуді, уақытты тиімді жоспарлауды және өз еңбегінің нәтижесін бағалауды үйренеді. Алдағы уақытта да ауданымыздың жастарын экологиялық, әлеуметтік және қоғамдық жобаларға кеңінен тартуды жалғастырамыз. Біз жастардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп, олардың жаңа идеялары мен жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасауға дайынбыз. Өйткені елдің ертеңі – білімді, еңбекқор, белсенді әрі отаншыл жастардың қолында, – дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ғани Қойбағаров.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарының жаңа еңбек маусымының жұмысы алдымен Төле би ауылында орналасқан Оқушылар сарайының алаңында бастау алып, мекеме аумағына 100 түп павлония ағашының көшеттері отырғызылды. Маусым ашылған күннен бастап еңбек жасағының жастары Төле би ауылындағы М.Жүнісалиев атындағы саябақта күнделікті тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп отырды. Олар саябақ аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, гүлзарлар мен жасыл желектерді күтіп-баптап, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты. Сонымен қатар еңбек жасағының мүшелері аудан орталығындағы «Даңқ» аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізіп, тарихи орындардың көркін арттыруға атсалысты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында да аудан жастары айтарлықтай белсенділік танытты. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары Shen Hai Bio Tech зауыты аумағында ағаш отырғызу жұмыстарын ұйымдастырды.
9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай «Жасыл ел» жастары Төле би ауылындағы М.Жүнісалиев саябағында орналасқан ескерткіштер мен мемориалдық нысандардың аумағын тазалап, олардың күтіміне ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ Жеңіс күні мерекесі қарсаңында жастар жалғызілікті қарттардың үйлеріне арнайы барып, әлеуметтік көмек көрсетті. Олар аула тазалап, жер қопсытып, ағаштарды бұтап, бау-бақша жұмыстарын атқарды.
Аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық медиа орталығы және Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен ұйымдастырылған «Мөлдір су – табиғаттың таза үні» атты экологиялық акция да көпшіліктің қолдауына ие болды. Акция барысында Шу өзенінің жағалауында тазалық жұмыстары жүргізіліп, өзен маңы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Бүгінде «Жасыл ел» еңбек жасағы жастарды жұмыспен қамтудың тиімді тетігіне айналып отыр, олардың азаматтық белсенділігін арттыратын, еңбекке баулитын және туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын үлкен мектепке айналып отыр.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.