Ақпараттық портал

Ата Заң – айбарың, әр бабы – байрағың

30 тамыз – айбарымызға айналған Ата Заң күні. 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған еліміздің Конституциясы дәл осы күні қабылдануына байланысты мемлекеттік мереке жарияланған. 9 бөлімнен,99 баптан тұратын басты құқықтық құжатта жалпы ережелер, адам мен азамат, Президент пен Парламент, Үкімет, Конституциялық сот, соттар мен сот төрелігі, прокуратура, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару барысы баяндалған.
Шу ауданында мемлекеттік мерекені ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтіп, оған сот, прокуратура, құқық қорғау органдары мен мекеме басшылары, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, аға буын мен кейінгі толқын өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков Мәдениет үйіне жиналған жұртшылықты Конституция күнімен құттықтап, ізгі лебізін жолдады.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, Конституция – ел азаматтарының құқығы мен бостандығын, мерейлі мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен бүтіндігін сақтайтын темірқазық. Ата Заң тек қана міндеттер мен талаптар жиынтығы емес, ол күллі халқымыздың ортақ мүдде, дара Отан ұғымын ұғындыратын басты құжат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ата Заң ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді»,- деп бұл күннің ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
Көптеген сұрақтарға жауап беретін Конституцияны құрметтеу, оны басшылыққа алу баршамызға жүктелген азаматтық борыш. 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқының тарихи шешімімен, егемен ел ретінде мемлекеттік Конституция қабылданып, сол күннен бастап сүйікті Отанымыз дамудың даңғыл жолына түсті. Ел бірлігі мен ынтымағы бекіп, шекарамыз шегенделді. Экономикалық өрісін еселеп, әл-ауқатымызды арттыруға мүмкіндік алдық. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі болмысы біздің ата-бабаларымыздың арманы екені ақиқат. Бұл жолда талай тер төгіліп, көз жасымыз көл болды. Әділдіктің алтын қазығындай Ата Заң бағытымыз бен болашағымызды айқындап, Қазақстан халқын өз маңына топтастырды,-деген Бақытжан Оразалыұлы мерекенің маңыздылығына тоқталды.
Бұдан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, өз салалары бойынша сүбелі еңбек еткен бір топ азаматтар Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапатталды. Тағы бір сыпырасына аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов ауданның Құрмет грамотасын тапсырды. Сондай-ақ бірқатар азаматтар «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбековтың қолынан Алғыс хатқа ие болды.
Салтанатты жиын соңы аудандық Мәдениет үйі ұсынған сазды бағдарламаға ұласып, өңірдің өнерпаздары жиылған қауымға патриоттық әндерден шашу шашты. Одан бөлек, “Әсем әуен” фольклорлық ансамблі көрермендерге Құрманғазының “Балбырауын” күйін тыңдатып, “Жыр әнім – Шу” әнімен концерттік бағдарламаны түйіндеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.