Ақынын ардақтаған ел азбайды
Жуырда ғана №3 Шу қалалық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет және Ұлт қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шу ауданының «Құрметті азаматы», ақын-сазгер, балалар әдебиетінің шырақшысы Бақыт Ақышқызы Исаеваны еске алуға арналған “Өлеңім – өмір айнасы” атты әдеби кеш өтті.
Тәрбиелік мәні зор кеште ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған әсерлі естеліктер айтылып, жүректен төгілген жырлары мен әуезді әндері орындалды. Ақынның ұлы, “Қазақ өнерінің қайраткері”, сазгер Ерлан Исаев арнайы қатысып, анасының асыл бейнесі мен рухани мұрасы жайлы тебірене естелік айтты. Мектеп оқушылары мен жас өнерпаздар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, сазгерлік туындыларын үлкен сүйіспеншілікпен орындады.
Сондай-ақ, кешке қатысушылар Бақыт Ақышқызының қазақ поэзиясына, әсіресе балалар әдебиетінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін де ерекше ілтипатпен бөлісті. Оның шығармалары – ұлттық болмысты, аналық мейірім мен адамгершілік қасиетті арқау еткен асыл қазына.
Бақыт Ақышқызының өмірі мен өнегелі жолы – өскелең ұрпаққа үлгі, ұлт руханиятына адалдықтың айғағы. Ақынның жырлары мен саздары уақытпен бірге жаңғырып, ұрпақ жүрегінде мәңгілік өмір сүре бермек.
А.Айнақұлова,
№3 қалалық кітапхананың кітапханашысы.