Өнерін өрге жүргізген ел өркендейді
Тума таланттардың тал бесігі саналатын тәуелсіз елімізде мәдениеттің негізі сонау ықылым замандардан қаланған. Кешегі дархан даламызда ақ боз үйде сал-серілер, сыңғыр қаққан сылқымдар сырнайдай сайрап, әні мен сәнін келістіре жазира жерімізді жырға бөлеген жоқ па еді?! Шуақты Шу жерінен де небір өнер саңлақтары түлеп, мәдениет теңізіне телегей үлес қосып жатқанын айтып та, жазып та жүрміз. Тек бойында бұлқынған таланты бар өнер адамдары ғана емес, екі қазақтың бірі өнерден құр алақан емес.
Шу өңірі жұртшылығына белгілі, жалпы білім беру ұйымдарының, мектепке дейінгі білім және қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлері «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VIII аудандық фестивалінде кезең-кезеңімен бар өнерін салған болатын. Жоғары деңгейдегі кәсіби әнші, биші, күйші, әртіс болмаса да талабы мен табандылығының арқасында топты жарғандары аудандық мәдениет үйінде өткен гала-концертте өнерімен тәнті етті. Десе де, әсем безендірілген сахнада ән айтып, би билеу, сахналық қойылымдар қою бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенмен, онда қаншама адамның маңдай тері, қолтаңбасы жатыр десеңізші! Демек, әр атқарылған істің артында білдей бір ұжымның еңбегі бар деген сөз. Мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, әр қойылымында салт-дәстүрді және ұлттық рухты насихаттап, әртүрлі жанрлар бойынша көрерменді баурап алуға барын салғаны көрініп тұрды.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Білім кәсіподағы: 100 жыл – бір бағыт, бір мақсат, бір мүдде» тақырыбы аясында өткізілген гала-концертте Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, «Үкілі үміт» сазгерлер байқауының лауреаты, продюсер Бәкір Сәрсенбек, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы, Оралхан Бөкей атындағы республикалық көркем сөз оқу шеберлері сайысының лауреаты Ринат Нұрақбаев, ҚР Журналистер одағының мүшесі, “Ақпарат саласының үздігі”, “Егемен Қазақстан”, “Жас алаш” республикалық газеттерінің Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі болған сақа журналист, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Оралхан Дәуіт, Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың “Бұқаралық бөлім» меңгерушісі, хореограф Қарлыға Қанапина, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртісі, композитор, күйші, айтыскер ақын Дидар Басықараев, «Еңбекші» республикалық кәсіподақтық басылымының бас редакторы, фестивальдің ұйымдастыру комитетінің төрағасы Бейбіт Бекназаровтар әділқазы мүшелігінде болып, Шу ауданы өнерпаздарының өнерін бағалады.
Гала-концерттің шымылдығы Шу аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов бастаған Д.Қонаев атындағы мектеп қызметкерлерінен құралған топтың «Біз біргеміз» атты хорымен түрілді. Бұған қоса әл Фараби атындағы орта мектептің мұғалімі Арайлым Адилбекова «Көктем вальсі» әнін әуелете айтып, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Сымбат Айтқазиева «Туған жер, туған ауыл қымбат маған», «Жібек жолы» мектеп-лицейінің мұғалімі Ж.Алменова Бейімбет Майлиннің “Күлпаш” шығармасынан көркемсөзін нақышына келтіре орындады. Ал, Құрманғазы атындағы саз мектебі ұжымынан құралған оркестр Б.Шарафтың «Оянған даласын», ардагер ұстаздардан құралған «Ұлағат отауы» тобы «Қазақ әндерінен поппури» орындады. Оқушылар сарайының бишілер тобы «Қазақ биі», «Қарлығаш» балабақшасының бишілер тобы «Кобра биі», әл Фараби атындағы орта мектеп мұғалімдері еврей халқының биі – «Лимончики» биін билеп, елдің көңілін бір серпілтті.
Атап өтерлігі, Еңбекші мектебі және Т.Әшімбаев атындағы орта мектептің мұғалімдері “Тұрар Рысқұлов” қойылымын кәсіби әртістерден кем түспей сахналап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мұны қалың қауымның көздеріне жас алуынан аңғаруға болады. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы орта мектеп мұғалімдері Қ.Жүнісовтің «Сәкен – сұңқар» драма қойылымын және “Ана қадірі” атты көлеңкелі театрын көрерменге ұсынып, көпті ойға жетеледі. Сонымен қатар, «Жібек жолы» мектеп-лицейінің мұғалімдері «Ой жайлау» вокалын, Нұрболат Іңкәрбеков пен Жалғас Алмаш «Вальс» әнін, Ә.Еспаев атындағы саз мектебінің оркестрі Б.Ақтаевтың «Алаш аманатын», әл Фараби атындағы орта мектеп мұғалімдері “Туған ел” вокалын, Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің лаборанты Айша Мұратова «Махаббат құдіреті» пантомимосын, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп мұғалімдері «Мы единое – целое» вокалын жоғары деңгейде орындап, көрермендерге шабыт сыйлады. Гала-концерттің соңында «Кәсіподақ гимні» шырқалып, ұзақ еңбектің және табандылықтың үлгілі нәтижесін көрсеткен фестиваль мәресіне жетті.
Баланың санасына білім сәулесін құйып, тәрбиені тел емдіретін мұғалімдердің осындай сан қырлы, жан-жақтылығына қарап, өсер елдің ұландары шетінен білімді, өнерлі, ғылымға бейім, жаңашыл болатынына сендік. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы-мәдениетімізде екенін ескерсек, мәдениетті болуға ұмтылдыратын осындай игі шараларды өткізіп тұрудың үлкен мәні бар. Көптің көңілінен шыққан «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VIII аудандық фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне, осы игі шараның басы-қасында жүріп, барлығын жігерлендірген аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина бастаған ұжымның еңбегі ерен екендігін атап өткен жөн.
Қай салада болмасын білгеніңмен бөлісу, тәжірибе алмасу арқылы ғана өзіңді шыңдай аласың, биікке жетелей аласың. Міне, соны жанымен ұғынған өнерпаздардың басын қосқан Аида Рашидқызының ұйымдастырушылығы өз алдына бір әңгіме. “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” деп дана Абай айтпақшы, бір-біріміздің өнерімізді бағалап, бір-біріміздің мерейімізді асырсақ, татулықта бекісек қана алар асуымыз мол болмақ!
Айғаным АСҚАРБЕК.