Ақпараттық портал

«Мәдениет – асыл қазынам» атты Шу ауданының мәдениет күндері сән-салтанатымен аталып өтті

Еліміздегі басты мерекелердің бірі – Конституция күні қарсаңында, нақты айтқанда сәрсенбінің сәтті күнінде Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеп, мерейін үстем ету мақсатында «Мәдениет – асыл қазынам» атты Шу ауданының мәдениет күні өтті. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған бұл шараның лайықты өтуіне аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен қызметкерлері, өзге де өңірдің өнерлі азаматтары, аудан әкімдігіне қарасты барлық қызметкерлер белсенділік танытты.
Қазақстан Тәуелсіздігі мен болашағын нығайтудағы Қазақстан халқының береке-бірлігін арттыру, мәдениетін өркендету, қоғамдағы әлеуметтік серіктестікті дамыту, мәдениет саласында демеушілік шараларды кеңінен насихаттау, ауыл мәдениетінің даму барысын паш етіп, жетістіктерін таныстыру, ұрпақты тарих тереңіне бойлатып, мәдени мұраларымызды қастерлеуге үйрету, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті мен мәдениетін насихаттау да бұл шараның басты мақсаттарының бірі болды.

Осы тұста биыл екінші мәрте өткізіліп отырған мәдениет күндерінің алғашқы жеңімпазы Шу ауданы болғандығын да атап өткен жөн. Былтыр аталған мәдениет додасынан бас жүлдені иеленіп, шағын автобусты сыйға алған шулықтар бұл жолы да жоғары деңгейде дайындалып, жаңашылдыққа мән берген.
“Мәдениет – асыл қазынам” деп аталған ауданның мәдениет күні тек мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің өнерімен шектелген жоқ. Осы шараның аясында ауданымызға арнайы келген облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев әлеуметтік саладағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, бүгінгі жай-күйімен танысып, өзекті мәселелерді назарға алды. Ал әлеуметтік салаға қатысты жарқын сәт Шу қаласындағы бірқатар отбасы иелеріне пәтер кілттерінің табысталуы болды.
Ербол Шырақпайұлы баспаналы болған жандарға пәтер кілттерін өз қолымен салтанатты түрде табыс етіп, баспана иелерін қуанышымен құттықтады.
Екі қабаттан тұратын жаңа үйде 2-3 бөлмелі 8 пәтер қарастырылған.
– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Мемлекет басшысының басты назарында.
«Баспана – бақыт кілті» демекші, мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста тұрғын үй салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмыстық мәселесін шешуге септігін тигізері анық, — деген Ербол Қарашөкеев әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.
Мұнан кейін ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты.
Дәл осы күні баспаналы болған жерлестеріміздің арасында Шу қаласының тұрғыны Гүлзинат Аманжолова да болды. Ербол Қарашөкеев көпбалалы ананың жаңа шаңырағына құтты болсын айтып, теледидар тарту етті.
-Қуанышымызда шек жоқ. Ұл-қызым шат-шадыман күйде жүр. Мемлекет қолдауын сезініп, 3 бөлмелі пәтерге ие болдық. Алғысымыз шексіз, — деді 7 ұл-қыз тәрбиелеп отырған ана.
Айта кетейік, Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді.
Келесі кезекте аймақ басшысы бастаған топ атаулы күнге арналған мерекелік шараны тамашалау үшін Шу қаласындағы “Локомотив” стадионына атбасын бұрды.
Іс-шараның шымылдығы теміржол бекетіне қатысты көрініспен басталып, тамырын индустриялық кезеңнен тарқатады. Сол арқылы Шу темір жол торабының өткен ғасырда ел экономикасын дамытудағы маңызы аймақтың бірі болғандығын меңзейді. Бұдан әрі мерекелік іс-шара өңірдегі ірі өндіріс ошағы Шатыркөл кен орны мен ауылшаруашылық саласында алдыңғы қатарлы компаниялар «Химплюс» ЖШС, «Qyzylsha Zher» ЖШС, “Каз-Ир-Агро” ЖШС-нің, өзге де жергілікті жұртшылық өкілдерінің көрмесіне ұласты.
Еске сала кетейік, еліміздегі жетекші кен орны саналатын Шатыркөл кен орнынан жақында ғана кен байыту фабрикасы ашылған болатын. Жылына 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын өндіретін өндіріс ошағы бүгінде 350-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуда. Ал, “Qyzylsha Zher” ЖШС қызылша саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорын болса, «Химплюс» ЖШС агрохимикаттар өндіру бойынша еліміздегі бірегей кәсіптік нысан саналады. Аталған өндіріс ошақтарының өкілдері қонақтарға жаңа жобаларын таныстырып, жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, көрмеде «Шу – 2050» инфрақұрылымдық жобалық макеті көрермен назарына ұсынылды. Онда Шу шаһарының алдағы даму бағыттары, сәулет нысандарының болашақ бейнесі көрсетілген. Бұл бағытта аудан жастарының да айтарлықтай үлесі бар. Ауданның техникалық-шығармашылық орталығындағы үйірме қатысушылары жаңашыл идеялары арқылы робототехника, кеме, зымыран модельдеу ісі бойынша іске асырған жобаларын таныстырып өтті. Сондай-ақ, жергілікті өнертапқыш Н.Тафиковтың өзі құрастырған жеңіл көлігі көпшіліктің қызығушылығын еселеді. Өнер иесі көлікті көпшілік алдында тізгіндеп, алаңды бір айналып шықты. Өз кәсібін жуырда бастаған жергілікті жас кәсіпкер азаматша болса қыштан жасалған ыдыстар мен өзге де бұйымдарын таныстырды.
Ал, ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында алаңды жағалай орын алған Жәнібек сұлтан, Бармақ батыр, Шу батыр, Бөлтірік шешен, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев пен термеші Аяз Бетбаевтың образдық бейнелері, қолөнер шеберлерінің ат-әбзелдері, ұлттық аспаптары, құрт жасап, май шайқап, тары түйіп жатқан қыз-келіншектердің тіршілігі көпшілік қауымға ерекше әсер сыйлады. Бұл күні Шоқпар ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері ұлтымыздың ұлық дәстүрінің бірі – ат тергеу салтын насихаттап, уақыт өтінде біртіндеп ескіріп, өткеннің қойнауында қалып бара жатқан құндылығымызды тірілтті. Тастың да тілін тапқан жергілікті ұста Қали Қораласбаев болса, өзінің бірегей туындыларын паш етті. Ол әр жылдары қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді қаузаған «Тастанды ұялар», «Қара шаңыраққа оралу», «Баланың арманы», «Бақсының көз жасы» секілді туындылары мен тарихи-танымдық «Ұлы Дала», «Қорқыттың бағы», «Өлі жауынгер» секілді композицияларын таныстырды.
Сонымен бірге мәдени іс-шара аясында Баласағұн қалашығы мен «Жайсан» түркі кешені, «Балық fest» көрмесі, ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Жалпы, Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржолшылар мекені болғандықтан, аудандағы теміржол құрылымдарының тарихы да көпшілікке таныстырылды. Әр өлкеден айшықты тұлғалар туатыны да белгілі. Ауданның мәдениет күндерін тамашалауға келген меймандар Шу топырағынан түлеп, аты алты Алашқа танылған жандардың тірі мүсіндерін тамашалады.
Шу өңірі көптеген этносқа құтты шаңырақ екені баршаға белгілі. Оның ішінде ауданымыздағы алты этномәдени бірлестік төл мәдениеттері мен дәстүрін дамытып отыр. Аталмыш шара аясында қазақ, түрік, орыс, неміс, күрді, әзірбайжан этномәдени бірлестіктерінің өкілдері өз халқының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары қойылған көрме ұсынып, шараның көркін ашты. Бұл тұста қонақтарды әжелерден құралған ансамбль халық әнімен қарсы алды. Ал, аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы бөренеге өрмелеу, жілік сындыру, жамбы ату сынды ұлттық ойындарымен тәнті етсе, қалалық Абай атындағы орта мектеп өнерпаздары шелек, шөміш, табақ сынды күнделікті тұрмыстық заттар және музыкалық аспаптардың көмегімен әсем әндердің әуенін орындап, көпшіліктің назарын аударды.
Тарихы тереңінен сыр шертіп, халқымыздың өткені мен бүгінін жалғаған мазмұнды көрмеден соң, облыс басшысы бастаған топ мерекелік сазды бағдарламаны тамашалауға ден қойды. Мұнда да театрландырылған көрініс орын алып, өңірдің жас домбырашылары мен балауса бишілері сазды бағдарламаға белсене қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шу өлкесінің өңір мәдениетінде алар орны ерекше екендігін атап өтті.
-Мәдениет пен өнер халқымыздың болмысын, еліміздің тарихы мен бірегейлігін айшықтайтын киелі ұғым. Шу өңірі күллі қазаққа, әлемге әйгілі тұлғалар шыққан өлке. Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген Шу өңірі ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн, халқымыздың төбе биі – Төле би бабамыздың атамекені. Сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, қыл қобызды Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай секілді ақындарымыз шыққан шырайлы өлке. Сондай-ақ, осы өңірден шыққан ақын, әнші, термеші, композитор Аяз Бетбаев, дәстүрлі музыканы сабақтастырған тұлға, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың есімін ерекше атап өткен жөн. Қазақтың ақын қызы Бақыт Исаева, жезтаңдай әнші Күлімхан Оңтайқызы, «Шу» театрының негізін құрушы Ермек Құлажановтардың да өнерге қосқан еңбектері жоғары. Олардың мол мұрасы өскелең ұрпақ үшін қай кезде де таусылмас қазына екені рас,- деген өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы жиылған қауымды ауданның мәдениет күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Көпшіліктің қошеметіне ие болған кеште Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығы мен дәстүрлі әндер орындалды. Еліміздің эстрада әншілері Серікбол Сайлаубек пен хит әндердің орындаушысы Жандос Қаржаубай өнер көрсетті. Сазды бағдарлама соңы «Пиксель шоу» ұжымының театрландырған-цирктік қойылымдарымен жалғасты.
Жалпы, «Мәдениет – асыл қазынам» атты ауданның мәдениет күні лайықты деңгейде өтіп, жиылған қауым ризашылықпен тарқасты.

Динара Батырхаирова.

Суреттерді түсірген Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.