Қосымша білім – дамудың баспалдағы
Қосымша білімсіз өскелең ұрпақтың әлеуетін толық аша алмайтынымыз жөнінде талай мінберлерде айтылып, қосымша білім беру ұйымдарының тасада қалғанын да алға тартып жүрміз. Қазіргідей ақпараттық технология қарыштап дамып жатқан заманда баланың көңілін өнер-білімге бұру қиынның қиыны болып отыр. Әйтсе де жоқтан барды құрап, түрлі қолөнер бұйымдарымен назарын өзіне бұруға икемделген қосымша білім беру ұйымдары балалардың назарын өздеріне аударып жүр.
Төл мәдениетіміздің құнды қазыналарын қастерлеп, бағзыдан арқауы үзілмеген ұлттық құндылықтарымызды төрге оздырудың жай-жапсарына қаныққан түрлі үйірмелер өз білгенін кейінгі буынға үйретіп, қазақы қалпымыздың сақталуына үлес қосып жүр. Мәдениет пен өнерді егіз ұғым десек, олардың негізгі арналары ән мен би ғана емес, шешендік өнер, қолөнер, қолданбалы өнер, ұлттық спорт, өнертапқыштық бағыт, өлкетану бағыттары, тағысын тағылар балалардың қарым-қабілетін оятып, дара болуға жетелейді. Сондықтан да әрбір ата-ана баласының қызығушылығын тап басып танып, ауданда орын тепкен қосымша білім беру ұйымдарына беріп, өнерге өріс салуы қажет.
Негізгі білім болсын, қосымша білім болсын заман ағымына қарай икемделіп, креативті бастамаларымен оқушыларды таңдандыруға бейімделуі тиіс. Осыған орай, Оқушылар сарайының базасында «Балаларға қосымша білім беру арқылы болашақ құзыреттіліктерін дамыту» қосымша білім беру педагогтерінің республикалық секциясы өтті. Оған Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарының қосымша білім беру педагогтары онлайн қатысып, кәсіби біліктіліктерін арттырды.
ҚР ОАМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер модераторлық еткен Zoom платформасы арқылы өткен онлайн секцияда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова “Балаларға қосымша білім беру – қоғамның шығармашылық әлеуетін дамытудың әлеуметтік саласы” атты баяндамасын оқып, жаңа 2024-2025 оқу жылында қосымша білім беруді жандандыру қажеттігін баса айтты.
Бұған қоса, “Жаңа сандық экономика аясында қосымша білім беруді трансформациялау”, «JASYL BOLASHAQ» экологиялық клубының балаларда «Жасыл» құзыреттерді қалыптастырудағы оң тәжірибесі”, “Пікірсайыс арқылы сыни тұрғыдан ойлау: балаларды болашаққа дайындау”, “Театр балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтендірудегі негізгі құзыреттерді қалыптастыру құралы ретінде”, “Музыкалық оқытудағы білім беру құзыреттілікті қалыптастыру”, “Қосымша білім берудегі цифрлық технологиялар арқылы оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық құзіреттерін дамыту”, “Оқушылар шығармашылық сарайы жұмысының үлгісінде қосымша білім беру жүйесі арқылы балалар мен жасөспірімдерде soft skills дағдыларын дамыту” тақырыптарында баяндамалар тыңдалып, пікіралмасулар орын алды.
Ойлап қарасақ, жоғарыда аталған барлық баяндамалардың біздің аудандағы 8 қосымша білім беру мекемелеріне берері көп. Неге десеңіз, біздегі қосымша білім беру мекемелері дәл осы бағыттармен жұмыс жүргізуде. Жеке тұлғаның даралануы мен өзін-өзі жүзеге асыруының бірден-бір қолдау тетігі ретінде әрекет ететін қосымша білім беруді жандандыруды қолға алсақ қана алға жылжитынымыз анық. Сондықтан да қосымша білім беру педагогтары құзіреттіліктерін арттырып, әр баламен нәтижелі жұмыс жүргізіп, жемісін берсе дейміз.
Айғаным Асқарбек.