Сапалы сабақ – сапалы білімнің кепілі
Қазіргі білім беру үдерісінде сабақтың дұрыс әрі сапалы жоспарлануы оқу нәтижесіне тікелей әсер етеді. Сондықтан педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи талаптарға сай сабақ ұйымдастыру дағдыларын жетілдіру – білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы орта мектебінде мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамытуға бағытталған «Сабақ лабораториясы» жобасы аясында «Сапалы сабақ – жарқын болашақтың бастауы» тақырыбында мектепішілік семинар-практикум өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты – мұғалімдердің қысқа мерзімді сабақ жоспарларын жаңартылған білім мазмұны талаптарына сай тиімді құрастыру дағдыларын жетілдіру, сабақ құрылымындағы мақсат, әдіс-тәсілдер, бағалау мен рефлексияның өзара байланысын айқындау болды. Іс-шара барысында қатысушыларға сабақ жоспарлаудың заманауи талаптары түсіндіріліп, оқу мақсаттарын нақтылау, күтілетін нәтижелерді дұрыс анықтау және белсенді оқыту әдістерін тиімді кіріктіру жолдары жан-жақты қарастырылды.
Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар топтық жұмыстарға тартылып, өз пәндері бойынша сабақ жоспарларын құрастырды. Семинардың ерекшелігі оның лабораториялық форматта ұйымдастырылуында болды. Әрбір мұғалім әзірлеген жұмысын қорғап, әріптестерінен сындарлы кері байланыс алды.
Жұмыс барысында сабақтың кіріспе, негізгі және қорытынды кезеңдерінде қолданылатын әдіс-тәсілдердің тиімділігі, бағалау критерийлері мен дескрипторлардың нақтылығы кеңінен талқыланды. Тәжірибе алмасу кезінде педагогтер сабақ жоспарын әзірлеу барысында кездесетін қиындықтармен бөлісіп, оларды шешудің тиімді жолдарын бірлесе қарастырды.
Семинар соңында қатысушылар өздеріне қажетті әдістемелік ұсыныстар алып, кәсіби тәжірибе алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Олар мұндай тәжірибелік бағыттағы іс-шаралардың педагогтердің кәсіби дамуына оң ықпал ететінін жеткізді.
Қорытындылай келе, «Сабақ лабораториясы» семинар-практикумы мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасаған, білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды әрі мазмұнды іс-шара болды. Осындай игі бастамалар педагогтердің шығармашылық ізденісін арттырып, сапалы білім берудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Жазира Ахаева,
М.Х.Дулати атындағы орта мектеп директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары.