Мәдениет пен спорт саласындағы мәселелер тыңдалды
Қандай да бір мәселенің түйінін тарқатып, шешімін табу үшін мәжіліс құрудың маңызы зор. Өйткені, үлкен жиында өзекті түйткілдер талқыға түсіп, оның бүгіні мен болашағы сараланады. Бұл өз кезегінде жұмыстың жүйелі жүруіне өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Осы істі игі дәстүрге айналдырған аудан әкімдігі апта сайын түрлі саладағы тіршіліктермен танысып, кемшіліктерді түзету жайын күн тәртібіне қойып келеді. Аудан әкімі Б.Жәнібековтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ауданның мәдениет және спорт саласындағы атқарылған жұмыстары баяндалған болатын.
Былтыр өңірдің мәдениет пен өнер, кітапхана саласы үшін жемісті жыл болған сыңайлы. Мұны мінбеден сөз алған аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Жазықбаева мәлімдеп отыр. Салаға жауапты басшының сөзінше, ауданда 46 мәдени ошақ халыққа қызмет етуде. Елді мекендердегі мәдени ошақтардың 21–і мәдениет үйлері мен клубтар болса, 25-і кітапхана. Аталған 21 мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың 13-і типтік ғимаратта орналасқанын айта кеткен жөн.
– 2021-2025 жылдар аралығында 7 елді мекенде (Ақсу, Далақайнар, Жаңа жол, Белбасар, Алға, Мойынқұм, Ақтөбе) ауылдық клубтардың жаңа ғимараттарын соғу жоспарлануда. «Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырыс беруімен Белбасар (сметалық құны–373,650 млн теңге) және Ақтөбе (сметалық құны – 391,148 млн теңге) ауылдық мәдениет үйлеріне 29.12.2022 жылы ЖСҚ жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, мердігері анықталды,-дейді Әсел Сәрсенқұлқызы өзінің баяндамасында.
Қорыта айтқанда, кітапхана, тілдерді дамыту, ономастикалық комиссия мен мәдени ескерткіштерді қорғау саласын қамтитын аудандық мәдениет пен өнерде бірқатар жұмыстар атқарылған. Оның ішінде елге рухани-мәдени демалыс сыйлаған республикалық және облыстық, тұрақты түрде өтетін өңірлік шаралар тиісті деңгейде ұйымдастырылып жүргенін көзіміз шалуда.
Одан бөлек, аудан спортының ахуалы да аппараттық кеңесте мәлім болды. Ең алдымен аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ. Мәуленов жыл ішіндегі жұмыстарға тоқталып, атқарылған амалдарды жіпке тізді. Оның сөзінше, Шу ауданындағы бұқаралық спорттың дамуына бөлімге 2023 жылы 16 млн 330 мың теңге бөлінсе, биыл бұл сомма 24 млн 749 мың теңгеге жетіп, 8 млн 419 мың теңгеге артқан. Сонымен қатар, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуге былтыр 10 млн теңге, 2024 жылы 13 млн теңге бөлінген.
-Былтыр бөлімнің және бізге бағынысты орталықтың ұйымдастыруымен 312 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 40610 адам қамтылған. Оның ішінде олимпиадалық спорт түрлерінен өткізілген спорттық іс-шаралар саны – 68 болса, қамтылған адам саны – 10312-ды құрайды,-дейді Қасымхан Шатырханұлы.
Бөлім басшысы ұсынған ақпаратқа сәйкес былтыр аудан спортында серпіліс байқалып, бірқатар спорт нысандары пайдалануға беріліп, ардагер және жас спортшылар жетістікке жеткен. Оны көзі қарақты оқырман басылымның әр санынан оқыды деген сенімдеміз.
Осының барлығына мұқият құлақ түрген аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы қос салаға жасалған қолдау қомақты екенін айтып, жұмыс қарқынын үдете түсуді тапсырды. Сондай-ақ саладағы түйткілдер өзінің назарында екенін ескертіп, алдағы уақытта рет-ретімен шешімі табатынын шегеледі.
– Мәдениет пен спорт ел өміріндегі маңызды салалардың бірі. Оған мемлекет тарапынан тиісті қолдау қарастырылған. Оның жемісін жерлестеріміз көріп келеді. Сондықтан жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, бұдан да биік межеге қол жеткізу маңызды. Біз мәдениет және спорт нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа ғимарат тұрғызу бойынша бірқатар жұмыстарды қолға алдық.Сіздерге ауыл әкімдерімен бірлесіп, халыққа сапалы қызмет ұсынуды тапсырамын,-деді Б.Жәнібеков.
Жиын барысында кеңеске қатысушылар баяндамашыларға өз сауалдарын жолдап, тиісті жауаптар алды. Ал атқамінерлер аудан басшысынан тиісті тапсырмалар алып, жұмыстарына тарқасты.
Байжан Емберді.