Баспасөзге жазылу – баршаның ісі
«Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінен қазіргі заман көзқарасы бойынша газет беделіне немқұрайды қарайтын көпшіліктің көбейгені рас. Тек әлеуметтік желідегі өтірік-шыны аралас ақпаратты пайдалану ұлтымыздың болашақ ой-өрісінің дамуын тарылтады»- деген сөзді сенатор төрағасы М.Әшімбаев іс-тәжірибеге сүйене отырып, толық сеніммен айтқандай. Өкініштісі сол, қазір көп адам, оның ішінде көзі ашық, сауатты, іс басында жүрген азаматтардың өзінің газет оқымайтындығының шындыққа айналып отырғандығы.
Газетке өткен шақтың белгісі ретінде қарайтындардың да қарасы қалың. Ай сайын 4-5 мың теңге төлеп, татымсыз дүниелерді көруге көз жанарын тауысып, қала берді ақпарат ағынының көптігінен есте сақтау қабілетінен айырылып, халықтың жүйке ауруына шалдығып жатқандарын ескертіп, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қаншама дабыл қаққанымен, нәтиже берер емес. Ғаламтордағы көз алдайтын арзанқол дүниеге алданған ұрпақтың газет-журналдардағы салмақты дүниелерді оқуға өресі де, шыдамы да жетпейді-ау. Кез келген оқушы, мұғалім, зейнеткер болсын әлеуметтік желідегі грамматикалық қателіктерге назар салмай, өздері де сол қателіктерді қолданып жүр. Қазіргі ақпарат ағынында ой-дүниенің еркіндігін асыра пайдаланып, не болса соны әлеуметтік желіге қалай болса солай салып, өзін көрсететін авторлар көбейді. Дұрыс, әркімнің өз құқығы бар. Десек те, неге сауатты жазып, келелі ойды білдірмеске? Газет сауаттылық пен эстетикалық білімнің жаршысы. Абайдың бірауыз нақыл сөзін, өлеңін білмейтіндердің желіде ақыл айтып, кемеңгер болып жатқандарын көріп жүрміз. Ал, газетте сондай былғаныш сөздер бола ма? «Жоқ» деп айтуға толық негіз бар. «Газетке жазылу әркімнің өз еркі» десек те, әлем елдерінің алдыңғы қатарындағы Жапония, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция сынды дамыған мемлекеттерде газет басылымдарының саны күн сайын қарқын алуда. «Газет–журналдар ұлттық рухани қазынамыздың бірегей нұсқасы, өркениеттің ажырамас бір бөлігі» деп ой қорытқан да солар.
«Жаһандану жаппай интернетке байлану деген сөз емес, ғаламтордағы нәрсенің бәрін дұрыс деп қабылдасақ, келешек ұрпақ өз келешегіне тас лақтырғанмен бірдей»-деген жапон ғалымының сөзі туралықтың туы іспетті. Болашақты болжай білетін, ғылым-білімі озық елдер өз елінің болашағына осылай алаңдап, оңды іс әрекет етуде.
«Біздің халық өте еліктегіш. Терісі қайсысы, оңы қайсысы. Бағамдап жатпай тез қабылдайтынымыз өзімізге сор болып жүр ғой»-деп ашынған Шерағаның ой таразысына қалай қосылмайсың.
Жақында өзін ақсақалдар алқасының белсенді мүшесімін деп жүрген кісімен әңгімелесе отырып, «ауданымыздың жаңалық жаршысы болып жүрген «Шу өңірі» газетіне жазылдыңыз ба?»- деп сұрағанымда пошта байланысын кінәлап, немқұрайдылығын біреуге арта сөйлеген дардай адамның тірлігін не деп бағаларымды білмедім. Қазіргі қарттыққа аяқ басқан кісінің кейінгі жастарға үлгі болып, газетте жарияланған дүниелердің сүзгіден өтіп, салмақты ой тастайтын жәдігер екенін сезінбеуіне «жасында байқары жоқтың қартайғанда айтары жоқ» деген халық нақылы тауып айтылған ба дерсің.
Қарапайым есепке жүгінсек, ай сайын интернет желісіне 3-5 мың теңгеден шамалағанда жылына 40-50 мың теңге төлеп, татымсыз дүниелерді көргенше 2-3 мыңға жазылған газеттің бүкіл отбасының қажетіне жарайтынын білмегендеріне қарның ашады екен. Айту парыз десек, үлкендердің үлгі болар қасиеттерінің бірі ретінде өздеріне ұнайтын мерзімді басылымдарға (әр үйдің үлкендері бар), оның ішінде 90 жылдық ғұмыры бар аудандық төл газетімізге жазылу деңгейінің көңіл көншітпейтіндігін назарға салғымыз келеді. 100 мыңнан астам тұрғыны бар ауданымызда небәрі 3 мың дана ғана таралыммен тарайтын газетімізге ауданымыздың белсенді азаматтары, іс басындағы жергілікті ауыл әкімдері, түрлі мемлекеттік ұйым басшыларының селқостық танытып отырғандығын айқын аңғаруға болады және бұл дәлелді шындық. Еліміздің кез келген азаматының ұлттық болмысы өз отбасынан бастау алатындығын ескеретін әр адам өз ошағы іспеттес болған «Шу өңірі» газетіне жазылуға бір кісідей атсалысады және оң өзгеріс орын алады деп зор сенім артамыз.
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ.