Ақпараттық портал

Ұлыстың ұлы күні – ұлт ұстыны

«Осынау игі кең жерге, наурыз айы келгенде, наурыз тойын бергенде, көрмегендер де арманда, арманда оны көрген де» -деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аудан орталығы – Төле би ауылында өз деңгейінде аталып өтті. Дүбірлі той орталық алаңда өтіп, аудан әкімдігі ғимаратының тұсындағы жолдың екі қапталына ақ шаңқан киіз үйлер, мәдениет үйінің алдына үлкен сахна құрылып, одан әрі аудандық пошта байланыс торабы ғимараты маңына шатырлар тігілді. Әр киіз үйдің іші қазақи нақышта жасақталып, баяғы қазақ халқының тұрмыс-салты көрсетілді.

Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған атқамінерлер мен қонақтар әр қазақ үйге бас сұғып, ұлтымыздың ұлылығын әйгілер салт-дәстүрлерімізді көріп, тәнті болды. Киелі шаңырақтың ішінде ер азаматтарымыз қамшы өріп, пышақ қайрап, ер-тұрманын жасақтап, қазақ әйелдері бесік тербетіп, диірменмен тары түйіп, күбі пісіп, ұршық иіріп, жүн сабап, өткен күннің өмір салтын көз алдымыздан бір жүгіртіп өтті. Әрі қазақы дархандығымызды паш етер дастарханын да жайып, ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымызды да ұсынды.
Мұнан кейін мәдениет үйінің алдындағы сахнада мерекелік концерт басталып та кетті. Көшпенді өмір салтымен әлемге танылған қазақ халқының ұлы көшінің бір жұрнағын көрсеткен өнерпаздар қазақылықтың иісін аңқытып, қазақи нақыштағы киімдерді киіп, ақ кимешек киген әжелеріміз ауылдың алты ауызын айтып, күйме-пәуескелерімен сап түзеп шықты. Артын іле-шала өр рухты, намысты азаматтарымыз сәйгүлік атқа мініп, көк туды желбіретіп, тұлпардың тұяғын дүбірлетіп алаңға шықты. Қазақы жаңа жылда көптің тілеуін қабыл етер Қыдыр атамыз көкте сөйлеп, жер анаға, текті халыққа ақ тілеуін арнады. Бұған қоса, күміс көмей, жез таңдай әншілеріміз әуелете ән шырқап, мың бұралған бишілеріміз қазақтың билерін билеп, көрерменнің көңілінен жол тапты.
Бір-бірімен иін тіресе жиналған қарақұрым халық көңілдері бір серпіліп, әр шатырдың астынан дәм татып, наурыз көже ішті. Әрі дәстүрге айналған «Бауырсақ party» рәсімі де жасалып, көпшілікке ыстық бауырсақ үлестірілді. Бұған қоса, жерлестеріміз ұлттық көрмелерді аралап, рухани құндылыққа қанықты.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.