Ақпараттық портал

Орталық қызметкерлері өзара сынға түсті

Ауданымызда жастар саясаты жемісті жүзеге асырылуда. Оған өңірдегі қос ресурстық орталықтың тигізіп отырған септігі мол. Әсіресе, құрылғанына көп болмаған Шу қалалық жастар ресурстық орталығы іс-шараларды түрлендіріп, тың тірліктерді қолға алып жүргеніне тәнтіміз. Оны басылымның өткен сандарында да жазған болатынбыз. Бұл жолы да бәрекелді дерлік бастамаға куә болдық.
Себебі таяуда ғана біз меңзеген жастар ұжымы “Спорт – бейбітшілік елшісі” атты облыстық волейбол турнирін ұйымдастырып, оған 6 бірдей аудандағы әріптестерін шақырған. Мұндай шараға мұрындық болған жандардың айтуынша турнирдің басты мақсаты – облыс жастары арасындағы әріптестік байланысты бекітіп, достық пен салауатты өмір дәстүрін дәріптеу. Сонымен қатар бұл жарыс Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында өтті.
Аламанның ашылуында Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев сөз алып, қатысушыларға жүрекжарды лебізін жеткізіп, сәттілік тіледі.
-Спорт – саулық кепілі, саламаттылықтың негізі. Сондықтан баршамыз дене шынықтырумен шұғылданып, спортты серік еткеніміз абзал. Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың межелеп берген міндеті. Өздеріңіз көріп тұрғандай кейінгі жылдары спорт саласына көптеп көңіл бөлінуде. Оның жемісі алдағы уақыттың еншісінде сөзсіз көрінеді. Облысымыздың 85 жылдығы аясында өткізіліп отырған турнир табысты болсын! Достықтың туы желбірей берсін,-деді Елдос Бекболатұлы.
Аймақтың 6 ауданынан 60-қа тарта жастары қатысқан турнир өте тартысты өтті. Әрі ұйымдастырушылар да қонақтарды қарсы алуға тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды.
Сарысу, Жуалы, Жамбыл, Меркі, Байзақ және жерлестеріміз қатысқан бәсекеде Бауыржан Момышұлы атамыздың ауылдастары үздік атанып, бірінші орынды иемденді. Шу ауданы екінші орын алса, көршілес Меркі ауданы қола жүлдені қанағат тұтты.
Жығылған балуанға да бәйге үлестірілген жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ жекелей аталымдар бойынша үздіктер марапатталды.
– Бүгін тұңғыш рет Шу қаласында Жамбыл облысы Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері арасында волейболдан турнир өткізілді. Біздің мекенжайымызға жылы лебіздер мен алғыстар айтылды. Алдағы уақытта бұл дода дәстүрге айналады,-дейді Шу қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры М.Шәймерден.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.