Жылу жүйесіндегі жұмыс жүйелі
Аудандағы халыққа қызмет көрсетіп отырған бірнеше мекемелердің қатарында Р.Көккөзовтың басшылығындағы «Шу-жылу» коммуналды мемлекеттік кәсіпорны да маңызды рөлге ие. Әсіресе, бүгінгідей қыстың қақаған суығында мұндағы қызметкерлердің тынымсыз тірлігі одан әрі арта түспек.
Жалпы, 70-ке жуық адам еңбек ететін кәсіпорынның негізгі қызметі – жылу энергиясын өндіру, беру және тарату, көрсетілетін қызмет үшін төлем алу тәртібін жүзеге асыру болып табылады. Бүгінгі таңда Шу қаласындағы 57 көппәтерлі тұрғын үй, 226 жеке үй, 20 әлеуметтік нысан (оның ішінде білім беру нысандары-14, денсаулық сақтау нысаны-1, мемлекеттік мекемелер-4, мәдениет нысаны-1), 55 өзге де нысандар, барлығы 358 нысан «Шу-жылу» КМК-ның сапалы қызметін тұтынып келеді. Осыған орай, қызметкерлердің жалақысын әр жыл сайын арттырып отыруды да басшылық қолға алған.
Жылу желілері бойынша айтар болсақ, оның жалпы ұзындығы 16,7 шақырым. Өткен жылы жылу желілерінің тозу дәрежесі 55,3% құраған. Алайда, апатты жағдай орын алған жоқ. Соған қарамастан, өнімді сатудан және қызмет көрсетуден түскен табысқа бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мысалы, Шәкіров көшесі бойынша ЖК 57-ен ЖК 59-ға дейінгі жылу трассасын ауыстыра отырып, желілік инженерлік желілерді, «Қант зауыты» ықшам ауданындағы Крупская көшесі №7 үйден бастап 1-ші Автобазовская көшесіне дейінгі жылу трассасын ауыстыра отырып, желілік инженерлік желілерді, әуе компенсаторынан ЖК 66/1 дейін желілік инженерлік желілерді, ЖК №46-дан ЖК 48-ге дейін, ЖК 47-ден Қонаев №14 тұрғын үйіне дейінгі желілік инженерлік желілерді күрделі жөндеу, ЖК 59-дан Түйебек көшесіндегі №16/1, 16/2 тұрғын үйлерінің жылу камерасына дейін жерасты жылу желісін ауыстыру мен күрделі жөндеу, Сейфуллин көшесіндегі ЖК 8-ден ЖК 72-ге дейінгі жерасты жылу желісін ауыстыру мен күрделі жөндеу жұмыстары, Сейфуллин көшесіндегі ЖК 6-дан ЖК 8-ге дейінгі жерасты жылу желісін ауыстыру мен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу жұмыстары жүргізілген желілердің жалпы ұзындығы 1684 метрді құрап, оған 9548,500 теңге қаражат жұмсалды. 2018 жылдан 2022 жылға дейін әртүрлі диаметрлі 209 бірлік клапандар мен шар клапандары сатып алынды.
Ал, 2023 жылға бекітілген инвестициялық бағдарлама 27 161 000 теңге болса, оның ішінде 17 383 000 теңге табиғи газбен жұмыс істейтін су жылыту қазандықтарына екі бу қазандығын ауыстыра отырып, қазандықты қайта жаңарту бойынша несиені өтеуге жұмсалған. Ал, бекітілген ағымдағы жөндеу жұмыстарына 7 600 000 теңге қарастырылған, сонда кәсіпорынның өз қаражатынан барлығы 17 378 000 теңгеге жөндеу жұмыстары мен негізгі құрал жабдықтар сатып алынған. Сондай-ақ, диаметрлері 50-300 мм-ге дейінгі 40-қа жуық шарлы крандар ауыстырылды.
2023 жылға 5,8 шақырым магистральды жылу желілерінің жай-күйіне тексеру жұмыстары жүргізіліп, техникалық сараптама жасалған. Мердігер «Алем ПроектГрупп» ЖШС жүргізген сараптама қорытындысы бойынша әр учаскедегі желілердің тозуы 70 пайыздан кем емес.
2024 жылдың 1-тоқсанына 2 917,085 мың м3 немесе 93 374,61 мың теңге табиғи газға өтінім берілсе, қазіргі таңда қатты көмірдің қалдығы 547,3 тоннаны құрайды.
Жылу энергиясын есепке алудың жалпыүйлік аспаптары жөнінде айтар болсақ, “Шу-Жылу “КМК орталықтандырылған жылумен жабдықтау желісінен 57 көпқабатты үйді жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 26 үйде жертөле бар, 9 үйде жартылай жертөле бар, ал 22 үйде жертөле де, жартылай жертөле де жоқ, жертөлелер мен жартылай жертөлелердің болмауына байланысты есептеу құралдарын орнату мүмкін болмай тұрған көрінеді. 33 көпқабатты үйде 36 жылу есептеу құралы орнатылған болса, есептеу құралдарын орнату қажеттілігі 2 дананы құрайды. 75 бюджеттік және басқа да жылу энергиясын тұтынушы мекемелердің 31-і жылуды есептеу құралдарымен жабдықталып, пайыздық көрсеткіш бойынша 41,3%-ды құрайды.
Дебиторлық берешекті төмендету жөніндегі іс-шаралар бағытында қызмет ететін, ақша жинау жұмыстарын жүзеге асыратын 3 бақылаушы бар.
2019 жылғы 25 сәуірден бастап жылу энергиясы үшін төлемді «Еуразиялық» банктің, «Халық» банктің, «Каспий банктің терминалдары мен мобильді қосымшалары арқылы және “Қазпошта”АҚ кассасы арқылы жүргізу жолға қойылған.
-Ағымдағы жылы “Шу-Жылу” КМК тұтынушыларымен 2023-2024 жылдардың жылыту маусымына дайындық бойынша жиналыстар өткізіліп, көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына жертөле құбырлары мен көтергіштерді ауыстыру, сондай-ақ өз кіреберістерінің терезелері мен есіктерін оқшаулау жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ал, тамыз айында тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелеріне, магистральдық және орамішілік жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізілді. Сондай-ақ, 2020 жылдың тамыз айында “AsialabService” ЖШС КЕ25/14С маркалы екі бу резервтік қазандық агрегаттарына техникалық тексеру жүргізіп, нәтижесінде бу қазандықтарының техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп танылған болатын. Енді, жоспар бойынша келесі техникалық тексеру 2024 жылдың тамыз айынан кешіктірілмей жүргізілу қажет.
2017 жылы шығарылған Unimate UT L-46 маркалы су жылыту газды қазандық агрегаттары 2018 жылы пайдалануға берілген болатын. Бұған техникалық тексеру 2026 жылдың қаңтар айынан кешіктірілмей жүргізілуі қажет. Кәсіпорынның балансында 107 бірлік жылу камералары бар, ай сайын жылу камераларын аралау жүргізіледі,-дейді кәсіпорын басшысы Руслан Көккөзов.
Жуырда ғана жалпы облыс аумағында ауа райының қолайсыздығы яғни, қатты жел, боран салдарынан бірқатар тұрғын үйлердің жылусыз қалғаны белгілі болып жатты. Алайда, «Шу-Жылу» КМК тарапынан 2023-2024 жылдардың жылыту маусымы техникалық және технологиялық бұзушылықтарсыз өтуде. Қазіргі уақытта барлық көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы бар нысандар жылумен толық қамтамасыз етілген.
Осындай тындырымды тірліктің жемісі болса керек, мұндағы бірқатар қызметкерлер әр жыл сайын желтоқсан айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін өздерінің кәсіби мерекелері қарсаңында билік өкілдері тарапынан түрлі марапаттарға ие болып келеді. Бірнеше жыл табысты еңбек етіп, бүгінде зейнет жасына таяған аға буын өкілдері – бесінші разрядты машинист А.И.Егуньков, алтыншы разрядты аға машинист С.А.Фирсаков, қарауыл Х.К.Якубов, бесінші разрядты электрслесарі В.Б.Чукалин, қазандық жабдықтарын жөндеу бойынша алтыншы разрядты слесарлар Қ.Ү.Тулеулиев және С.Т.Башегов сынды азаматтардың ізін жалғай отырып, өз істеріне зор жауапкершілікпен қарап, сенім биігінен көрініп жүрген жас және орта буын еңбеккерлері арасынан жылу жүйесінің басшысы Н.Е.Умирбаев, инспектор М.А.Ахметов, қазандық цехінің басшысы М.Э.Қожахметов, тиегіш машинасының жүргізушісі Қ.М.Бименбетовтердің есімдерін ерекше атап айтуға болады.
Ұйыған ұжымдағы ұқыпты еңбеккерлер барда кәсіпорын қызметі алдағы уақытта да табысты жалғаса береді деп сенеміз және алдағы тың мақсаттардың лайықты жүзеге асырылуына сәттілік серік болсын демекпіз.
Динара Батырхаирова.