Біз арқалаған «аманат» жүгі ауыр
Күлтөбенің басында күн де жиын өткізген бабаларымыз “келісіп пішкен тон келте болмайтынын” қадым замандардан-ақ аңғарған. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп бір мақсатқа, бір мүддеге тоқайласып, тірліктері бірліктің арқасында тындырылып отырған. Ата қазығымыздан айнымай, бұл күндері де сол сара жолды жалғап, кез келген істі жабыла, жұмыла шешіп жүрміз. Өйткені, бірлігі мықты елді дау да, жау да ала алмайды. Дамудың даңғыл жолына түскен қай мемлекетті алсаңыз да әрқашан өзгеріс үстінде, жаңару, жаңғыру жолында адымдап басып келеді. Біз де адымдап баспасақ та алшаң басып, өз негізімізден ажырамай, өзгеріске бет бұрудамыз.
Дамудың жаңа табалдырығына беттеген жасампаз ел ретінде әлем назарын өзіне аударып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміз “Жаңа Қазақстанды” құру жолында. Кейінгі жылдары елімізде болған саяси өзгерістер, атап айтқанда, Жалпыұлттық референдум, кезектен тыс Президент сайлауы, Парламент Мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, тағы басқа өзгерістер «Жаңа Қазақстанды» бірге құру жолындағы нақты қадамдар деп білеміз. Осы бағытта елімізбен қатар біздің Шу ауданында да атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Осы тұста халқымыздың әл-ауқатын көтеруде өзіндік орны бар, әрі өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, болашағымызға бағдар жасауға бел буған “Amanat” партиясының аяқ алысын жазуды жөн көрдік.
Осыған орай “Amanat” партиясы Шу аудандық филиалының атқарушы хатшысы Болатхан Ниязбековпен сұхбаттасқан едік.
– Болатхан Кемелханұлы, мемлекеттің ілгерілеп алға жылжуында “Amanat” партиясының алар орны ерекше. Аты өзгерген партияның заты да өзгеруіне сіздер себепшісіздер. Халықтың бел ортасынан табылып, елдің мұң-мұқтажын ескеріп, кері байланыс орнатуда да талмай еңбек етіп келесіздер. Бүгінгі “Amanat” партиясы аудандық филиалының жұмыс қарқыны қалай?
– Біз ең алдымен “Amanat” партиясының саяси тұғырнамасында көрсетілген ««AMANAT» партиясы еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде, бұлжымас қағидаларын, саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындады. Біз Асан Қайғының Жерұйығы мен Әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық миссиясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз» деген ұранды сөзін басшылыққа алып, осы сөздің үдесінен шығуға тер төгеміз.
Рас, атауы өзгергенімен жұмыс бағыты қаншалықты өзгерді деген заңды сауал туындайды. Съезден кейін жұмыс бағыты өзгеріп, алдымызға жаңа мақсат-міндеттер қойылды. Мәселен, кезекті жиыннан кейін партияны жаңғыртудың 7 басымдығынан туындайтын міндеттерді іске асыру қолға алынды. Біріншіден, халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру. Ақиқатында, бұл уақыт талабы. Екіншіден, партияластар арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Аталған бағытта партия филиалдарында жұмыс бір жүйеге келтірілген. Үшіншіден, партияның жұмысындағы ашықтық. Партия жанындағы барлық Қоғамдық кеңес отырыстары әлеуметтік желіде «тікелей эфир» арқылы көрсетілуде. Төртіншіден, партиялық бақылауды күшейту. Ол бойынша партия облыстық филиалының жанынан құрылған арнайы комиссия жаңа форматта жұмыс жасауда. Бесіншіден, партияның бағдарламалық құжаттарын қайта қарау. Алтыншыдан, халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеу. Бұл бойынша ұсыныстар әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде. Жетіншіден, «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын жетілдіру. Қазіргі таңда жастар қанатының атауы «Жастар рухы» болып өзгергені баршаға аян. Өз кезегінде, мұндай өзгерістер жастарға да үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
Партия Шу аудандық филиалының есебінде соңғы дерек бойынша 4440 партия мүшесі тіркелген, олар 28 бастауыш партия ұйымында 148 топқа біріктірілген. Партия мүшелерінің барлығы электрондық дерек қорына енгізілген. Бүгінгі таңда 4440 партия мүшесінің 349 партия мүшесі зейнеткерлерден тұратын болса, 239 мүшесі жұмыссыздар, 210 партия мүшесі бала күтімі бойынша ақысыз демалыста, 12 партия мүшесі мүгедектер болып табылады. Жыл басынан партия қатарына 63 адам қабылданды.
Есепті кезеңде партия Шу аудандық филиалының кезектен тыс – 3 және 1 кезекті есеп беру-сайлау конференциясы, яғни бас-аяғы 4 конференция өтті. Конференция құжаттары тиісті талаптарға сәйкес рәсімделіп, жасақталды.
Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың аумақтық Жол картасында барлығы 64 іс-шара қамтылған. ІІІ тоқсан қорытындысымен жүргізілген талдау нәтижесі бойынша 64 іс-шараның 28-і (43,8 пайыз) орындалған, 36-ы (56,2 пайыз) – орындалу барысында. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясындағы ауданда жүргізіліп жатқан түрлі құрылыс насандарына қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында 4 партиялық бақылау бекеттері құрылып, жұмысын жалғастыруда. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері есепті кезеңде аудандағы азық-түлік, дәрі-дәрмек және жанар-жағармай бағасын зерделеу бойынша тұрақты түрде рейд өткізіп, құрылысы жүргізіліп жатқан аудандағы 4 нысандағы партиялық бекеттің жұмысын қадағалауда.
Ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында «Балаларды мектепке даярлайық!» республикалық акциясы да партия ықпалымен сәтті өткізілді. Бұл акцияға депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен кәсіпкерлер жұмылдырылды. Нәтижесінде, акция аясында 247 балаға мектепке қажетті формасы мен оқу құралдары, арнайы кеңсе тауарлары алып берілді. Аталған акцияға барлығы 6 млнға жуық қаражат жұмсалды.
Сонымен бірге, тұрғындарға ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында сайлауалды бағдарламадағы облыс бойынша жоспарланған шаралар мен көрсеткіштер бейнеленген 3 билборд орналастырылды. Сондай-ақ партия аудандық филиалының мәжіліс залында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ауданның зағип жандарымен кездесу өтті. Шара барысында партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы аудандық зағиптар қоғамының белсенді мүшелерін «Құрмет грамоталарымен» марапаттап, шараға қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтарды табыс етті.
-Соңғы уақытта «AMANAT» партиясы бірқатар бастамаларға ұйытқы болып жүр. Оның ішінде, біз білетін «Жер Аманаты» және «Ауыл Аманаты» жобалары. Осы жобалар туралы тарқатып айтып өтсеңіз.
– Халқымызда «Жер – елге аманат, ел – ерге аманат» деген сөз текке айтылмаса керек-ті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бергені белгілі. Президенттің қоғамдық тірегі ретінде партия бұл мәселені шешуге атсалысуға кірісіп кетті. Осы орайда, «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Қазіргі таңда ол комиссия пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен белсенді айналысуда.
Аталған комиссия біздің өңірде де құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде бүгінгі күні «Жер аманаты» жобасы бойынша “Amanat” партиясы Шу аудандық филиалы жанынан құрылған жұмысшы топ құзырлы органдармен бірлесе отырып, бос жатқан жайылымдық жерлерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Жоба аясында 2023 жылы аудан бойынша 23 мың гектарға жуық жайылымдық жерді қайтару межесі қойылған. Бүгінгі күнге жоспарға сәйкес 18,8 мың гектар жер мемлекет тарапына қайтарылды. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалатын болады. 2022 жылы 36 мың гектар жер қайтарылды.
Жер мәселесіне қатысты қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2 өтініш түсіп, бүгінгі күнге оның 2-і оң шешімін тапты.
Ал “Ауыл аманаты” жобасы аясында Шу ауданындағы 3 ауылдық округте бүгінгі күнге 166 адам 826 млн теңге несие қаражаттарын алды. Сонымен қатар, үш ауылдық округте 62 млн теңгеге техникалар алынды. Қалған қажетті техникалар жыл аяғына дейін беріледі.
Сонымен қатар, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы да ауданда табысты іске асырылды. Шу қаласы мен жоба өткен 14 ауылдық округте бастапқы жоспарланған 900 адамның орнына 975 адам арнайы 13 курстан өтіп, сертификаттар табысталды. «Қарызсыз қоғам» жобасы Шу ауданында 108,3 пайызға орындалды.
-Сайлау науқанында және сайлаушылармен байланыс орнатуда қандай жұмыстар атқардыңыздар?
-Жалпы, жыл басынан ауданда 8 ауылдық округ пен Шу қаласында барлығы 9 рет әкімдердің сайлауы өтті. Оның ішінде 3 округте конференция арқылы, ал қалған Шу қаласы мен 4 ауылдық округте «AMANAT» партиясының мүшелері, өзін-өзі ұсынушы кандидаттар болды. Сондай-ақ, қарашаның 12-де Дулат ауылдық округі әкімінің сайлауы жоспарланған. Аталған ауылдық округ әкімінің кандидатурасы аудандық конференция арқылы ұсынылды. Партия жұмысын ақпараттық сүйемелдеу бойынша партия аудандық филиалының Фейсбук және Инстаграм парақшаларында жыл басынан бері 250 материал жарияланды.
Сайлау науқаны барысында сайлаушылардан 39 аманаттар, ұсыныстар мен тілектер түскен:
– 1-і облыстық мәслихат депутатына;
– 38-і аудандық депутаттарға жолданды.
Бүгінгі күнге 31-і (81,5 пайыз) оң шешімін тапса, қалған 7-і орындалу үстінде.
Ағымдағы жылдың басынан партия аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 81 қабылдау өткізіліп, 245 өтініш келіп түскен. Түскен өтініштердің 110-ы оң шешімін тапты, яғни 45 пайызды құрайды, ал қалған 135 өтініш немесе 55 пайыз заң аясында түсіндірілді.
Сайлаушылар аманаттарының және мобильді көшпелі қабылдаулар барысында түскен өтініштердің орындалу барысы қараша айында партия аумақтық филиалдары Саяси кеңесі Бюросының отырысында қаралатын болады. Кестесі бекітілді.
– Сөз басында «Jas Otan» жастар қанаты «Жастар рухы» болып атауын өзгерткенін айтып кеттіңіз. Бұл жастарға қандай жауапкершілік жүктейді немесе нендей өзгерістер алып келеді?
– Партияны дамытудың кезекті кезеңі оның жастар қанатын жаңғырту болып саналады. Партиямен қатар жастар қанатының да жұмысы жаңғырып, атауы «Жастар рухы» болып өзгертілді. Ал «рух» сөзі халқымыз үшін киелі құндылықтарды білдіретін ұғым. Бұл атау өте терең мағынаға ие, үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа атау ұйымның жұмысын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Яғни, жаңартылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс. Сондай-ақ жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналуы қажет.
Меніңше, оларға қандай да бір жауапкершілік жүктеуден бұрын «мүмкіндік» беруіміз керек. Яғни, еліміздің саяси өміріне, бизнеске, басқа да қоғамдағы маңызды мәселелерге еркін араласу үшін тең мүмкіндік беру. Президент бастамасымен осы өзгерістердің барлығы Конституциямызға енгізілді. Демек, жастардың бүгінгі қоғамға деген көзқарасы өзгеріп, бастамашыл топтың алдыңғы қатарында солар жүруі тиіс.
«Аmanat» партиясының Шу аудандық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатында 316 мүше тіркелген. «Жастар рухы» ЖҚ жыл басынан 21 іс-шара өткізіп, оған 649 жастар қатысты. Оның ішінде жастарға кеңес, бос орындар жәрмеңкесі, колледждердің жатақхана мәселелері бойынша зерделеу жүргізіп, «Қауіпсіз аула» акциясын, «ТазаLike», «Qaisar» жобаларын іске асырды. Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бойынша жастар ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Бұған қоса “Бақытты отбасы” жобасы бойынша Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзікжандыларға құттықтау жолдап, “Халықаралық балалар күнінде” асфальтқа сурет салу сынды іс-шараларды өткізді.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Айғаным Асқарбек.