Көз қысты, бармақ бастыға жол жоқ!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды” деп қадап айтқан болатын. Сайып келгенде бұл сөздің астарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қажеттігі тайға таңба басқандай айтылып тұр.
Жемқорлық жайлаған, сыбайластық белең алған,парақорлық етек жайған қоғамда дендеген дертпен күресу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Сыбайлас жемқорлық сөзі ойға оралса бала күнде оқыған “Бір қазан сүт” өлеңі санамызға сап ете қалады. Сонда төгілмек түгілі жерге бір тамшы тамбаған бір қазан сүтті көбелек келіп күмп етіп, көбігін ішіп ол кетеді, жапалақ келіп жалп етіп, жарымын ішіп ол кетеді, қарға келіп қарқ етіп, қалғанын ішіп ол кетеді, сауысқан келіп саңқ етіп, сарқып ішіп ол кетеді, қырғауыл келіп қиқу салып, қазан түбі қаспағын қырнап ішіп ол кетеді. Біздегі сыбайластықтың сиқы дәл осы сипатта. Бұл өлең “ә” деп алғаш ұстаған әліппе кітабымыздан орын алуы, өскелең ұрпақтың санасы сыбайластықпен уланбасын деген астыртын күрестің көрінісі ме дерсің?! Шын мәнінде басқасын былай қойғанда, білім саласына тамырына балта батпас дерттің батпандап кіріп кеткенін аңдамай да қалыппыз. Оны көзге шұқып тұрып көрсеткенде ғана көңіліміз құлазып қалады. “Жаңа Қазақстан” деген жалынды ұранды жалған желеу деп жатсына-жатырқай қараудың жөні жоқ. Өзгерістерді талап ететін осы бір жағымды ұранды ұрпақ санасына сіңісті етуге бар күшімізді сарқуымыз қажет. Сол мақсатта біздің ауданда да жұмыстар жүргізілуде.
Шу ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша аудандық комиссия құрылған, оның құрамында – 9 адам. Сыбайлас – жемқорлыққа қарсы күрес бағытында комиссия отырыстары жоспарға сәйкес өткізіледі. Комиссия отырысында Шу ауданындағы өзекті мәселелер қаралады. 2023 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша аудандық комиссияның жұмыс жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ақпараттық- түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу мақсатында «Шу ауданы әкімдігі жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабы» құрылып, елді мекендегі тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесу кестесі бекітіліп, соған сай қызмет жасалуда. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында аудан аумағындағы елді мекендерде 15 000 данадан астам жадынама таратылған. Әр мемлекеттік қызметшінің жұмыс орнында «Мемлекеттік қызметшіге сыйлық алуға тыйым салынады» деген ақпараттық куверткалар мен арыз–шағым жәшіктері орналастырылған. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында А4, А3 форматтағы «Пара беру-бас бостандығынан және болашағынан айырады»,«Дача взятки-лишает свободы и будущего» тақырыптарында аудан аумағындағы мемлекеттік органдарда (құқық қорғау органдары, кірістер басқармасы, ХҚКО ғимараттары) 13 стенд ілініп, жадынамалар таратылған. Сондай-ақ, Шу ауданы әкімі аппаратында сенім телефоны (3-29-91) қызмет етеді. Аталған сенім телефон нөмірі жергілікті «Шу өңірі» газетінде тоқсанына 1 рет жарияланып тұрады. 2023 жылдың І тоқсанында сенім телефонына арыз-шағымдар түспеген. 2023 жылдың І тоқсанында Шу ауданы әкімінің аппараты және аудан әкімдігінің бөлімдері мен ауылдық округтерге жалпы – 377 өтініш-арыздар келіп түскен. 159 өтініш аудан әкімі аппаратында қаралған. 2023 жылдың 4 айында аудан әкімі 117 азаматты қабылдады, оның ішінде 57-і қоғамдық қабылдауда болған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру ісіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Шу ауданы әкімінің ресми сайтында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың тізімі жарияланған. Бүгінгі күнге аудан бойынша тұрғын үй кезек тізімінде 1894 азамат тіркелген. Оның ішнде:
1) Жетім балалар – 177;
2) Көпбалалы отбасылар – 500;
3) Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар – 985;
4) Мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер – 232 және жалғыз тұрғын үй жайы апатты деп танылған – 1.
“Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы әбден мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алып мемлекеттер құрдымға құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық та” деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тегін айтпаса керек. Төңірегімізден төнген, төтеннен келе салмаған жемқорлықпен қоғам болып, ел болып ұдайы күрессек қана тосқауыл қоярымыз анық.
Міне, осы бір дертпен күресуде алдына жан салмай алдыңғы шепте жүрген жандар қаншама?! “Жығылған жұдырыққа тоймас” демекші, жан-жақтан соққы беріп жатса да, жемқорлықтың жолдан таяр күні тумай тұр. Десе де, күреске машықтанған мамандарымыз әдістерін өзгертіп, шет-шетінен парақорларды тысқыртуда. Адалдық алаңында аңғалдыққа бой алдырмай, арыны қатты асауды ауыздықтауға аса ден қойып жүрген жандар ауданымызға жиі ат басын бұрып тұрады.
Жегі құрт деп жалау таққан жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қоғамда бүгін бола салған дерт емес, ықылым заманнан келе жатқан, тамыры тереңге кеткен кесел. Шерхан атамыз “Алтын өзі тотықпайды, адамдардың жанын тотықтырады” деп текке айтпаса керек-ті. Неге десеңіз, дәніккені былай тұрсын қу құлқынды тойындырмайтын құныққандық көп жанға тұсау болып тұрғаны ақиқат. Рухани жұтаңдықтан орын алып отырған дертпен күрес күн сайын жүргізіліп жатса да, тамырына балта батпай отыр.
Рухани тұрғыда кемел елдің жастары материалдық игілікті місе тұтпайтыны ақиқат. Жемқорлықтың жолы кесілсін десек, өскелең ұрпақты өнегелі азық болар біліммен қаруландырайық!
Айғаным Асқарбек.