Ақпараттық портал

Өңірдегі өзекті мәселелермен танысты

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауданымызға жұмыс сапары барысында Шу қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, өңірдегі өзекті мәселелермен егжей-тегжейлі танысты. Өңір басшысы алдымен «Жетісу» шағын ауданындағы жаңғыртуды қажет ететін көпқабатты 4 тұрғын үйдің жағдайын көрді. Мұнда «Altair Construct» ЖШС-ның бастамасымен 2025-2026 жылдары аралығында 2,1 млрд.теңге қаржыға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Құрылыс алаңында барлығы 200 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Аймақ басшысы жауаптыларға жұмыстарды мерзімінде бастап, сапалы жүруін бақылауда ұстауды тапсырып, бұл жоба аудандағы тұрғын үй мәселесін шешуде үлкен маңызға ие екенін баса айтты. С.Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан «Жеңіс» саябағы 2011 жылы пайдалануға берілген. Оның жалпы аумағы 99 300 шаршы метрді құрайды. Әкімдік нысанды күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков саябақты жаңғыртып, пайдалануға беру – тұрғындар үшін үлкен игілік болатынын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі демалыс орнын жөндеуден өткізудің тиісті мүмкіндіктері қарастырылатынын атап өтті.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев 1989 жылы пайдалануға берілген Шу теміржол вокзалына да ат басын бұрды. Вокзалдың директоры Шолпан Арысбаеваның айтуынша, мұнда күніне 35 жолаушы, 40 жүк поезды аялдайды. Ол вокзал ғимаратын жөндеуден өткізуді, жолаушыларға жерасты немесе жерүсті өткелін қарастыру бойынша мәселе көтерді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалының маңыздылығына ерекше тоқталған аймақ басшысы нысан аумағын абаттандыру мәселесі назарға алынатынын жеткізді.
Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі А.С.Макаренко атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен, Шу аудандық полиция бөлімі ғимаратының жай-күйімен, «Alstom Kazakhstan» ЖШС – темір жолдың жылжымалы құрамына қызмет көрсету депосын салу инвестициялық жобасының іске асырылу барысымен және қалалық кәріз жүйесі мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген тұрғын үй алқабының жағдайымен жіті танысты. Ербол Қарашөкеев А.С.Макаренко атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімінен кешігуін сынға алып, жауаптыларға құрылыс сапасын бақылап, тапсыру мерзімін жеделдету бойынша нақты міндеттер жүктеді. Өзге де нысандардағы өзекті мәселелер жіті бақылауда болатынын тілге тиек етті.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.