Ақпараттық портал

Білекті жігіттердің бәсекесі

Жуырда алақандай ғана Шардара ауданының 20 спортшысы Молдова мемлекетінде өткен армрестлингтен 45-ші әлем чемпионатында топ жарғаны туралы мәліметті көзіміз шалды. Ал аталған жарысқа 61 елден 1500-ден астам білекті балуан қатысқаны белгілі болды. 20 мәрте әнұранды шырқатқан шардаралық жігіттердің жеңісіне шын қуандық.

Қазақта “қарыс-қарыс, сүйем-сүйем” деген даналық бар. Сол тәмсілді шулық спортшыларға қарап ұқтық. Өйткені өңірімізде көбінесе футбол, волейбол сынды мәшһүр спорт түрлері жиі ұйымдастырылғандықтан қол күресі көлеңкеде қалып бара жатқандай көрінетін. Алайда, аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының Жаңақоғам ауылдық округы бойынша спорт әдіскер-нұсқаушы Сағат Бөрібаев осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жақсы бір жарыс ұйымдастырғанын көріп марқайып қалдық.
Сағат Сейдалыұлының айтуынша қол күресі мен кермеге тартылу турнирі Жазғы олимпиаданы қолдау мақсатында ұйымдастырылған. Білек күші сыналатын бәсекеге Төле би және Жаңақоғам ауылдық округы мен Шу қаласынан 20-дан аса әуесқой спортшы бақ сынаған.
– Қазіргі таңда бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа баулу, олардың сұраныстарына сай сайыстарды өткізу міндеті жүктелген. Осы мақсатта мықтыларды анықтау үшін қол күресі мен кермеге тартылу бойынша турлар өткізіп келеміз. Алғашында ауыл жастарының әлеуетін анықтап, кейін аймақтық деңгейде ұйымдастырдық.Оған 5 округтан және Шу қаласынан жалынды жастар қатысып, өзара мықтыны анықтадық. Үшінші кезеңді де қолға алып, аудандық жарысты өткіздік, -дейді С.Бөрібаев.
Спорт әдіскерінің айтуынша ауданымызда қол күресімен машығатын жандар жетерлік. Тек олардың насихаты нашар. Сондықтан осындай шараларды қолға алып, ақпарат құралдарына жария ету арқылы бұқараға таныстыруға болады.
Өңірде 70 кг салмаққа дейін Ерболат Бақтыбек, Азамат Фермахан, Азат Омаржан қол күрестен үздік атанса, 70 келіден жоғары салмақта қонаевтық Шабан Шабанов, шулық Тілеуімберді Атаханов, Бөлтірік ауылының жасы Ералхан Аханұлы оқ бойы озық.
Ал кермеге тартылу бойынша шулық Азамат Фермахан, көктөбелік Азат Омаржан мен қонаевтық Хамза Мақсұдов үздік үштікті түйіндеп отыр. Аталған жігіттердің әрқайсысы 25-тен асырып тартылған.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.