Ақпараттық портал

ЖЕЛТОҚСАН ТҮНІ ызғарлы

Кеш мезгілі. Әр студенттің бөлмесінен кішкентай қобдиша секілді жаңалық жаршысы – бес сомдық радиодан Қазақстан Республикасының тізгінін ұстаған басшы орыс тілді Колбин екендігі жария етілді. Ол кезде тарих бөлімі жатақханасында тұратынбыз. Бөлмеде жалғыз өзім ертеңгі сабаққа конспект жазып отырған едім. 15-желтоқсан күні сағат түнгі ондар шамасында жатақхана кезекшісі жоғары қабатқа көтерілуіме өтініш етті. Шықсам, жоғары қабат дәлізі студенттерге лық толы екен.Бірінші-бесінші курстар. «Өз елімізді басқаратын қазақ болуы керек» деген сөз құлағыма шалынды.
-Біз “петиция” жазайық.
-Ол қағаз ешкімге жетпейді, Аймена,-деген дауыстар естілді.
Әдеміше, ақ футболка киген сары қыз Аймен тарих факуль-тетінің бесінші курс студенті. Ал, жігіттер бұл мәселені шешіп, жоспар құрып қойған тәрізді.
-Бізді қолдаушылар бар ма?
-АЗВИ, СХИ студенттері, Архитектура-құрылыс студенттері, «Орбита» мөлтек ауданынан қосылады, КАЗГУ-град ішінде қатар тұрған журфак, тарих жатақханасынан сәл алшақ тұрған “юрфакта” да қозғалыс бар.
16-желтоқсан күні жатақхана мен оқу корпусына бір-екі-ақ адам сиятын жолмен сабақтан кешікпеуге асығамыз. Бүкіл қалашық осы жолмен жүретіндіктен, тапталып, мұз қататындықтан құлап алу әдетке айналған, әсіресе қыздарға.
Бұл күні барлық есік жабық, он-он екі лифтімен көтерілетін орталық есіктің алдында екі кезекші білектерін сыбанып, “қызыл” байлап алған жігіттер тұр. Оқу корпусына кіріп, курстастарымды іздедім. Лекция, оқу дәрістері де жоқ, ешкімді таппадым.
Кезекшілер «Тимирязев көшесінің бойында қалашықтың студенттері көлік жүретін жолда сап түзеген» деп жөн сілтеді.
-Лязка, келе ғой!-дейді ақтаулық жан құрбым Гүлбаршын.
Автобустар мен көліктердің жол қозғалысы тоқтады. Алаңға бет түзегендердің саны үсті-үстіне ұлғайды. Жол бойы халыққа үндеу жолдаған сөйлеушілерге сөз берілді. «Ұшқыш, Совет Одағының батыры Нүркен Әбдіровтің туысымын» деген әйел даусы өктем-өктем естілді.
Күн ызғарлы, жерде мұз қатып тұр. Бұл керуен көші менің өмірімдегі ең ұзағы секілді есімде қалды. Далада микрофон ұстаған адамдардың дабылы аракідік саңқылдап тұр. Үкімет басшылары шығатын мінбенің баспалдақтарына қарай бет алып, қайта шегінеміз. Аяқ астыма көз тіккенде қызыл-қоңыр мрамор көрінді. Артымыздан қыздардың «абайлаңдар, жігіттер сақ болайық!» деген дауыстары естіліп жатты. Шынында, өз-өзіңе ширақ болмасаң, құласаң, тапталып қалатындайсың, ине шаншар жер жоқ. Далада кетіп бара жатқан жүргіншілер, қала халқы мен терезеден жәудіреген жанарлардың көз тіккенін көрдім. Араларында үлкен кісілер бар. Бірақ алаңның нағыз батырлары ортада, бүгінгі қожайындары, болашаққа деген өз мүдделерін алға тартады, ешкімге дес бермейді. Қорқу, үрку дегенді білмейтіндер. Алыстан қаз-қатар тізілген қара пальто, қара бөріктілердің мінбеге көтерілгенін көзім шалды. “Студенттер, тараңдар!”, “Студенттер, жастар, тараңдар!” дегеннен басқа артық сөз жоқ,
Түннің екінші бөлігінде әл-Фараби көшесінің бас жағынан әскерилер лап берді. Бастарында дөңестеу шлем-каска, кеуделерін төртбұрышты қалқанмен қымтаған, қолдарында таяқ секілді қол шоқпарлары, қастарында үріп тұрған үлкен иттері бар.
-Ол таяқ емес, іші темір болу керек,-дейді бір жас дауыс.
Бір кезде қалың жұртшылыққа су шашатын машинаның гүрілі естілді. Соғыс жылдарындағы аталарымыз айтып тауыса алмайтын “танк” келе жатқан секілді. Қараңғы түннің мұз құрсауында суық суға тап болсаң, қатасың да қаласың.
-Жоқ, бұл су емес, “слезоточивый газ”,-деді біреу орысшалап.
Иә, біз Бөгенбай батырдың ешнәрседен қаймықпайтын ұрпағы емес пе едік?! Әлі де болса жақындай түссін дегендей күте тұрдық. Бейбіт шеруге шыққан жалындаған жастармыз, қолымызда ата-бабаларымыз жаудан қорғанған қылыш, найза жоқ. Жиырма бір, жиырма екі жастардағы тәуелсіздікті аңсаған, қылшылдаған жаужүрек мың балалармыз. Алаң әп-сәтте алай-дүлей болып, ойбайлаған ащы дауыстар жаңғырығы естілді. Көшенің отты шамдары «Енді қашыңдар, басқа амал жоқ!» дегендей сыңай танытады. Бәрі астаң-кестең. Қыстырылып қалған шаштарын түзеп, қыздар әлек. “Гүлбаршын, шашыңды пальтоңа тық!” деген күйде лезде бір-бірімізден айрылыстық. Артқа қарай шегінгенім сол еді, «ол жақ “баррикада” ұсталасыңдар, мына тұрған үйлердің ішіне қарай жүгіріңдер» деген біреулер көмек көрсеткендей болды.
“Зытып келемін, зытып келемін. Артыма қарай зытып келемін” деген екен қазақ солдаты. Сол секілді мен де желаяқ әскерилер мен абалаған иттерден қашып келемін, қашып келемін…
Бұл оқиға, құдды бір түс көргендей санамда жатталып қалыпты. Кейде өң мен түстің арасында отырып, шошып кетемін. Келер ұрпақ енді мұндай сәттің куәсі болмаса екен деймін.
Ләззат Оразбаева,
Шу қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.