Ақпараттық портал

Жала мен жаза

(Жерлесім, «Халық Қаһарманы»
Қайрат Рысқұлбеков туралы
бір үзік сыр)

«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар!»

Деген екен сот алдында Қайрат ер,
Өз басына төнсе дағы сан қатер.
Көз алдында көлденеңдеп тұрғандай,
Кінәсіз-ақ шейіт болған жан бекер.

Бар шындықты бетке айтты батырып,
Тұрса дағы айыптаушы ақырып.
Жарқылдады найзағайдың отындай,
Туған елге әділдікті шақырып.

Естіді ол бейбіт шеру хабарын,
Жөн санады орталыққа барарын.
Кешке қарай достарымен бас қосып,
Алаң жаққа қадап еді жанарын.

«Тараңдар!» деп өктем дауыс бұйырды,
Қолдан жасап құйтырқы бір құйынды.
Көпшілікке көлікпенен су шашып,
Қыстың күні атқылады жиынды.

Қандастарды қайғы бұлты торлады,
Шаштан тартып, қыздарды да қорлады.
Қатыгездік белең алған сол сәтте,
Қайраттар да аруларды қорғады.

Бейбіт шеру қақтығысқа ұласты,
Қырғи-қабақ төбелеспен түн асты.
Сырттан келген жендеттер де жұтынып,
Қызыл қанға батырғандай құлашты…

…Қайратты да тұтқындады, тергеді,
Тәулік бойы бір тыныштық бермеді.
Жазалаудың қандай түрін көрсе де,
Айтқанына айқайшының көнбеді.

Ойда жоқта жала деген жабылды,
Пәле қуған адамдарда табылды.
Жасақшыны өлтірді деп кінәлап,
Ауыр қылмыс мойнына тағылды.

Ұлт намысы осылайша тапталды,
Кім ұнатар түрме дәмін татқанды?
Саясаттың құрбаны боп боздақтар,
Маскүнем боп, нашақор боп датталды.

Жоғарғы сот істі шұғыл қарады,
Қайратқа да бір сұмдықты табады.
«Атылсын!» деп үкім шықты күтпеген,
Суық хабар бар әлемге тарады.

Шахановтар жайбарақат жатпады,
Қайрат ісін адал іс деп ақтады.
Бәлкім содан өзгертіліп үкім де,
Қару алып оны ешкім атпады.

Баян еттім, жала менен жазаны,
Жақындатты жұмбақ өлім, қазаны.
Желтоқсанның ақиқатын жаңғыртып,
Жастар жағы әлі талай жазады.

Қайрат – батыр, Қайрат – ақын туғаннан,
Кем болмайды адалдықты қуған жан.
Мейірімді де, қайырымды да жан еді,
Жарқ етті де, жоқ болды ғой, жалғаннан.

Күйін кешіп көрмеген ол «өгейдің»,
Әні болды күмістелген көмейдің.
Малды өңір Мойынқұмда туса да,
Топырағы бұйырыпты Семейдің.

Қайрат ісі құпияда сақталды,
Қалың қазақ аңсап күтті ақ таңды.
Жазықсыз-ақ жапа шеккен Қайрат та,
Елбасының жарлығымен ақталды.

Толғандырған үлкен менен кішіні,
Біраз жайлар мазалайды кісіні.
Халқы үшін құрбан болған Қайраттың,
Саябақта тұрса деймін мүсіні.

Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.