Темір жол – қауіпті аймақ!
Бүгінде еліміздегі темір жол телімдерінде пойыздардың мал басу фактілері азаяр емес. Малдың жол үстіне жиі шығуы жүк және жолаушылар пойыздарының кідіріп, жүру кестесінен шығуына алып келеді. Пойыздар мерзімінен кеш қалмай, белгіленген уақытта межелі жеріне жетіп, бір ретпен козғалуы қажет.
Десек те, жылқы мен қара малдың пойыз астында қалуы жылжымалы құрам жүрісіне қауіп төндіріп, кідірісін тудыруда. Мәселен, жыл басынан бері Шоқпар жол дистанциясында жылжымалы құрамның малды басып кетуінің 27 оқиғасы тіркелді. Өкінішке орай, мұндай оқиғалар, яғни малдың темір жолдың үстіне шығып кетуі және пойыздың астына түсуі белең алып отыр.
Шоқпар жол дистансасы негізінен Шу, Қордай аудандары жерінде орналасқан темір жолдарды қарайды. Жалпы ұзындығы 273,7 шақырым темір жолды қадағалап отырады. Жүздеген шақырымдарға созылып жатқан темір жолды малдан толық қоршап, қорғау мүмкін емес екені барша жұртқа белгілі. Бағусыз, қараусыз жүрген малдардың темір жолға шығып кету фактілері Кемер, Көктөбе, Еспе, Шоқпар, Алаайғыр, Құлақшын, Бел, Аңырақай, Қордай, Отар елді мекендерінің темір жол маңайында жиі орын алып, мал бағу ережесінің бұзылуы жиілеп кетті. Ұсақ-тұяқты айтпағанда, жылқы және сиыр малдары темір жол үстінде жүреді. Жылқы, сиыр, ұсақ-тұяқ мал иелері малдарын таң атысымен өріске шығарып жібереді де, оны бақпайды. Қараусыз мал темір жолға шығады. Бұл мал иелерінің жауапсыздығы. Осы жауапсыздықты жою максатымен, жыл сайын төрт рет темір жол бойындағы және оған жақын елді мекендерде жол дистансасының мамандары мал иелерімен «Темір жол төсемінің маңайында мал бағу ережелері», темір жолдағы қауіп-қатер мен қауіпсіздік қағидаттары туралы үгіт-насихат, түсіндіру іс-шараларын дәстүрге сай жүргізуде. Бірнеше рет мал бағу Ережесін бұзған фактілер желілік полиция бөлімшесіне тіркелген. ҚР ӘҚбК-ның 559-бабы бойынша 1 құқықбұзушы мал иесі анықталып, әкімшілік жазаға тартылды.
Бағусыз, қараусыз жүрген малдардың темір жолға шығып кетуі жылдан-жылға азаймай отыр. Сондықтан бұл дабыл қағарлық, бірлесіп ел болып шешуге тиісті мәселе.
Құрметті Шу ауданының
тұрғындары!
Теміржол төсемінің маңайында мал бағу ережесін сақтаңыздар! Ережені сақтамау қиын салдарға, локомотивтің бұзылуына, жылжымалы құрамның рельстен таюына және адам өліміне әкеліп соғады. Пойыздардың уақытылы жүріп, малдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, темір жол төсемінде мал иесі және бақташы төмендегі ережені сөзсіз орындауға міндетті:
-темір жол төсемінде өткел, жол өткелі және арнайы мал айдайтын өтпесі болмаған жерлерден мал айдауға қатаң тиым салынады;
-мал айдаушылар темір жол өткеліне және мал айдайтын өтпесіне жақындағанда аса қырағылық танытуға міндетті, өткелдегі ескерту белгілерін қатаң пайдаланыңыз;
-жол дистансасы жұмыскерлерінің нұсқауларын, барлық мал айдаушы және мал бағушы адамдар өткелден өту тәртібін сақтауға міндетті;
-темір жол өткелдерінен және мал айдайтын өтпеден саны көп мал айдап өтерде (500 бастан артық қара мал) мал айдаушы адамдар міндетті түрде алдын ала жергілікті жол шеберлеріне ескертуге міндетті;
-темір жол төсеміне 300 метр қашықтықта байлаулы малды бағуға болады, темір жол төсемінен 2000 метр қашықтықта малды тек қадағалап бағуға болады.
Думан ДОДАБАЕВ,
Шоқпар жол дистанциясының
басшысы.