Сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігі арттырылды
2025 жылдың 21 қазанында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Шу ауданында аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы негізгі аспектілер» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Семинарға Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары және хатшылары, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудан әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, аудандық жергілікті полиция қызметінің өкілі, аудандық прокуратура өкілі және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған оқыту семинары Шу аудандық мәдениет үйінде өтті.
Семинар-тренингтің мақсаты – сайлауды ұйымдастырудағы теориялық және практикалық негіздерін түсіндіру, сайлау заңнамасының негіздерін және оны сайлау процесінде қолдану практикасын түсіндіру, сондай-ақ, сайлауды ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттерінің деңгейін арттыру болып табылады.
Оқыту семинарын Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төраға орынбасары Талғат Салқанұлы ашып, оқыту семинардың бағдарламасымен таныстырып өтті. Оқыту семинар үш бөлімге бөлінді. Бірінші бөлімде түске дейін топтарға бөлініп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, кейстерге талдаулар жүргізді. Екінші бөлімде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері қысқаша дәріс оқып, болған жағдаяттарға байланысты кейстік жұмыстар жүргізді. Үшінші бөлімде оқылған тақырыптарды бекітуге бағытталған тест сұрақтары беріліп, кері байланыс сауалнамасын жүргізді.
Семинардың бағдарламасына сәйкес, учаскелік сайлау комиссия мүшелері 13 топқа бөлініп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, біліктілігі және жүйріктігімен жарысқа түсті. Бөлінген топтарға кейстік сұрақтар беріліп, оған топ арасынан лидерлер жауап беріп, облыстық сайлау комиссия мүшелерімен талқылап отырды.
Семинардың екінші бөліміне сәйкес облыстық сайлау комиссия мүшелері:
• «Сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің кейбір мәселелері»;
• «Сайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу, үгіт, ұлттық байқау мәселелері және әлеуметтік желілерді әкімшілендіру»;
• «Сайлау науқандарын өткізу тәжірибесі: алдыңғы науқандарды өткізудің кейбір мәселелері, дағдарысқа қарсы коммуникациялар, кейстік жағдаяттарды шешу»;
• «Сайлауды мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржыландыру»;
• «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында және өзге де заңдарда қаралған жауапкершіліктер» тақырыптарында қысқа дәрістер оқып, қатысушылармен байланыс орнатып отырды.
Бағдарламаның үшінші бөлімінде барлық оқылған тақырыптарды практикалық жағынан бекітіп, тест пен сауалнама алынды.
Шу аудандық аумақтық
сайлау комиссиясы.