Ақпараттық портал

Басты мақсат – ағын су тапшылығын болдырмау

Кейінгі екі жылда «Тасөткел» су қоймасы бөгетінің сейсмикалық тұрақтылығын жоғарылату бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны баршаға мәлім. Өткен аптада аталған жұмыстарды көзбен көру мақсатында ауданымызға ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев пен «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Бақытжан Кемелбеков арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков су қоймасында атқарылып жатқан жұмыстардан бөлек, ондағы түйткілді мәселелерді де баяндады.

Айта кету керек, пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтаған «Тасөткел» су қоймасының суы бүгінде екі бірдей ауданға ырзық болып отыр. Тұтастай алғанда, бастапқы жоба бойынша аталмыш су қоймасы 620 миллион текше метр су жинауы қажет болған. Алайда, қажеттілігіне қарай мұндағы судың көлемі өзгеріп отырады. Сондай-ақ, су қоймасынан ұзындығы 38,3 шақырымды құрайтын сол жағалау магистрал каналы мен ұзындығы 48,8 шақырымды құрайтын оң жағалау магистрал каналы және ұзындығы 52,7 шақырымды құрайтын Тасөткел магистралды каналына су бөлініп жатыр. Аталған каналдар аудандағы егіс алқаптарына ағын су жеткізуде үлкен маңызға ие екенін айта кеткен жөн. Алайда, мұндағы қайта жаңғырту, яғни сейсмотұрақтылығын нығайту жұмыстары бұрнағы жылдары тым саябырсып қалды. Дейтұрғанмен де өткен жылдан бастап құрылыс қарқыны қайта жанданып, қазіргі кезде жұмыстың басым бөлігі аяқталып үлгерген.
Дәл осы су қоймасында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген Әділхан Омаровтың айтуынша, су қоймасының ішін түгелдей тазартпаса, бұл жердегі судың нақты мөлшерін болжау қиын. Жоба бойынша су қоймасының тереңдігі 19 метр болғанымен, жарты ғасырдың ішінде судың түбіне құм жиналып, әр жерден аралдар пайда болған. Осыған байланысты Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев жауапты тұлғаларға қаржы мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Аталған кездесуде су қоймасының құрылысынан бөлек, егістік жерлерді сумен қамтамасыз етуге қатысты қалыптасқан мәселелер айтылып, оның шешілу жолдары да қарастырылды. Сондай-ақ, су қоймасының құрылысына, егіс науқаны қарсаңындағы ағын су мәселесі бойынша бірқатар түйткілдер талқыға салынды. Одан бөлек, аудандағы ПУИД-2 бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан каналдардың құрылысына қатысты да бірқатар мәселелердің бар екені айтылды. Каналдардың құрылысына жауапты мердігер мен техникалық қадағалаушы комитет төрағасына шешілуі тиіс мәселелерді баяндады. Өз кезегінде аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы комитет төрағасына Дулат, Балуан Шолақ ауылдық округтері мен Д.Қонаев ауылындағы каналдардың құрылысын жылдам аяқтап, тұрғындарға ағын суды мейлінше ертерек беруге қатысты мәселелерді көтеріп, назарына ұсынды. Тұтастай алғанда, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар мен шешімін күткен мәселелердің оңды шешілуі тапсырылды.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.