Болашаққа бағыт: STEM әлеміндегі ұстаздың жаңа қыры
Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімнен тек білім беру емес, жаңалық ашу, технологиямен үндесу, шығармашылық пен ғылымды ұштастыра білу талап етіледі.
Бүгінгі педагог — оқыту процесінің қатысушысы ғана емес, инновация мен ізденістің иесі. Осындай жаңа көзқарасқа негізделген «Робототехника және STEM-білім беру» тақырыбындағы курс 2025 жылдың 20–31 қазаны аралығында ауданымызда өтіп жатыр.
Аталған курс Жамбыл–«Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының тренері, PhD философия докторы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Мирзалиева Эльмираның жетекшілігімен ұйымдастырылған.
Бағдарлама жаратылыстану пәні мұғалімдерінің кәсіби дамуын жаңа деңгейге көтеруді және оқу процесін заманауи технологиялармен ықпалдастыра жүргізуді мақсат етеді.
Курс барысында педагогтар Arduino, LEGO конструкторлары, Scratch платформасы сияқты құралдармен жұмыс істеп, табиғи құбылыстарды тәжірибелік модельге айналдыруды үйренуде.
Оқыту үдерісінің өзегіне айналған бионикалық ойлау– табиғаттан үйрену, тіршілік заңдылықтарын техника тіліне аудару идеясына негізделген.
Мысалы, тыңдаушылар құстың қанат қағысынан –дрон қозғалысын, өсімдіктің жарыққа ұмтылысынан –датчик жүйесін, адамның буын қозғалысынан – робот құрылымын іздеп табуда.
Бұл тәжірибелер тек техникалық машық емес, ойлаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
STEM-білім беру мұғалімді дайын ақпарат жеткізушіден гөрі, зерттеуші және серіктес тұлғаға айналдырады.
Әрбір тәжірибе мен жоба – оқушының шынайы өмірмен байланысын күшейтетін көпір іспетті.
Осындай сабақтарда оқушылар сұрақ қояды, шешім іздейді, өз идеяларын қорғайды.
Демек, мұғалімнің міндеті – тек бағыт көрсету емес, шығармашылық еркіндік пен ғылыми ізденіске жол ашу.
Робототехника мен STEM мұғалімге де, оқушыға да заманауи ойлаудың тілі мен құралын береді.
Ал бионика – сол тілдің поэзиясы. Табиғаттан үйреніп, оны өмірге бейімдеу – болашақ инженерлік және экологиялық мәдениеттің негізі.
Қазір Шу ауданында өтіп жатқан бұл курс – білім сапасын арттырудың, жаңа педагогикалық мәдениетті қалыптастырудың нақты қадамы.
Мұғалімдер өз пәнінің мәнін жаңа қырынан танып, «зерттеуші мұғалім» бейнесін өз бойында қалыптастыруға еңбектенеді.
Бүгінгі мұғалім – инновация мен шабыттың иесі. Ол болашақ ұрпақтың ойлау жүйесін қалыптастырып, олардың қиялын шындыққа айналдырады.
STEM мен робототехника – бұл тек технология емес, адам мен табиғаттың, ой мен қолдың, арман мен әрекеттің үйлесімі.
Ұлжан Жақсыбаева,
Жайсан орта мектебінің
ЖИ үйірмесінің жетекшісі.