Ақпараттық портал

Дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Педагогтердің Тамыз саммитінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Білім берудегі басты міндеттердің бірі оның сапасын арттыру. Бірінші рет заң жүзінде «білім сапасы» ұғымы бекітіліп, Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің үлгісі қалыптастырылды. Алайда, білім беру ісіндегі басты тұлға – педагог болып қала береді және тұтас қоғамның болашағының табыстылығы оның кәсібилігімен тығыз байланысты. Педагогтердің жұмыс жасауы үшін жайлы орта қалыптастыру маңызды, ол үшін өңірлер жергілікті жерлерде заңдардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек. Әсіресе, жаңашылдығы мен шығармашылығы білім сапасын жақсартуға, балаларымыздың дамуына ықпал еткен педагогтерді қолдауға көңіл бөлу керек» деген болатын.

Шын мәнінде соңғы жылдары еліміздің білім беру ісінде көптеген өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алып, педагог мәртебесі айтарлықтай өсті. Өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде аянбай тер төгіп жүрген педагогтарымыз да заман ағымына сай ізденіс жолына түсіп, өздерін жан-жақты дамыту үстінде. Педагог мәртебесін көтеру жұмыстары қолға алынғаннан бері мұғалімдердің жалақылары өсіп, жүктемелері азайтылып жатыр. Міне, соның арқасында ұстаздарымыз шәкірттеріне сапалы білім беру ісін мықтап қолға алуда. “Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ әлдекімнің азығы” деп заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, өркениетті елдердің көшіне ілесу үшін келер ұрпақ кемел біліммен қарулануы тиіс.
Жаңа оқу жылының басталуына орай Оқушылар сарайының базасында «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Балтабай, “The Ulytau Educational Foundation” қоғамдық қайырымдылық қорының, Ustaz Ulytau жобасының шет тілдер бағытының жетекшісі Шынар Кәкенова, ардагер ұстаздар, білім саласының қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Жылдағыдан өзгеше өткен тамыз кеңесінде қатысушылар үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушыларының өнер, ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды. Көздің жауын алатын түрлі қолөнер туындылары көрген жанға ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Әсіресе, Сәду Шәкіров мектебінің оқушыларының ғылымға ден қойған, зерттеушілік қабілеті бар оқушыларды қамтыған технопаркі көптің көңілін өзіне аударды. Атап айтсақ, аталған мектептің 11 сынып оқушысы Аруна Еркін “Жел энергиясы көздерін тиімді ұйымдастыру”, 10 сынып оқушысы Санжар Асимханов “Жылу энергиясының биологиялық әсері”, 10 сынып оқушысы Амина Ашимбекова “Дыбыс сепараторын құрастыру және оны экологиялық бағытта пайдалану”, 7 сынып оқушысы Әбілмансұр Қали “Менің арманымдағы мектеп”, 9 сынып оқушысы Ақниет Советхан “Түбір астынан санды калькуляторсыз шығару әдістері” жобаларын егжей-тегжейлі таныстырып, Тамыз кеңесіне қатысушылардың назарын өзіне аударды. Көрмені қызықтағаннан кейін жиын қонақтары Оқушылар сарайының ішіне еніп, кең залына жайғасты.
Тамыз кеңесінің күн тәртібіне сәйкес ең алдымен аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Айтмаханұлының ауданның алдағы оқу жылына байланысты жүргізіп жатқан дайындық мәселелері жөніндегі «Цифрландыру жағдайында білім беру сапасын қамтамасыз ету» атты баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар өткен оқу жылындағы аудандағы білім беру саласында атқарылған жұмыстарды жан-жақты талдап, білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылында ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін Төле би атындағы орта мектептің директоры Ардақ Джанғарашеваның «Педагогтердің цифрлы құзыреттілігін қалыптастыру – табысты мектеп кепілі», “The Ulytau Educational Foundation” қоғамдық қайырымдылық қорының, Ustaz Ulytau жобасының шет тілдер бағытының жетекшісі Шынар Қайыпбекқызының «Жамбыл, Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы мектептерде орта білім беру сапасын арттыруға жүйелі көзқарас» атты баяндамалары тыңдалды. Ауқымды жиын барысында аудандағы білім саласындағы жеткен жетістіктер, кеткен кемшіліктер сараланып, жаңа оқу жылындағы мақсат-міндеттер айқындалды.
Тамыз кеңесінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы баяндамасын оқымас бұрын білім беру процесін үздіксіз жүргізіп, балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздарға алғысын білдірді. Сондай-ақ білім беру саласын қолдауда жергілікті атқарушы орган тарапынан атқарылып жатқан істерге тоқталды. Мұнан соң еліміздің тұрақты дамуының кепілі болар ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда басшылыққа алынуы тиіс бірнеше міндеттерді атады. Кештің арнайы қонағы Шынар Қайыпбекқызы да бірқатар мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітіп, тамыз кеңесіне жиналған ұстаздар қауымына ізгі тілегін арнады.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары білім саласының майталмандарына арнайы марапаттарын беріп, сый-сияпат ұсынды. Атап айтсақ, білім саласында елеулі еңбек еткен ардагер ұстаздарға және қазіргі таңда өскелең ұрпаққа білім беру жолында тер төгіп жүрген бірқатар педагогтарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Еңбек ардагері” медалін, “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісін, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, ҚР оқу-ағарту министрлігінің Құрмет дипломын, Алғыс хатын, Қазақстан Республикасы «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық білім басқармасының және аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін, “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін және Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасын иелеріне табыстады. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы да лайықты қызметкерлерді Шу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Салтанатты жиын соңы балалар-жасөспірімдер орталығының әнші жігіттерінің концертіне ұласты. Тамыз кеңесінде жасалған тамаша тартуға ұстаздар қауымы дән риза болысып, бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, әдемі толқында би билеп, естелікке суретке түсіп, құшақ-құшақ гүлдері мен марапаттарын ұстап, тарқасты.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.